Атырау облысында жергілікті бюджеттен жоғарғы оқу орнына түсуші талапкерлерге 230 грант бөлінді

113

14 тамыз күні Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен білім беру грантын бөлу жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы өтті. Мамандарды дайындау мақсатында гранттар білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп салаларына бөлінді. Бұл туралы Атырау облыстық өңірлік коммуникаця қызметі хабарлайды. 
Талапкерлерден барлығы 325 өтініш қабылданып, комиссия отырысының қорытындысы бойынша 230 үздік талапкердің өтініштері қанағаттандырылды.
Оның 149-ы педагогикалық жəне 56-сі медициналық, 9-ы аграрлық ауылшаруашылық, 2-і жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы мен дизайны, сондай-ақ, 14-і автоматтандыру және басқару мамандықтары.
Бұдан бөлек, 16 студент «Өңірлік экономикалық даму бағдарламасы» мен «Жерді пайдалану басқармасының» шеңберінде білім гранттарына ие болды.
-Жергілікті бюджет есебінен оқу мүмкіндігіне ие болған жастар үздік болуы тиіс, өйткені олар кейін өңірімізде еңбек ететін болады. Біз талапкерлерді егжей-тегжейлі іріктеп алып отырмыз, әрбір грантты мемлекет белгілі бір мақсатпен бөліп отыр. Жоғары оқу орындарын бітіргеннен кейін түлектер мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Осылайша аталған саладағы маман тапшылығын жоятын боламыз,- деп атап көрсетті Нұрлан Ноғаев.
Айта кетейік, 2017 жылы Атырау облысының әкімдігі 222 білім беру грантын бөлді. Олардың 178-і педагогикалық, 35-і медициналық және 9-ы ветеринарлық мамандықтарға бөлінген болатын.
Мемлекет есебінен оқыған студенттер оқуын бітіргеннен кейін Атырау облысының аумағында мамандығы бойынша жұмыс жасайды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *