Салғырттық һәм сауатсыз аударма

1023

 

 

Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге оның ресми ісқағаздарда қолданылуы, ресми ведомсвтволардың сайттарындағы ахуалы да әсер етеді. Сол себепті «Тіл сақшысы» айдары министрліктердің сайтына шолу жасауды бастады. 

Қазақ тілінің Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтындағы (mfa.kz) жағдайы анау айтқандай нашар болмаса да, мәз емес. Материалдарды оқып отырып, олардың бірінші орыс тілінде жазылып, кейін қазақшаға аударылғанына көз жеткіздік. Қиынға соқпады. Бірінші «Визалар және консулдық мәселелер» бөліміндегі «Қазақстан Республикасының азаматтары үшін» деген мәтінге көз жүгірттік. «Есепке тұру үшін өтінішті осы сілтеме (тоже гиперссылка на http://mfa.greengo.kz/ru/registration/index) арқылы жібере аласыз» деген ең соңғы сөйлемі мәтіннің алдымен орысша дайындалғанын айдан анық көрсетіп тұр. Айтпақшы, бұл сілтеме дұрыс қойылмаған ба, бет табылмай тұрды.

(1-сурет)
(1-сурет)

«Сыртқы саясат» бөліміндегі ­«Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі» деген мәтіннің де мына бір сөйлеміне назар аударыңыз: «Аумақтық теңіздің сыртқы шекарасы оның шеңберінде жағалаудағы мемлекет барлық егеменді құқықтарды толығымен ие болатын мемлекеттік шекара болып табылуы қажет». Неше қайталап оқысақ та, түсінбей, орысша бетіне өттік. Сөйтсек, бұл «Внешняя граница территориального моря должна являться государственной границей, в пределах которой прибрежное государство будет обладать всей полнотой суверенных прав» деген сөйлемнің аудармасы екен.

(2-сурет)
(2-сурет)

Сайттың «Байланыстар» деген бөлімінде («байланыстар» да – «контакты» сөзінің тікелей аудармасы) «Кезекші дипломат (09-00 – 18-30 дейін жұмыс күндері тәулік бойы, демалыс және мереке күндері)» деген жолға көзіміз түсті. Алғашқыда түсінбей қалдық. Кезекші дипломат жұмыс күндері, демалыста, мереке күндері де таңғы 09.00-ден кешкі 18.00-ге дейін қызмет көрсете ме? Әлде жұмыс күндері тәулік бойы ма? Қысқасы, мұны түсіну үшін де сайттың орысша бетіне өтуге тура келді. «Дежурный дипломат: (в выходные и праздничные дни круглосуточно, в рабочие дни с 18-30 до 09-00)». Түсінікті. Кезекші дипломат демалыс және мереке күндері тәулік бойы, жұмыс күндері кешкі 18.30-дан таңғы 09.00-ге дейін байланыста болады екен. Сауатсыз аударма.

(3-сурет)
(3-сурет)

Министрліктің шетелге шығатындар үшін даярлаған ақпараттарын сүзіп өттік. Пайдалы мәліметтер бар. Бармақ тістейтін тұстары да жоқ емес. «Қазақстан азаматтары үшін жапон визасын алу тәртібімен» танысқымыз келді. Аштық. Алғашында автоматты түрде орысша бетке өтіп кеттік пе деп ойлағанбыз. Олай емес екен. Қазақша бөлім. Тақырып та қазақша. Тек мәтін аударылмаған. Сайттың контент менеджерлері қазақ тіліндегі нұсқасын салуға салғырт қарады ма? Әлде қазақ тілділер Жапонияға бара қоймас деп ойлады ма?..

(4-сурет)
(4-сурет)

Орыс тілінде оқығымыз келмей, Оңтүстік Кореяға виза алу ережелерін аштық. Қазақша бар екен. Мерейіміз өсіп қалды. Бұл мәтін сауатты аудармашының қолына түскен екен дедік. «…Корея ­Республикасында тұратын уақытша мекенжайды және сіз бара жатқан тұлғаның/ұйымның аты-жөнін, атауын және байланыс ақпаратын анық көрсетуді қадала сұраймыз». Тоқтаңыз. «Қадала сұраймыз?». Айтып ауыз жиып үлгермедік. «Настоятельно рекомендуем» деген тіркесті «қадала сұраймыз» деп аударыпты.

 

(5-сурет)
(5-сурет)
(6-сурет)
(6-сурет)

Бәрін сөзбе-сөз аудару керек, әйтеуір. Лексика, синтаксистік құрылым ескерусіз қалған… «Қазақстанға жол шығатындар үшін», «ҚР азаматтарының Біріккен Араб Әмірліктері аумағына», «Төлқұжатқа еңгізілген адамдар», «Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестіктің маңызды құрамдас болігі болып табылады» деген сөйлемдер – соның дәлелі. Сондай-ақ «болып табылады» деген тіркестен көз сүрінеді. Сайттағы қай материал­ды ашсаңыз да сол «является»-нің тікелей аудармасын көресіз.
«Жиі қойылатын сұрақтар» бөліміне өттік. Ешқандай ақпарат жоқ. Бірде-бір қазақ сұрақ қоймай ма, әлде ақпараттың бәрін орыс тілінде алып үйреніп қалдық па? Дәл осы бөлімнің орысша бетінде қойылған сұрақ пен алынған жауап көп.
Шетел азаматтарының елімізге қанша күндік виза алып келе алатынын білмекке «Қазақстанға келуге ниет білдірген шетелдік азаматтар үшін виза таңдау» бөліміне кірдік. Қай елді таңдасақ та, шығарған жауап орыс тілінде болды. Бәлкім, ешбір шетелдік бұл бөлімді қазақ тілінде қарамайтын болар деген оймен, ағылшын тіліндегі бетке өттік. «Баяғы жартас – сол жартас». Құдды Қазақстанға тек орыс тілділер ғана келетін сынды.

(7-сурет)
(7-сурет)

«Шетелге шығатын ҚР азаматтары үшін жадынама» деген бөлімді аштық. «Мақала мынадай тілдерінде ғана қол жетімді: Памятка для граждан РК, выезжающих за границу» деп жазылған. «Шетелге шығатын Қазақстан азаматтары үшін ескертулер» деген бөлімде де сол жағдай. Қазақ тілді қауымға бұл ақпарат қажет емес пе сонда? Әлде олар бәрін біле ме? Кейін шекарада бір жағдай болса, «қазақ сауатсыз», «қазақ жаман» болып шығады. Оларға сауатты һәм қолжетімді ақпарат беріліп отырмағанымен ешкімнің шаруасы жоқ.

(8-сурет)
(8-сурет)

Хош, сонымен, бұл министрліктің сайтындағы ақпарат түгелдей дерлік бірінші орыс тілінде жазылып, кейін қазақшаға аударылады екен. Ал аудармасының сиқы осындай…
Қазақ тілі – қарашығым!
Хат жазыңыздар! Ортақ іске бірге жұмылайық

 

Әсел САРҚЫТ,
« Ана тілі»




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *