Күндіз аққан жұлдыз…

1038

 

Бала кезімізде жазғы демалыста міндетті түрде ауылға баратынбыз. Біздің демалыс  орнымыз да, лагеріміз де ауыл еді. Жазғы айлы түнде далада жатып, әжемізбен бірге аспан әлеміне талай «саяхаттадық». Әр жұлдыздың атын атап, түсін түстеп отыратын, жарықтық… Сондай түндерде аспаннан жұлдыздың аққанын көп көрдік. Ондайда әжеміз «еее, дүние жалған, бір байғұстың жүрегі тоқтады-ау» дейтін. Ол кезде бұл сөздің төркінін түсінбедік. Түбіне бойламадық. Содан бері 20 жылдан астам уақыт өтсе де, аспаннан жұлдыз аққанын көрсем, жүрегім дір ететін…

Ал 19 шілде күні жұлдыздың аққанын тағы көрдім. Бұл жолы түнде емес, күндіз аққан жұлдыз көрдім. Ол Денис Тен еді… Дір ететін жүрек дүрсілдеп кетті. Сенгісі келмеді. Бір ғажайып болып, Денис спортқа оралмаса да, ортаға оралатындай күй кеше бердік. Бірақ ол оралмады. Дәрігерлер оның жанын сақтап қала алмады, өйткені ол бізге қарағанда Құдайға керек болған сияқты. Біз жоқтап жүрген, біз сағынып жүрген Денис кім еді, қандай еді…
Денистің бойынан қарапайым­дылық пен тектілік көрініп-ақ тұратын. Ақсүйек әулеттің ұрпағы адамгершілікті ту етіп, отаншылдық сезімді жоғары бағалайтын. Ақсүйек әулеті дегеніміздің тарихы тереңде жатыр.
Сонау 1897-1910 жылдары Корей империясы өмір сүргені белгілі. ХХ ғасырдың басында жапон елі Кореяға соғыс ашады. Екі ел арасындағы тәуелсіздік үшін талас үлкен соғыс алаңына айналады. Қан төгісіп, жан алысқан сол соғыста корей елінің азаттығы үшін генерал Мин Гын Хо ерлік көрсетіп, Отаны үшін жанын қияды. Бұл батыр біздің Денистің арғы бабасы еді.

«Өмірді шын сүйем. Ата-анамды жақсы көремін. Адамдарды жақсы көремін. Сүйгенді жақсы көремін. Сонымен бөліскім келеді. 
Яғни өзім емес, сомдаған кейіпкерім арқылы бөліссем деймін. 
Жиырма бес жаста әлемге басқаша қарайды екенсің»

Осылайша кескілескен соғыс салдарынан корей халқының бір бөлігі Ресейге қоныс аударса, Кеңес үкіметі оларды Қазақстанға жер аударады. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, тағдырдың айдауымен қазақ жеріне қоныс аударған корейлер қатарында баяғы генерал Миннің ұрпағы да бар деседі. Сол Кореяның тарихи тұлғасы Мин Гын Хоның шөпшегі Денис Тен 1993 жылы 13 маусымда Алматы қаласында туған.
Бойына тектілікті сіңіріп өскен Денистің балалық шағы Алматыда өтті. Бірақ ол бала болып доп қуып, асыр салып ойнамады. Уақытының басым бөлігін мұз айдынында өткізді. Денисті ата-анасы ешқашан беттен қақпаған, еркін өсірген. Сондықтан болар, Денис жаны қалаған нәрсемен айналысты. Шешімді өзі қабылдап үйренді. Ол жастайынан мәнерлеп сырғанаудан басқа, теннис, акробатика, таеквондо, каратэ және жүзумен айналысқан. Тіпті би мен көркемсурет мектептеріне де барған. Музыка мектебінің 5 сыныбын аяқтап, фортепианода ойнап, хор қатарында да ән салды. 2002 жылы 9 жастағы Денис Кореяда өткен хордан халықаралық олимпиадада күміс медаль жеңіп алады. Алайда ол жаны қалаған нәрсенің бәрімен айналысып көріп, ақыр соңында жүрегі қалаған мәнерлеп сырғанауға біржола бет бұрып, спорттық мансабын таңдады. 2003 жылы 10 жастағы фигуристің талабы мен мүмкіндігін байқаған жаттықтырушы Елена Булянова оны Мәскеуде өтетін «Хрустальный конек» турниріне шақырды. Осылайша спорттағы мансабы басталған Денис мұз айдынында өз үйінде жүргендей еркін, құлыншақтай ерке болды.
Арада жеті жыл өткенде 17 жастағы спортшының жолы үлкен арнаға ауысты. Денис Тен америкалық жаттықтырушы Фрэнк Кэроллмен жұмыс істей бастады. Калифорнияға қоныс аударып, Лос-Анджелесте жаттықты.
Денис оқуға да, жаттығуға да ­барын салып, екі жақта үлгеруге тырысты. Және бұл оның қолынан келді. ­Осылайша спортшы 2014 жылы Алматыдағы Спорт және туризм ­академиясын қызыл дипломмен тамамдады. Ол мұнай-газ саласының магистр дәрежесін алуды армандайтын.
Денис Тен 12 жасында ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті. Алайда халықаралық жарыстарда оның жасына байланысты шектеулер болды, рұқсат берілмеді. Арада бір жыл өткеннен кейін Тенге мұз айдынына шығып, жаңа баспалдақтардан өтіп, шыңдарды бағындыруға мүмкіндік берілді. Осылайша Нидерландыға жолдама алып, ол 10-орынды иеленді.
Жеңіске жету оңай болған жоқ. Денис Тен екі маусымда да асқан шеберлігін көрсеткенімен, оған жүлделі орын бұйырмады. Есесіне 2008 жылы Минскіде Гран-При, ­Францияда 4-орын иеленіп, финалға өтуге мүмкіндік алды.
2008 жылы Тен Ресейге барып, ел кубогын жеңіп алды. Сол кезде спортшы ресейлік әріптесі Владимир Успенскийді басып озып, IV кезеңде өнер көрсетті.
2008-2009 жылдардағы маусым ­Денис Тен үшін жеңіс пен марапатқа толы болды. Құрлықтық чемпионатта 9-орын, жасөспірімдер арасындағы әлемдік чемпионатта 4-орыннан көрінді. Лос-Анджелестегі «Стэйплс-орталығында» қазақстандық спортшы мен америкалық әріптесі Эван Лайсачектің ойынын 18 мың көрермен аяққа тік тұрып тамашалаған еді. Сонда 15 жастағы Денис Тен әлем біріншілігінің ең жас қатысушысы болды.
2009 жылы Лос-Анджелесте Әлем кубогының қорытындысы бойынша Денис Тен үздік ондыққа кіріп, Канаданың Ванкувердегі XXI қысқы Олимпиада ойындарына арналған екі жолдаманы ұтып алды. Бұл Қазақстан тарихында алғаш рет болған жетістік еді. Осыдан кейін Денис пен Қазақстанның аты әлемге таныла бас­тады. Қазаққа, қазақстандықтарға мәнерлеп сырғанау спортын танытқан Денистің жанкүйерлері күн санап арта берді.
2010 жылғы ­Олимпиадада ­ерлер арасындағы чемпионатта мәнерлеп сырғанаушы 11-орынды иеленіп, конькидегі олимпиадалық жарыстардың финалына шыққан тұңғыш қазақстандық болды.
2011 жылғы қыста Денис Тен өзінің туған жеріне келді. VII қысқы Азия ойындарына қатысып, алтын медальді жеңіп алды. Сол жылы Хорватиядағы 44-«Алтын коньки» халықаралық турнирінде мәнерлеп сырғанаушы күміс, ал Ыстамбұлдағы ойындарда алтын алды.
2013 жылы Канаданың Әлем ­кубогында ондық ұпайлар рекорд орнатып, ерікті бағдарламада 2 орын алды. Бұл ойында спортшының канадалық әріптесі Патрик Чан жеңіске жеткенімен, Евгений Плющенко мен танымал американдық әріптестері Джонни Вейр және Тодд Элдридж, сондай-ақ жанкүйерлер бас жүлдеге қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Тен лайық деп бағалаған болатын.
Теннің еңбекқорлығы, дарыны мен шеберлігін шыңдауға деген ұмтылысына КСРО-ның еңбек сіңірген бапкері Татьяна Тарасова да тәнті болатын. Осы қасиетінің арқасында Денис 2013 жылы Сочидегі Олимпиадада қола жүлде иеленді. Сол кезде 20 жасар Тенге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атағы берілген. Осы жылы мәнерлеп сырғанауда айды аспанға бір-ақ шығарып, Канаданың Лондон қаласында өткен әлем біріншілігінде күміс жүлдеге қол жеткізген жас дарынымыз Денис Тен елге деген махаббатын ерекше көрсетті. Ол өзіне Ресей мен шет мемлекеттерден болған түрлі ұсыныстарды айта келе, Қазақстанды ешқандай елге айырбастамайтынын ашық айтып, талай мықты ұсыныстардан бас тартқан.
«Жағдайыңды жасаймыз, бізге кел» деп шақырғандары рас. Бірақ біріне де ішім жылымады. Өйткені менің Отаным – Қазақстан! Мен осы елдің нағыз патриотымын! Ат басындай алтын берсе де, Қазақстаннан ешқайда кетпеймін» деген еді біздің ұлан.
«Бұрын әлемдік аренаға енді шығып жүрген кезімде Қазақстанды ешкім білмейтін. «Қазақстаннан келдім» десем, бәрі «ол қай жақта, көрсетші. Картада бар ма?» дейтін. Картаны өзіммен үнемі ұстап жүретінмін. Сұраған адамға картаны ашып, дарқан даламызды көрсетіп, мұндағы байлықтарды мақтанышпен айтып беретінмін. Сол кезде бұл әлем болашақта Қазақстанды сұрамай-ақ білетін болса ғой деп ­армандайтынмын». Бұл қаршадай ғана Денистің қазаққа деген махаббаты еді. Ол өз арманына қол созды және оған жете білді. Осы арманға жету жолында қазақтың ұлттық оюы бейнеленген спорттық киімдерді арнайы киді. Мұз айдынындағы бағдарламасын қазақтың әніне де, күйіне де арнап дайындады. Осылайша жұдырықтай жүрегіндегі алапат сезім мен мөлдір ­махаббат арқасында өзін де, Қазақстанды да әлемге танытты.
Тағы бір сұхбатында Денис бұл жолдың оңай болмағанын айтып еді. Ол Қазақстан туралы айтылған теріс пікірлерге өнерімен «мат» қоя білген шебер ойыншы. Бұл туралы өзі былай деген екен: «Жасөспірімдер арасында бірінші рет гран-при додасын ұтып алған кезім. Бір кезде марапаттау рәсімінде мәнерлеп сырғанаудан әлемге белгілі тұлғалардың бірі сөз сөйледі де, «Дүбірлі доданы ешкімге белгісіз елдің ұланы жеңіп алды» деп қойып қалды. Жылағым келді. Тістеніп тұрып, өз-өзіме кейін Қазақстан туралы ешкім бұлай айтпайтындай дәрежеге жеткіземін деп сөз бердім. Міне, Канадада өткен дүниежүзілік доданың жеңіс тұғырында соның барлығын еске түсіріп, көзіме жас алдым». Бұл 2013 жылы Лондон қаласында өткен әлем біріншілігі күміс жүлдегерінің жан тебірентерлік сөздері. Бұл спортшының жүрегінен шыққан жан сыры. Ол елін шексіз сүйді, туған жеріне өлгенше бас иіп өтті.
21 жастағы спортшы 2014 жылдың ақпанында триумфқа шығып, Сочидегі қысқы Олимпиадада үшінші орынға көтерілді. Бұл қазақстандық спортшы жеңіске жеткен спорттың алғашқы олимпиадасы.
Сол жылдың желтоқсанында ­Денис Загребтегі турнирде бас жүлдеге ие болды. 2015 жылдың басында ол тәлімгерлер мен жанкүйерлерді қуантты: оны ­Сеулде фурор күтіп тұрған еді. Континентальдық чемпионатта спортшы қысқа бағдарламада жеңіске жетіп, бұрынғы жетістіктерін ерікті түрде жақсартты.
Қытайдағы Әлем кубогында Денис Тен чемпиондармен кездесті, ол ерікті бағдарламада үздік болды. Финалда фигурист қоланы қанағат тұтты. Оның Шанхайдағы өнерін жүз мыңдаған көрермен көрді.
2015 жылдың күзінде Милуокидегі Гран-придің алғашқы кезеңіндегі денсаулығына байланысты спортшы Канададағы ойындарға қатыспады. 2016 жылдың басында жарақатына байланысты Континентальдық чемпионатқа қатысудан бас тартты. Маусымның соңына қарай мәнерлеп сырғанаушы американдық жаттықтырушыны ресейлік Николай Морозовтың орнына ауыстырды.
Денис Тенге дейінгі Олимпиаданың маусымы 2016 жылдың қараша ­айында басталды. Спортшы Парижде бұрынғы даңққа қайта оралды: Гран-при кезеңінде өнер көрсетіп, күміс медальмен марапатталды.
2017 жылдың басында ол өзінің жоғары мәртебесін растады және қайтадан жоғары болды: Алматыдағы қыстық Универсиадада қазақстандық жұлдыз үздік болды. 3 апта өткеннен кейін ол Азиада ойындарының ондығына кірді.
2017 жылдың көктемі Денис Тенге тамаша сыйлық әкелді: мәнерлеп сырғанаушы Финляндияда өткен әлем кубогының екінші ондығына кіріп, біліктілігін жоғарылатты және оңтүстіккореялық Пхенхонг қаласында өтетін Олимпиада ойындарына қатысу құқығын алды.
2018 жылы мәнерлеп сырғанаушы Пхенчхан қаласына аттанды. Қысқа бағдарламадан кейін Денис 27-орынға ие болды.
Оңтүстік Кореядағы олимпиадалық жарыстар спортшыға қиын болды. Ол жарақаттардың себебінен олимпиада алдындағы маусымның бірнеше кезеңін өткізіп алды. Денис Тен Корея клиникасында қалпына келіп, денсаулығын түзеді.
Денис Тен спорт жұлдызы ғана емес, сонымен қатар өте ­тартымды жігіт болды. Жапондық «Навер ­Матом» журналының жазуынша, ол ең әдемі фигуристтердің тізіміне кіріп, 9-орынға ие болған.
Жұлдыздың жеке өмірі сырт көзден қорғалып, үнемі құпия сақталды. Алайда, ол Ванкуверде өткен Олимпиадада жеңімпаз атанған Оңтүстік Кореяның спортшысы Ю На Киммен кездеседі деген қауесет тарап үлгерген еді. Олар Сочиде спортшылар демонстрациялық ­ойындарда бірге жүрген. Осыған ­байланысты «Instagram» желісінде ­Денис пен бойжеткеннің арасындағы романтикалық байланыс туралы қауесеттер тудыратын ортақ фото ­пайда болды. Және ол көпшіліктің қызу талқысына түскен болатын.
Денис Тен жанкүйерлер мен журна­лис­тердің сұрақтарына жауап берді. Ол Ю На Киммен көп жылдан бері таныс екенін, ол аңызға айналған спортшы және мәнерлеп сырғанаудағы ең сүйікті спортшысы екенін айтып, бірақ оларды достық қана байланыстыратынын айтқан болатын.
Денис бос уақытында суретке түсірумен әуестенді. Оның шығарма­шылық жұмыстары әлеуметтік желінің жеке парағында қойылған. Денистің фотосессиясының модельдері арасында Қазақстанның актрисалары мен спортшылары да бар.
Еліміздің көгінде құйрықты жұлдыз­дай жарқ етіп өте шыққан Олимпиада ойындарының қола жүлдегерінің арманы көп еді.
«Биыл Астана жиырма жылдығын тойлап жатыр, біз құрдаспыз, мен де биыл мұз айдынындағы 20 жылды­ғымды атап өтемін» деген еді Денис. Бұл арманын Астанада 9 маусымда «Барыс Арена» мұз айдынында өткен «Денис және достары» атты кешінде айтқан болатын.
Денис шығармашылық бастауы мен қабілетінің арқасында Қазақстанға әлемге әйгілі спортшыларды шақырып, жоғары деңгейде мәнерлеп сырғанау шоуын ұйымдастыра білді. Денистің Алматы мен Астанада өткен әр кешінде ине шаншар орын болмайтын.
«Шағын шоу-бағдарлама әзірлеп, Қазақстанның бүкіл тұрғындарына көрсетуді армандаймын. Барша қазақстандық мәнерлеп сырғанаудың көркемдігін тамашаласа деймін» деген еді.
Астананың жиырма жылдығына арналған «Денис және достары» атты соңғы шоуында Тен мұз айдынының басты жұлдызы ғана емес, қоюшы режиссері, музыкалық компо­зицияның авторы әрі видеографы болды.
Ол небәрі 25 жас 36 күн ғұмыр кешті. Қапыда қаза болды…
«Өмірді шын сүйем. Ата-анамды жақсы көремін. Адамдарды жақсы көремін. Сүйгенді жақсы көремін. Сонымен бөліскім келеді. Яғни өзім емес, сомдаған кейіпкерім арқылы бөліссем деймін. Жиырма бес жаста әлемге басқаша қарайды екенсің» деп жазды ол соңғы туған күнінде.
Өмірді осынша сүйген адамның тағдыры көліктің бір айнасы үшін ерте үзілгені қандай өкінішті…
Қош… Кеш… Денис…

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
«Ана тілі»




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *