Атырауда жалдамалы тұрғын үйдің «көлеңкелі» нарығының проблемалары талқыланды

469

Бүгін, 25 шілдеде Атырау облыстық Қоғамдық кеңесінің отырысы өткізіліп, онда тұрғын үйді жалға берудің проблемалық мәселесі қаралды. Кәсіпкерлік қызметтің бұл саласы толық заңды, алайда кәсіпкерлердің көпшілігі салық төлемей, осы саланың төңірегінде қылмыс тудырып, мұны жасырын жасауға тырысады. Сонымен қатар көші-қон және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды.
Облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешовтың айтуынша Атырау мен Құлсарыда жалдамалы тұрғын үй нарығына талдау жүргізілді. Ресми түрде екі қалада тұрғын үйді жалға берумен айналысатын 240 заңды тұлға және 700 жеке кәсіпкер тіркелген.
— Бұл кәсіпкерліктің осы түрімен айналысатын адамдардың бір бөлігі ғана. Көпшілігі мұны заңсыз жасайды. Негізгі бөлігі Атырау мен Құлсарыда. Бұл облыстың екі ірі елді мекенінде ірі кәсіпорындар мен шетелдік компаниялардың орналасуымен байланысты. Мұнда негізінен мигранттар келеді, — деді Мұрат Өтешов. – Атырауда жүргізілген талдау жалға берілетін 600-ден астам пәтерді анықтады, алайда оларды ешкім есепке алмаған. Бұл салықтардың түсуін азайтады, оларда кімнің тұратының ешкім білмейді.
Сонымен бірге жеке сектор толықтай «көлеңкеде» екені баса айтылды. Жеке үйлерде «уақытша баспаналар» қанша және кімге жалға беріледі? Мұндай ақпаратты мемлекеттік кірістер департаментінде де, полицияда да бермейді. Жылжымайтын мүлік нарығын шолу мемлекеттік бағдарлама бойынша алынған көптеген үйлерде пәтер иелерінің өздері емес, тұрғын үйді жалға беріп табыс тауып отырған олардың туысқандары тұратынын көрсетті. Бүгінгі күні Атырау мен Құлсарыда тұрғын үй алу кезегінде 21,6 мың адам, жер учаскесін алу кезегінде 80 мың адам тұр.
— Олардың барлығы шын мәнінде тұрғын үйге мұқтаж деп айта алмаймын. Бұл жерде заңда өзгерістің қажеттілігін атап өту қажет. Атап айтқанда, тұрған кезде уақытша тіркеу туралы. Көпшілігі әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің осы нормасын елемейді. Мұндай құқықбұзушылық үшін 14 млн. теңге сомасына айыппұлдар салынды, алайда жағдай өзгермей тұр. Құқықбұзушылық әлі де орын алуда, — деп түсіндірді Мұрат Өтешов.
Атырау қаласы мен Жылыой ауданының әкімдері заңсыз жалға берушілерді анықтау бойынша жүргізілген жұмыстарға назар аудартып, Қоғамдық кеңес төрағасының баяндамасын толықтырды.
Есептерді тыңдап, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев орын алған проблема туралы өз ойын білдірді.
— Біз бұл мәселені бірлесіп шешуге тиіспіз. Бірлескен жұмыс тетігін әзірлеу қажет. Бірінші кезекте, бұл мемлекеттік кірістер департаментінің, полицияның, ПИК, жергілікті атқарушы органдардың қызметіне қатысты. Бұл мәселені шешуге жұртшылықты тарту қажет, — деді Нұрлан Ноғаев.
Атырау облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ерлан Жанбаевтың мәліметі бойынша өңір бойынша бүгінгі күнге тұрғын үйді жалға берумен айналысатын 3437 заңды және жеке тұлға тіркелген.
— Жылдың басынан бері кәсіпкерлік қызметтің осы түрімен айналысатын 311 адам есепке тұрды. Олардың есебінен бюджет 1,9 млрд. теңгеге толықты. ІІД, әкімдіктермен бірлесіп тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен түрлі проблемалар бар, соның ішінде заңнамалық актілерде, — деп атап көрсетті Ерлан Жанбаев.
Егер адам осы қызмет түрінен жылына 390 мың теңгеден аспайтын пайда тапса, онда ол мемлекеттік кірістер органдарында тіркелмеуіне болады. Сонымен қатар мемлекеттік кірістер және полиция органдарының қызметкерлері мигранттар жұмыс жасап, тұратын кәсіпкерлік объектілері – кафе, мейрамханаларға тексеру жүргізе алмайды. Атырау облыстық ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының м.а. Мұрат Демегенов өңір бойынша жағдай туралы баяндай келіп, адал емес жалға берушілер үшін айыппұл санкцияларын көтеру туралы пікір білдірді.
— Кезінде біз қоғамдық тәртіпті бұзушылар – шылым шегушілерге, мас күйдегі адамдарға ұсталған жерінде айыппұл салу жөнінде ҚР ӘҚБтК-ке өзгерістер ұсынған болатынбыз. Бұл адамдардың қоғамдық орындарда бұзушылықтарды азайтуына әкелді. Мен мұндай шараны жалға берушілерге қолданса, жағдай басқаша болады деп есептеймін. Пәтерін жалға беретін адамдарға бұзушылық үшін айыппұл төлегеннен, мемлекеттік кірістер департаментінде тіркеліп, ресми түрде салық төлеген тиімді, — деп баса айтты Мұрат Демегенов. – Осылайша пәтер жалдаушымен шарт жасалып, уәкілетті органдар жалдамалы пәтерлерде тұратын адамдар туралы білетін болады.
Қоғамдық кеңестің отырысын аяқтай келе, облыс әкімі облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиеваның басшылығымен жұмыс тобын құру туралы тапсырма берді. Жұмыс тобы құрамына барлық мүдделі құрылымдар – мемлекеттік кірістер департаменті, ІІД, әділет, кәсіпкерлер палатасы, ПИК өкілдері кіруі тиіс.
— Бұл мәселені шешу қолымыздан келеді. Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы жыл басынан бері кәсіпкерліктің осы түрімен айналысатын жаңа жеке және заңды тұлғалардың тіркелгенін айтты. Демек, жүргізілген жұмыстар нәтижесін беруде. Сөз сөйлеушілер айтып өткендей, адамдарға заңсыз қызметі үшін үлкен айыппұл төлегеннен, ресми жұмыс жасаған тиімді. Бұл адамдарға жұмыс жасап, табыс табуға, ал уәкілетті органдарға азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық ақпаратты иеленуге мүмкіндік береді, — деп қорытындылады Нұрлан Ноғаев.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *