ЕВРОВИДЕНИЕ 2018 байқауының балалар арасындағы іріктеуі басталды

831

2018 жылғы 1 тамыздан бастап «Хабар» агенттігі «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық ән байқауына қатысу үшін үміткерлердің республикалық іріктеуін бастайды. Өтінімдерді қабылдау www.khabar.kz сайтында 2018 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады. Бұл туралы «Хабар» агенттігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қатысу үшін үміткер онлайн-сауалнаманы толтырып, өз әнін, фотосуретін, туу туралы куәлігінің сканерленген көшірмесін, ата-анасының/қамқоршысының байқауға қатысуға берген рұқсатнамасын, сондай-ақ әннің авторлығы туралы өтінішін жүктеуі қажет.

Сондай-ақ байқауға 6 адамға дейінгі ұжымдар да қатыса алады. Топ қатысушылары үшін де қойылатын талаптар бірдей.

2018 жылғы 7 қыркүйекте «Хабар» агенттігі Республикалық іріктеудің бірінші кезеңінен өткен финалистердің есімдерін хабарлайды.

2018 жылғы 22 қыркүйек күні финалистер «Хабар» телеарнасында тікелей эфирде өтетін гала-концертке қатысады. Жеңімпаз көрерменнің дауыс беруі арқылы анықталады.

Республикалық іріктеудің жеңімпазын 2018 жылы 25 қарашада Минскте өтетін финалға дайындық күтеді. Қатысушыны Минсктегі байқауға дайындаумен «Хабар» Агенттігі айналысады.

Анықтама: «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық ән байқауы 9 жастан бастап 14 жасқа дейінгі орындаушылар қатысатын «Евровидениенің» аналогы. 15 жылдық тарихы бар байқауға еліміз алғаш рет қатысқалы отыр. Дүбірлі доданы Қазақстан аумағында «Хабар» телеарнасы трансляциялайды. «Хабар» Агенттігі 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап іс-шараны ұйымдастыратын Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдасқан мүшесі болып табылады, бұл мүшелік аталған байқауға қатысу үшін елден үміткер ұсынуға мүмкіндік берді.

Биыл жарысқа 19 ел қатысады, бұл жарыс тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Олардың қатарында Албания, Армения, Австралия, Әзірбайжан, Беларусь, Франция, Македония, Грузия, Ирландия, Израиль, Италия, Қазақстан, Мальта, Польша, Португалия,

Ресей, Сербия, Нидерланды, Уэльс бар. Қазақстанмен қатар Уэльс үшін де биылғы байқау дебютті болмақ.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *