«Баян керек болса, «Коровасының» жалғасын түсірсін»

1936

«Махаббат бекеті» фильмінің режиссері Талғат Теменов осы кинотуындының  басты кейіпкері болған Баян Мақсатқызына ашулы көрінеді. Сөйтсе әйгілі продюсер Талғат Теменовке бір ауыз ескертпестен «Тағдыр бекеті» атты фильм түсіруге әлдеқашан кіріскені белгілі болды. Режиссердің айтуынша, бұл «Махаббат бекеті» фильмінің жалғасы болса керек. Режиссер мен продюсердің арасында болған даулы іс жайлы  үзік сыр abai.kz порталында жарияланды.

Талғат Теменов, режиссер:

«Махаббат бекеті» ол — менің фильмім. Оны мен айтпасам да, көзіқарақты жұрт жақсы біледі. Тіпті, керек десеңіз, мен «Махаббат бекеті» фильмінің режиссері, сценарий авторы ғана емес, повесттің де авторымын. Ол фильм менің повестімнің желісінде түсірілді ғой.

Сексенінші жылдардың басында «Гүлнәз» деген повестім «Жалын» журналына шықты.

Тұтқабай Иманбеков деген сыншының «Талғаттың гүлі мен назы» деген алғысөзімен жарияланды. Бұл повесть проза жанрындағы халықтың ықыласына ие болған шығарма еді. Кейін кино түсіру туралы ой келді. Себебі, Сергей Герасимов «Молодая гвардия» деген киносы арқылы өзінің барлық студенттерін жарыққа шығарды, елге танытты. Нона Мордюкова, Вячеслав Тихонов бастаған жас актерлар екінші курс оқып жүргенде-ақ, осылайша жарқ ете қалды. «Болмасаң да, ұқсап бақ» деген, мен де «студенттерім кино әлемін үйренсін» деген мақсатпен, кино түсіруді қолға алдым. Басты рөлді сомдаған Баян сол кезде бірінші курсты аяқтаған студентім болатын. «Қазақфильмде» бұған дейін де, кейін де қанша кино түсірілді. Бірақ, дәл «Махаббат бекетіндей» жүректерге жол тапқаны болмаған.

Бұған дейін «Мосфильм» қабырғасында «Адамдар арасындағы бөлтірік» атты фильм түсірдім. Бірақ, ел есінде екінші фильм көбірек қалды. Себебі, ол мәдениетімізге, мінез-құлқымызға тән кино болды. Гүлназдың образы қазақ қыздарының символына айналды. Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» повесінен соң қазақ-қырғыз арасында Әсел деген ат көбейсе, «Махаббат бекетінен» кейін Гүлназдар өмірге келді. Қазір олардың барлығы – жастары жиырмадан асқан арулар.

Бұл не масқара? Менің көзім тірі. Мен соның жалғасын түсіре алмай жүргендіктен түсірмей жүргем жоқ.

Маған осыған дейін де жұрттар хабарласып, неге «Махаббат бекетінің» жалғасын түсірмейсіз деп сұрады. Төлеген ақынның өлеңі бар ғой. «Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты, мен өлемін өзімнің биігімде» дейді. Сол сияқты бұл шығарма өз биігінде қалуы керек.

Әлгі фильмнің синопсисін жіберген. Сценариін жазған адам қалай ұялмады? Тірі адамның шығармасын қайта жазып шығуға қалай қолы барды? Не режиссері, не сценаристі, не продюсері хабарласқан жоқ. Хабарласса да мен қарсы болар едім.

Өзіңіз ойлап қараңызшы, егер Ресейде Михалковтың шығармасын біреулер қайталап түсіріп жатса, қандай шу болар еді?..

Менің 10-нан аса фильмім бар. Кемінде 5 басты рөлді сомдаған адам бар. Ертең солардың әрқайсысы менің фильмімді жалғасын түсіріп жатса не болғаны? Менің театрда 15-20 шақты спектакльім бар. Ертең сол спектакльдерді басқа режиссер келіп, қайталап қойып жатса ше? Бұлай болмайды.

Бұл — ұрлық. Интеллектуалды ұрлық. Мен — авторымын. Менің шығармама менің рұқсатымсыз неге тиседі?

Өздерінің де фильмдері бар ғой. Керек болса, Баян «Коровасының» жалғасын түсірсін.

Былтыр тағы осы әңгіме сөз болды. Сценарийін тіпті көрсеткен де жоқ. Мен бірден бас тарттым. «Болмайды» дедім. Сөйтсем, Баян бұл іске шындап кіріскен секілді, менің рұқсатымсыз, маған бір ауыз айтпай әлгіндей дүние жасап жатыр екен.

Иә, «Қазақфильм» пленканың иесі шығар. Бірақ, мен фильмнің режиссері ғана емеспін, мен сценарий авторымын. Мен повесттің авторымын. Менен рұқсат сұраған да жоқ. Маған ешкім келіп, «осындай фильм түсіріп жатыр едік. Сценарийіне көмектессеңіз» деп те айтқан жоқ.

Ал аты шулы продюсер Баян Мақсатқызы алған бетінен қайтпайтын сыңайлы. Ол тіпті Талғат Теменовке өкпесін артып, ренішін білдірді.

Баян Мақсатқызы, продюсер:

— Мен «Махаббат бекетінің» жалғасын түсіріп жатқан жоқпын. Бұл мүлде бөлек шығарма. Мүлде бөлек авторлар. Мүлде бөлек оқиға желісі. Менің түсіріп жатқан фильмім – «Тағдыр бекеті» деп аталады. Фильм түсіруге құқығым бар ғой.

Талғат Теменовтің повестінен ештеңе ұрлаған жоқпыз. Оқиға желісі мүлде ұқсас емес. Керек десеңіз, Талғат Досымғалиевичтің фильміне, оның сценарийіне еш қатысымыз жоқ.

Ал мен өз фильмімде кімдерді, қандай актерлерді ойнатамын, оны өзім шешемін. Ол менің жеке шаруам ғой.

Иә, кейіпкерлерімнің аты Гүлназ бен Орал. Гүлназ бен Орал деген – халықтық есімге айналып кеткен.

Біз ешқандай авторлық құқықты бұзған жоқпыз. Иә, фильмде «Махаббат бекетінің» музыкасын пайдаланбақпыз. Ол үшін музыка авторы Төлеген Мұхамежанов ағамыздан рұқсат алдым.

Ал «Махаббат бекеті» фильмінің кейбір кадрларын пайдалану деген мәселеге келсек, Нұргелді, бұл фильмнің авторлық құқығы «Қазақфильмге» тиесілі. Талғат Досымғалиевич осыдан 25 жыл бұрын, авторлықты «Қазақфильмге» өткізіп берген.

Ал қазір авторлық меншік ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне тиесілі. Менде вице-министрдің қолы қойылған рұқсат қағазы бар. Сондықтан, мен авторлық құқықты бұзды дегенмен келіспеймін.

Рас, Талғат Досымғалиевичпен байланыс орнатпақ болдық. Телефонын өшіріп тастаған. Байланыс орната алмадық. Ол кісімен тікелей сөйлескен жоқпыз. Әйтпесе, адам секілді алдынан өтпек едім. Өзі қалаған жоқ.

Ал енді, фильмнің сценарийін оқып алмай жатып, «менікін ұрлады» деген ұят әңгіме.

Ол кісінің фильмі – «Махаббат бекеті» деп аталса, менікі – «Тағдыр бекеті» деп аталады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *