Жаңғырудың шыңы – «толық адам»

159

Абай рухани жаңғырудың жолын толық берген. Рухани жаңғыру дегеніміз – тән құмарын жан құмарына жеңдіру жолы. Бұл жолда сана-сезім түрлі өзгерістерге түседі.

Адам болмысы тәрізді өмірдің де рухани және заттық тұрғысы бар. Рухани жаңғыру – осы екі ­болмысты біріктіру жолы. Бұл жол заттық тұрғыдан басталып, Түп Иеге қайтумен аяқталады. Абай Түп Иеге қайту – адам өмірінің негізгі мақсаты деп көрсетеді, «Өзге мақсат ақылға тола ма екен?!» дейді. Осылай рухани жаңғырудың мақсаты да, оның негізі де рухани деңгеймен аяқталады. Егер оған моральдық-этикалық деңгейден асырмай, тек қана материалдық тұрғыдан келетін болсақ, онда рухани жаңғырудың негізгі мақсатына жете алмаймыз.
Данышпан Абай рухани жаңғыру барысындағы сана-сезім деңгейлерін толығымен берген. Адам өмірі осы деңгейлерге байланысты.
Рухани жетілу қарын тойдырудан басталады. Сана-сезімді тән басқарады. Бұл – барлық жан иелеріне, оның ішінде хайуанат әлеміне де ортақ деңгей. Қарны ­тойып, көңілі көншімеген жан одан жоғарыны ­ойлай ­алмайды. Тән құмары оны толық басқарған. Бұл деңгейдегілерді Абай «жарым адам» деп атайды.
Тән құмарын қанағаттандыру үшін әуелі өмірді реттеу керек. Өмірге келген соң әркім әке, ана, бала, дос-жора, азамат болу тәрiздi бұл өмірде түрлi рөл атқарады, түрлi мiндеттері болады. Қоғам өмірінің үйлесімділігі әркімнің өзінің осы мiндеттерiн дұрыс орындауларына байланысты. Яғни табиғатынан берiлген осындай мiндеттерін дұрыс орындайтындай иманды болып, сана-сезімді бір қалыпқа келтіру керек. Қоғам дұрысталса, адамның тұрмыстық қажеттері де қамтамасыз етіліп, қарын тояды. Абай адамның санасын бұл деңгейге көтеру үшiн «иманды бол», «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деп түрлі тәртiптер береді.
Дұрыс тәртіппен өмір тұрақты жолға түскен соң тұрмыс жақсарып, дәулет келеді. Бұл – екінші деңгей және табиғи құбылыс. Бұл деңгейдегілерге Абай «Еңбек ет, мал тап… Еңбек етсең ерiнбей – тояды қарның тiленбей» дейді. Қарын тойған соң адам енді өмір қызығын көргісі келеді. Осылай ол өмірді бұрынғыдай тамақ арқылы ғана емес, енді ой-өрісі арқылы да қабылдай бастайды. Ол барлығына қызығып, білуге ұмтылып, қоршаған ортасымен тығыз байланысқа түседі. Бұл үшінші деңгейдегілерді Абай «адам» деп атайды. Өмірдің негізгі қызығы қарым-қатынаста. Сондықтан Абай «Бiрiңдi, қазақ, бiрiң дос көрмесең, iстiң бәрi – бос» деп адамдарды бiрлiкке шақырады. Осылай сана өсіп, кеңейіп, ой-өріс деңгейіне көтеріледі. Қоршаған табиғатқа қызығушылық өсіп, білімге ұмтылып, адам ой-өрісін кеңейте береді. Адам «Адамзаттың бәрiн сүй бауы­рым деп» деген данышпан Абай көрсеткен гуманизмнің шыңына көтеріледі.

Адам бұл өмірдің барлық қызығын көріп, имандылығы өсіп белгiлi бiр дәрежеге жеткенде оны фәни өмірдiң қызығы жалықтыра бастайды. Бұл өмірдің жалғандығын сезініп, бұдан да жоғары ләззат барын түсіне бастайды. Ол рухани жетілудің келесі деңгейіне – рухани деңгейге көтеріледі. Ондай адам барлық жағынан да кемел, толық. Сондықтан Абай ондай адамды «толық адам» деп атайды.
«Толық адам» – рухани жаңғырудың шыңы. «Адамның» рухани және заттық болмысы толық жетілгенде ол «толық адам» болады. Бүкіл болмыс жан иелерін жетілдіруге арналғандықтан, сопы ілімінде «толық адам» бүкіл болмыс нәтижесі деп саналады. Ол Жаратушы мен жаратқандарды байланыстырушы. Жаратушы жер бетіне Өзінің шапағатын «Толық адам» арқылы жеткізеді. Қарапайым адам оған көтеріле алмайды. Бұл жол – Түп Иеге қайтудың тура жолы. Бірақ бұл жолға рухани дәрежесі жеткендер ғана түсулері керек. «Бірақ бұл жол — бек шетін, бек нәзік жол» деп Абай бұл жолдың көпшіліктің қолы емес екенін ескертеді.
Рухани жаңғырудың бұл сатысын Абай «кәміл мұсылман», «хакім», «әулие», «пайғамдар» деп төртке бөледі. Бұлар – Абай көрсеткен «Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәттi» қағидасын қабылдап, Түп Иеге қайту жолына толық түскендер.
Кәміл мұсылман Құдайға толық беріліп, имандылық жолына түседі. Исламда сопы ілімі бойынша бұл деңгейді «Шариғат» деп атайды. Ол енді көңiлiн iшкi дүниесiне аударып, Шәкәрім сөзімен айтқанда, «Мен кiммiн?», «Қайдан келдім?», «Өлген соң қайда барам?» деген сұрақтардың жауабын іздейді. Бұларға Абай «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас», «Ақыл мен жан – «мен өзiм», тән – «менiкi», «мен» мен «менiкiнiң» мағынасы екi», «мен» өлмекке тағдыр жоқ, «менікі» өлсе өлсін, оған бекі» тәрізді ғибрат айтып, рухани білім береді. Кәміл мұсылман – рухани білім алып, ізденіс жолына түскен адам. Рухани білім дегеніміз – заттық және рухани әлемді қамтитын толық білім.
Кәміл мұсылман енді алған білімін іске асыру жолына түседі. Осылай ­Алланы біліп қана қоймай, Оны сезінуге ұмтылып, «Тарихат» деңгейіне өтеді. Бұлар – хакімдер. Хакім деңгейінде рухани білім ақпарат қана емес, адамның сезіміне айналады. Ол «Адамның хикмет кеудесi» деп Абай көрсеткен дәрежеге көтеріліп, рухани болмыстың аңқыған иісін сезе бастайды. Бұл – «Мағрифат» деп аталатын аралық деңгей. Бұлар – Алла тағаланы толық сезінбесе де, оның Нұрын қабылдай бастағандар.
Әулие – рухани жаңғырудың шыңына жеткен адам. Одан жоғары рухани деңгей болуы мүмкін емес. Бұл деңгейде шыбын жан Ғазиз Жанмен тоғысып, бірігеді. Олар – фәни әлемнің ықпалынан толық шығып, Абай көрсеткен өмірдің негізгі мақсатына Түп Иеге қайтқандар. Олар сананың толық ләззатына жеткендер. Әулиелердің түсінік-сезімдерін, көркем қасиеттерін айтып жеткізу өте қиын. Сөз рухани болмысты суреттей алмайды. Ондай биік ләззатты сипаттауға фәни өмірдiң тiлi жетпейдi. Бұл туралы Абай: «Тағрипқа тілім қысқа аһ!» дейді.
Руми әулиелердi перiштелермен салыстырып, оларды рухани қуаттың ықпалында жүретiн және барлық қызғаныштан, құмарлықтан арылғандар деп есептейдi. Олар – тек қана рухани дүниенiң қақпасына ұмтылушылар, Хақиқаттың нұрына бөленiп, Оның бейнесiне құмарланып, түбiнде Абсолютпен толық бiрiгуге белiн буғандар.
Пайғамбарлар – жоғары әлемнен арнайы мақсатпен жiберiлген жандар. Оларды қарапайым адам деп ойлаудың өзi үлкен күнә. Олар жер бетiнде қарапайым адам ретiнде өмірге келiп, өсiп-жетiлуi мүмкiн. Бiрақ олардың негiзгi мақсаты басқа, ол кейiннен бiлiнедi. Бұл деңгейге рухани жаңғыру арқылы көтерілу мүмкін емес. Пайғамбарлық тек қана Алла тағаланың құзырында. Ол – Алла тағаланың жіберген елшісі.
Хакім Абай осылай рухани жаңғыру жолын толық берген. Оны дұрыс түсініп, пайдалана білу – қай заманда болса да біздің мақсатымыз, әрі міндетіміз болып табылады.

Досым ОМАРОВ,
философ, абайтанушы




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *