Қазақстан ұлттық құрамасы XVIII жазғы Азия ойындарына аттанды

369

Алматыда Қазақстан ұлттық құрамасын Индонезияда өтетін XVIII жазғы Азия ойындарына шығарып салу салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агнеттігі olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Салтанатты рәсімге Азиада алдындағы соңғы жаттығу жиындарын Алматыда өткізген спорттық гимнастика, садақ ату, нысана көздеу, стенд ату, еркін күрес, спорттық құзға өрмелеу, су добы және волейбол командалары қатысты.

«Құрама командалар Азиадаға дайындалу үшін ҰОК Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе отырып, барлық мүмкіндік жасады. Қазақстан ҰОК президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаев спортшыларды кешенді-ғылыми топтармен, техникалық мамандармен қамтамасыз етіп, олимпиадалық спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу жиындарын толықтай өткізуді өз бақылауына алды. Біз бұл еңбек ақталып, өз жемісін береді деп үміттенеміз. Қазақстан атлеттері құрлықтық додада дәстүрлі түрде үздіктер қатарынан көрінеді. Сондықтан, спортшыларымыз биылғы ойындарда да жанкүйер қуанышын еселей түседі деп сенемін», — дегене Қазақстан ҰОК бас хатшысы Елдос Рамазанов Азия құрлығы әлемдік спорттың тоғысқан мекеніне айналғанын алға тартты.

Азия ойындарында Қазақстан құрамасын бастап жүретін спорт Дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов құрлық бәсекесінің алдында спортшыларға сәттілік тіледі.

Жазғы Азия ойындары 18 тамыз күні басталады. Аталған ойындарға Қазақстан ұлттық құрамасы атынан 440 спортшы қатысады, оның ішіндегі 404 спортшы 25 олимпиадалық спорт түрінен бақ сынайды.

Джакартадағы (Индонезия) Азия ойындарында жалпы есебі 462 медальдар жиынтығы сарапқа салынады, оның ішінде 363 жүлде олимпиадалық спорт түрлерінен өз иесін таппақ. Тағы бір айта кетерлігі, биыл Азия ойындарының бағдарламасынан нысана көздеу және стенд атудан командалық жарыс пен бокстан ерлер арасында ауыр салмақ дәрежелері (81 келі, 91 келі, +91 келі) алынып тасталды.

Құрлық додасы Джакарта және Палембанг қалаларында өтеді. Атлетикалық ауылдар екі қалада да орналасқан.

Джакартада спорттың мына түрлерінен жарыс өтеді: жеңіл атлетика, бокс, дзюдо, күрес түрлері, велоспорт (трек, шоссе, маутинбайк), су добы, қазіргі бессайыс, таеквондо, семсерлесу, карате, регби, суда жүзу, гандбол, синхронды жүзу, садақ ату, көркем гимнастика, желкенді спорт, көгалдағы хоккей, ескек есу (слалом), спорттық гимнастика, волейбол, гольф, баскетбол, баскетбол 3х3, батутта секіру.

Палембангта спорттың мына түрлерінен жеңімпаздар анықталады: академиялық есу, байдарка мен каноэде есу, нысана көздеу, стенд ату, триатлон, жағажай волейболы, спорттық құзға өрмелеу, теннис.

Атлетикалық ауылда ресми түрде Қазақстан байрағын көтеру рәсімі 16 тамыз күні Джакартада өтеді. Палембангтағы атлетикалық ауылға бірінші болып академиялық есушілер командасы аттанды. Бүгін, 12 тамыз күні гандбол, су добы және баскетболдан әйелдер командасы, сондай-ақ, грек-рим күресінің балуандары барады. Индонезияға барлық спортшылар алдын ала бекітілген кесте бойынша сапар шегеді.

Қазақстан құрамасының барлық спортшылары кешенді-ғылыми топ мамандарымен жабдықталған. Аталған топ мүшелері Қазақстан ҰОК бастамасымен олимпиадалық спорт түріндегі командалармен жұмыс істей бастады. Джакарта мен Палембангта дәрігерлер штабы, психологтар мен кезекші массажшылар тәулік бойы қызмет етеді. КҒТ мамандары алғаш рет жарыс кезінде ұлттық құрама спортшыларына кәсіби көмек көрсетпек.

Азия ойындары 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында өтеді. Қазақстан туын боксшы Әбілхан Аманқұл көтеріп шығады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *