Алматы технологиялық университетінде Білім күні аясында салтанатты іс-шара өтті

677

Алматы технологиялық университетінде Білім күні аясында бірінші курс студенттеріне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Білім күні – кез келген шәкіртті әсерлі сезімге бөлейтін шырайлы мереке. Ол тек мектеп оқушыларын ғана емес, ЖОО студенттерімен қатар оқытушыларын да толқытады. Жаңа оқу жылымен бірге бәрінің өмірінде қызығы мен шыжығы қатар жүретін жаңа парақтар ашылады. Ол жарқын парақтардың ең сәулелі беті – білім әлеміне деген айқын жол.

Бүгін АТУ арнайы бірінші курстықтар үшін есіктерін айқара ашып, оларды үлкен отбасына қабылдады. Алматы технологиялық университеті бас ғимаратының алды әсем безендіріліп, нағыз мерекелік атмосфера сезілді. Балмұздақтарды университет басшылығының өкілдері, оқытушылар мен жоғары курс студенттері құшақ жая қарсы алды.

Салтанатты шеруді «Тағам өндірістері» факультетінің студенттері деканы Л.К. Байболовамен бастады, олардың артынан болашақ дизайнерлер мен модельерлер және «Жеңіл өнеркәсіп және дизайн» факультетінің деканы Р.О. Жылысбаева ерді. Шеруді «Инжиниринг және ақпараттық технологиялар» факультетінің жаңа студенттері мен факультет деканы Ж.М. Мырзагельдиева жалғастырса, деканы Г.О. Жангуттина болып табылатын «Экономика және бизнес» факультетінің студенттері аяқтады.

Шеруден кейін сахна төріне мемлекеттік ту енгізіліп, әнұран орындалды. Университеттің бірінші проректоры Б.Қ.Нұрахметов өзінің құттықтау сөзімен шықты: «Сіздерді абыройлы да табысты мансап жолының маңызды кезеңі болатын қызықты, көңілді әрі жарқын студенттік өмір күтіп тұр. Сондықтан АТУ ұсынып отырған барлық мүмкіндіктерді толық көлемде пайдаланған абзал – оқыңыздар, танып-біліңіздер, табысқа жете беріңіздер».

Іс-шара аясында біздің белсенді студенттеріміз өз өнерлерін паш етіп, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ән мен билер орындалып, рәсім концертке ұласты. Сондай-ақ, жыл сайынғы дәстүр бойынша «шашу» шашылып, бірінші курстықтар мен олардың ата-аналары сөз сөйледі.

Мереке соңында барлық топтар өз декандарымен бірге аудиторияларға тарқады. Алғашқы оқу күні сынып сағатынан басталып, жаңа студенттер өз оқытушыларымен және топтастарымен танысты.

АТУ отбасының жаңа мүшелерін үлкен қуанышпен қарсы алды. Біз барлық студенттер мен оқытушылар құрамына ырысты ынтымақ пен бір-біріне сыйлы болуды тілейміз! Студенттерге жаңа шыңдарды бағындыруда еңбекқорлық, табандылық, сенімділік пен батылдық, сондай-ақ, оқытушылардың жұмысына төзімділік, даналық және шығармашылық белестер тілейміз!

Кәмшат Әлібекова,

АТУ Медиа орталығы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *