«Алтынемел» деректі фильмі Қытайда жүлдеге ие болды

1134

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған «Алтынемел» деректі фильмі ҚХР-ның Тайчжоу қаласында өткен Кино және туризм саласындағы азиялық өнер апталығында «Шетелдің үздік деректі фильмі» жүлдесімен марапатталды.

Алтынемел мемлекеттік ұлттық саябағының бай табиғаты туралы баяндайтын деректі фильмнің авторы танымал фотограф-натуралист Олег Белялов.

Айта кетсек, «Алтынемел» деректі фильмі режиссердің алғашқы жұмысы. Сондай-ақ Олег Белялов бұл картинаның сценарий авторы және қоюшы операторы.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр қараша айында «Қазақфильм» киностудиясы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қорымен бірлесіп, Қазақ деректі киносының күндері аясында «Алтынемел» деректі фильмнің көрсетілімі өткен болатын.

Кино және туризм саласындағы азиялық өнер апталығының ұйымдастырушылары: Қытайдың телевизиялық суретшілер қауымдастығы, Чжэцзян баспа, радио, кино және телевизия әкімшілігі және Тайчжоу үкіметі. Мәдени іс-шара Азия елдерінде туризмнің және кинематография саласының дамуына бағытталған. Биыл аталған шараға Франция, Ресей, Қазақстан және Жапония сынды 23 мемлекеттерден мыңнан астам кино және телебағдарламалар қатысқан.

«Алтынемел»

Алтынемел ұлттық табиғи саябағының ерекшелігі неде? Құрылғалы бері 20 жылдың ішінде не өзгерді? Туристер бұл аймаққа нені көру үшін баруы тиіс? Табиғаты бай Алтынемел саябағын заманауи техниканың көмегімен түсірілген әдемі фильмді тамашалай аласыз.

Алтынемел — Жетісу Алатауының оңтүстік сілемдерінің арасында орналасқан ұлттық табиғи саябақ. Жер көлемі — 520 мың гектар. Саябақ аумағында туристерді қатты қызықтыратын бірегей табиғи құрылымдар және байырғы тарих ескерткіштері орналасқан. Шатқалдарында ежелгі адамдардың тасқа қашап салған суреттерін көруге болады. Қапшағай мемлекеттік аңшылық шаруашылығы негізінде 1996 жылы құрылды.

Режиссер туралы анықтама:

Олег Белялов 1960 жылы 23 тамызда  Алма-Ата қаласында дүниеге келген. Алғашқы фотосуреттерін 1970 жылы «Смена-7» фотоаппаратымен түсірген. Сол жылдары жабайы табиғатты, құстарды түсіруге әуестене бастады. 1984-1987 жылдар  аралығында «Қазақфильм» киностудиясында оператордың көмекшісі ретінде жұмыс атқарды. Сондай-ақ көптеген зоологиялық экспедицияларға, Қазақстан табиғаты туралы фильмдердің және фотоальбомдардың жасалуына белсене қатысты.

Анықтама: Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ – Көркем, деректі, анимациялық кино өндірісі мен өндірістен кейінгі кезеңде тұрған өнімдермен (оның ішінде монтаждау, дыбыстау, т.б.) айналысатын Қазақстандағы негізгі кинокомпания. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының тарихы 1934 жылдан бастау алады, дәл осы жылы Алматы кинохроника студиясы құрылды, ал 1941 жылы Алматы көркем фильмдер студиясы деп өзгертіліп, киностудияның өндірістік негізі барынша нығая түсті. 1941 жылы 15 қарашада Алматы киностудиясы Қазақстанға эвакуацияланған «Мосфильм және «Ленфильм» киностудияларымен бірлесіп,  Бірлескен Орталық киностудия болып қайта құрылып, Алматыда 1944 жылғы дейін жұмыс істеді. Соғыс жылдары кезеңінде отандық көркем фильмдердің 80 пайызын аталмыш Орталық киностудия шығарды. 1960 жылы «Қазақфильм» атауына ие болды. 1984 жылы киностудияға ұлттық кинематогрфияның көрнекті қайраткері Шәкен Аймановтың есімі берілді.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *