Ұлттық банк теңгенің əлсіреу себебін айтты

990

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков ішкі валюта нарығындағы жағдай туралы айтып берді.

» 2018 жылғы 7 айда теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 1 АҚШ доллары үшін 318,31–347,06 теңге аралығында өзгерді. Шілденің соңында теңгенің биржалық бағамы жыл басынан бері 4,3%-ға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 346,7 теңге болды», — деді Смоляков.

Оның айтуынша, биылғы жылғы мамыр-шілдедегі теңгенің әлсіреуі, бірінші кезекте, АҚШ долларының дамушы елдердің валюталарына қатысты жалпы нығаюына және АҚШ ФРЖ пайыздық мөлшерлемелерін көтеру аясында дамушы нарықтардан капиталдың әкетілуіне байланысты орын алды. Дамушы нарықтардағы жалпы үрдіс Қазақстанға да әсер етті.

Ұлттық банк өкілінің мəліметінше, соңғы күндердегі ішкі валюта нарығындағы ахуал геосаяси шиеленіс, АҚШ-тың бірқатар елдерге қатысты протекционистік және санкциялық саясаты аясында негізгі сауда әріптес елдер валюталарының айтарлықтай құбылмалығымен түсіндіріледі. 13 тамызда теңгенің бағамы АҚШ доллары үшін 363,22 теңге болды.

«Ұлттық Банк валюта нарығындағы ахуалға тұрақты түрде мониторинг жүргізеді және қажет болған жағдайда теңге бағамының айтарлықтай және тұрақсыздандыратын қысқа мерзімді ауытқуларын реттеуге бағытталған өктемдікті жүзеге асыруға дайын», — деді Олег Смоляков.

 

baq.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *