VIII Халықаралық «Қиыры жоқ ғаламның нүктесі» атты кинофестиваліне Венера Қайыржанованың «Тығылмақ» қысқаметрлі көркем фильмі қатысуда

413

Тамыздың 23 мен 26 аралығында Абхазияда өтетін VIII Халықаралық «Қиыры жоқ ғаламның нүктесі» атты кинофестиваліне Венера Қайыржанованың «Тығылмақ» қысқаметрлі көркем фильмі қатысып отыр. Аталған фестиваль «ашық аспанда өтетін фестиваль» ретінде танылған, өйткені көрсетілімдер табиғат аясында өтеді. Сонымен қатар, өтетін жері нақты локацияға байланбаған, жыл сайын түрлі елде өте береді және қазылар алқасы мен наградалары көрсетілмеген.  Бұл туралы «Қазақфильм»АҚ баспасөз қызметі хабарлайды.

«Біздің фестиваль әдейі жюрилер мен марапаттан бас тартқан, демек әр қатысушыны даралау деген жоқ. Фестиваль аясында көрерменге ұсынылып отырған фильмдердің барлығы да бірдей терең қабылданып, әр туындының авторын басқа әріптестерімен деңгейлес деп ұғынады ұйымдастырушылар. Заманауи қалалық цивилизациядан аулақ жерде өтуі кинокартиналарға ерекше атмосфера сыйлайды. Киноның дара өнер екенін дәлелдеу үшін, фильмдерді ашық аспан аясында үлкен экранда көрсетеміз», — «Қиыры жоқ ғаламның нүктесі» ұйымдастырушылары өз форматтарын осылай түсіндіреді.

«Фильмімнің фестивалдерге өткеніне әрдайым қатты қуанамын. «Қиыры жоқ ғаламның нүктесі» фестивалі ерекше – мұнда марапаттар жоқ, барлығы да тең. Меніңше бұл өте жақсы саясат. Және де фестивальдің әр елге көшетіні де ұнайды – мәселен биыл тамаша табиғатымен танылған Абхазия тауларында өтеді. Қатысушылар тау бөктерінде палаткаларда түнейді. Түн ауған шақта, аспан астында фильмдерді тамашалайды. Бұл батылдық пен қызықты оқиғаларға жетелейді. Сондықтан да маған фильмімнің осындай жерде көрсетілгені маңызды, алайда өзім барып қатыса алмадым», — деді Венера Қайыржанова.

Естеріңізге сала кетейік, «Тығылмақ» фильмі балалық шақтары келмеске кетіп бара жатқан екі кішкентай дос-қыздар туралы баяндайды. Биыл аталған фильм 71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінде Short Film Corner аясында көрсетілген болатын.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *