Ақсу қант заутының жаңа тынысы ашылады

357

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде толық жаңғыртудан өткен Ақсу қант зауыты биылғы жылдан бастап «қалдықсыз өндіріс» пиринципімен жұмыс істейтін болады. Биылғы жылы 130 мың тоннаға дейін қызылша өңдеуді жоспарлап отырған зауытта қалдық жомдарды нығыздап орайтын норвегиялық құрылғылар орнатылуда. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталовтың Ақсу ауданына жасаған сапары барысында белгілі болды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап kazgazeta.kz.

Талай жыл тұралап қалған Ақсу зауыты өткен жылы ішінара жаңартылғаны болмаса, негізінен 1967 жылғы көне құрылғыларын жамап-жасқап, жөндеудің арқасында іске қосылған болатын. Зауыттың тамырына қан жүгірткеннен кейін «Жетісу» ӘКК мен зауыт басшылығы бірлесіп физикалық та, моральдық тұрғыда да тозығы жеткен құрал-жабдықтарды толықтай қайта жаңғыртуға кірісті. Бүгінгі күні мұнда Ресейден, Украинадан, Германиядан, Франциядан, Қытайдан әкелінген заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, жөндеу-жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Зауыт директоры Самат Надирбаевтың айтуынша, жаңғыртудың қазіргі екінші кезеңіндегі жөндеу-іске қосу жұмыстарына 280 адам тартылып отыр. Олардың арасында шетелдік мамандар да бар. Ал зауыт толық іске қосылғанда қызылша өңдеу ісіне жергілікті 600 адам жұмысқа қабылданатын болады. Бүгінгі күнге дейін технологиялық құралдарды жөндеу-орнату шамамен 84 % аяқталды. Зауыттың сынамалық іске қосу мерзімі 15 қыркүйекке, ал толық іске қосылуы 15 қазанға белгіленіп отыр. 20 мың тонна алғашқы қызылша көлемін жинап алғаннан кейін кәсіпорын тоқтаусыз жұмысқа кіріспек.

Егер жоспарланғанындай биылғы жылы 130 мың тонна қант қызылшасы өңделетін болса, одан шамамен 22 мың тонна жом алынады екен. Бұрын өткізілетін орынға жом жүк көлігінде ашық-шашық күйде тасымалданып, жол бойы суы ағып, тиісті жерге жеткенше сапасы төмендеп кететін. Ал енді биылдан бастап жомды пресстеп, жаңа құрылғымен қаптамаға орауға жағдай жасалып отыр. Оралған күйіндегі жом 2 жылға дейін сапасын жоғалтпай сақталады. Және ешқандай химикатсыз, экологиялық таза өнім — мал бордақылау алаңдары үшін таптырмас азық. Алдағы уақытта бұл дайын өнімдерді отандық нарыққа, сонымен қатар шетелге де экспорттауға мүмкіндік тумақ.

Зауыттың жом тығыздау, қызылша өңдеу, дайын өнімдерді қаптау және т.б. цехтарын аралап көрген облыс әкімі А. Баталов жылу-электр орталығының дайындығын, отын қоры туралы да сұрап білді. Зауыт мамандарының айтуынша, әзірге ЖЭО қазандықтары іске қосуға дайын. Келесі жылы жаңа ЖЭО құрылысын салып, қазіргі қолданыстағы қазандықтар резерв ретінде пайдаланылатын болады.

Сапар соңында облыс басшысы А. Баталов зауыт басшылығына қарата:

— «Жетісу» ӘКК арқылы бөлінген әрбір тиын үшін есеп бересіздер. Мемлекеттің қаржысы жаңғырту, іске қосу жұмыстарына мақсатты қолданылуы керек, — деп атап өтті.

Сондай-ақ зауыттың жұмыс істеуі – жергілікті халық үшін де, облыс экономикасы үшін де үлкен серпіліс екенін айта келе:

— Елбасының талабы – қант қызылшасын өсіру көлемін арттырып, оны өңдеу ісін жаңа озық технологиялар арқылы жолға қою. Біздің бұл тапсырманы орындаудағы бағытымыз айқын. Ирригациялық жүйлерді қалпына келтіруге Ислам банкі арқылы қаржы тартып, жұмыс істей бастадық. Қызылша өсіруші шаруаларға агротехникалық көмек көрсетіп, өнім сапасын арттыруға ықпал етіп отырмыз. Биылғы жылы әр гектардың шығымы өткен жылғыдан да жоғарылап, жақсы көрсеткішке жетеміз деп жоспарлаудамыз. Оған қоса мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Ақсу қант зауытын іске қостық. Жаңа технологиялардың арқасында жылдан жылға зауыттағы өңделген қызылшаның қанттылығы да артып, 14 %-ке жетеді деп отырмыз. Ақсу зауыты 2020-2021 жылға қарай толық қуатына шығып, 350 мың тоннаға дейін қызылша өңдейтін болады, — деді қорытынды сөзінде.

Сонымен қатар зауытта білікті кадрларды ұстап тұру үшін оларға жағдай жасау керектігін ескерткен облыс басшысы кәсіпорынның білікті мамандарын тұрғын үймен қамту мәселесін шешуді аудан әкімі Ә. Далбағаевқа тапсырды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *