«Хайп» немесе арзан атақ кімге керек?

533

Қазіргі жастардың жасағаны «хайп», жинағаны лайк. Арзан атаққа тура апарар жол деп, «хайп» жасауға құмар-ақ. Жұрт сынай қалса, «қара пиар да пиар» дегенді алға тартады. Осылайша, тез танылу үшін «хайп» жасаушылар әлеуметтік желіге әдепке сәйкес келмейтін суреттерін жүктеп қана қоймай, түрлі образдар ойлап тауып, желіні шулатып жатады. Интернет пен әлеуметтік желілердің дамуы қоғамда «фейк», «хайп» секілді көптеген жаңа ұғымдардың қалыптасуына алып келді. Соның ішінде «хайп» деп отырғанымыз жалған атақ қуып, пиар немесе өзін-өзі жарнамалауда алдына жан салмайтын жандарға арналған жаңа неологизм.

Жалпы «хайп» дегеніміз не? Біздің қоғам оны дұрыс қолданып жүр ме?
«Хайп» сөзі ағылшынша «High Yield Investment Program» деген бірнеше сөздің қысқарған түрі, «табысты, пайдалы инвестициялық жоба» деген мағына береді. «Хайптың» тарихы ХХ ғасырда АҚШ-тан бастау алған. Американдық медиамаман Дуглас Рашкоффтың жазуынша, мұның түпкі мағынасы тері астындағы ине дегенді білдіреді. Яғни 1920 жылдары бұл сөз есірткіге тәуелділерге қатысты қолданылған. Яғни бүгінгі тілмен айтқанда тәуелділік дегенге келеді. Бұл рас. Әлемде «хайпқа» тәуелділердің саны артты. Мұның соңы арзан атаққа құмарлар «хайпты» басқаша өрбітті. Осылайша, әлемді шарлаған «хайп» біздің елде соңғы бірнеше жылдан бері ғана танымалдылық пен сұранысқа ие болды. Бүгінде «хайп» жасау заман трендіндегі сәннен қалмау ретінде қолданылып жүр. Яғни бұл сөзді көпшілік түпкі төркінінен гөрі шу шығару, таңғалдыру, алдап арбау арқылы өзіне жарнама жасау деп түсініп алған. Және солай қолданып жүр.
Әлеуметтік желілерді ашсаңыз да, теледидарды қоссаңыз да «хайп» жасап жатқан бір «жұлдыз». Қазір өнер адамдары ғана емес, қарапайым жастар да «хайпқұмар» болып алды. Бірде қоғамдық көлікте бозбала мен бойжеткеннің «хайпқа» құрған жоспарларын құлағымыз шалып еді. «Осы туралы видео түсірейік, көресің «хайп» болады. Мыңдаған лайк жинаймыз, «подписчиктеріміз» де артады» деген әңгімелерін автобус ішінде сыбырсыз, жария етіп-ақ талқылап отыр екен.
Біздің қоғамда хайыпсыз танылу мүмкін емес деген түсінік қалыптасып үлгеріпті. Әншілер де, вайнерлер де, жастар да, қарапайым желі қолданушылар да «хайп» жасауға қарсы емес.
Психолог Майра Алпысқызы мұның алдын алмаса, ертең айықпас ауруға айналуы мүмкін дейді. Себебі жастарға ғана емес, бүкіл қоғамға қауіп төндіріп тұрғаны рас. «Адам өзін-өзі көрсетуі үшін, өзін жоғары бағалап, жұрттың назарына ілігуді қалауы әдетке айналады. Яғни оны қайталамаса, жұрт назары жетіспегеннен өзін өзгеден кем санай бастайды. Ал осындай дәрежеге жетпес үшін олар әркез «хайп» жасауға, ел назарын өзіне аударуға тырысумен жүреді. Бұл кәдімгі ауру. Мұның жалғыз емі интернет пен ел ­назарынан тыс та өмір барын сезіну» дейді Майра Алпысқызы. Оның ­айтуынша, арзан атақ арқылы тез танылғанымен, желіге желімделген жастардың «хайпынан» қайыр жоқ. Себебі ұлттың ұлылығын емес, желінің жеңіл дүниелерін насихаттайтын мұндай әрекеттер өскелең ұрпақтың да санасын улайды.
«Хайп» жасайтындар жұрттың назарын өзіне аударуға құштар. Алайда келер ұрпақтың алдында, ар-намыстың жолында бұл әрекеттерің жауабын беру оңайға соқпасы анық.

                                                                                           Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *