Астанадағы ана өлімі Үкімет отырысында сөз болды

256

Астананың №2 перинаталды орталығында босанған ананың өліміне қатысты Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Денсаулық сақтау министрі мен Астана қаласының әкімінен жауап алды.

Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев те қайғылы оқиға бойынша Премьер-Министр алдында жауап берді.

«Барлық жағдайлар бойынша жетекші медициналық орталық мамандарының қатысуымен консилиум өткізілді және барлығы Денсаулық сақтау министрлігімен талқыланып, нақты іс-әрекет жоспары түзілді. Сондай-ақ, тәуелсіз сараптама жүргізу үшін және акушерлік-гинекологиялық көмек үшін Еуропаның мықты деп саналатын мамандарын шақырып отырмыз. Мәселе бақылауда», — деді Әсет Исекешев.

Ал денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов болса істің жәй-жапсары түбегейлі анықталмағанын жеткізді.

«Барлығы шілде айында болғандықтан, патологиялық, анатомиялық, морфологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр, зерттеу жұмыстары біткен соң толық ақпарат береміз. Жалпы қазір Астана қаласындағы амбулаториялық деңгейде әйелдерге қандай қызмет көрсетілгенін тексеріп жатырмыз. Арнайы штаб құрылған. Астана қаласының әкімдігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Мұнда үлкен мәселелер бар деп айтуға болмайды, кей жағдайда барлығы әйелдердің өз денсаулығына байланысты болады. Перинаталдық орталыққа тексеру жұмыстарын жүргіздік. Санитариялық, эпидемиялық режимде бәрі дұрыс. Әрі қарай жұмыс істейміз және қосымша ақпарат береміз», — деп Елжан Біртанов Үкімет отырысында айтты.

Дереккөз:inform.kz

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *