Атырауда Солтүстік-Каспий жобасының 25 жылдығын атап өтуде

345
28 тамызда Атырауда Солтүстік-Каспий жобасының 25 жылдығын мерекелеу іс-шаралары басталды, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұл Қазақстандағы теңіз мұнайгаз кен орындарын игерудің алғашқы ірі жобасы. Мерекені атап өту аясында Атырауда «Қашаған — Қазақстанның болашағы үшін» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілді. NCOC басшылығы мен консорциум ұжымы, Қашаған кен орнын алғаш ашқан ардагерлердің алдында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйледі. Жобаның маңыздылығына тоқтала отырып, облыс әкімі Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқыды.
Облыс әкімі Солтүстік Каспий жобасы бүгінгі күні еліміздің экономикасына айтарлықтай ықпалын тигізіп отырған Қашаған жобасы ғана емес екенін атап өтті.
Бұл игеру күтіліп отырған басқа да кенорындары. Мен бүгінгі ұжымның алдарына қойған міндеттерді толық орындайтынына сенемін. Аз жұмыс атқарылған жоқ, алайда алда әлі де атқарылатын жұмыстар көп. «Нөлдік цикл», қоршаған ортаға ұқыппен қарау, қауіпсіздік техникасының мәселелері – бұл жобаның басында тұрған өзекті міндеттер және күні бүгінге дейін өмірлік маңызды мәселелер болып табылады. Оларды шешу үшін әлемдік мұнай саласының барлық тәжірибесі мен әлеуетін пайдалану қажет, — деп атап көрсетті Нұрлан Ноғаев.
Қашаған жобасын іске асыру екі – Атырау және Маңғыстау облыстарының аумағында жүргізілуде. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов атап өткендей, консорциумның ірі әлеуметтік жобаларды іске асырудағы үлесі айтарлықтай.
Бұл президентіміздің жобасы, еліміздің, тәуелсіз Қазақстанның дамуына қуатты серпін беретін ірі жоба. Мен жақында Ақтау қаласында өткен Каспий маңы мемлекеттері басшыларының қатысуымен өткен ірі саммитке белсене қатысқаны үшін консорциум басшылығына алғыс білдіргім келеді. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі нақты белгіленіп, қол қойылды. Бұл тарихи оқиға. Саммитті өткізуге сіздің консорциумның қосқан үлесі мол, — деді Ералы Тоғжанов.
NCOC консорциумының басқарушы директоры Бруно Жардэн Каспийдегі кенорындарын іске асыру жөніндегі болашақтағы жобалар туралы айтып берді. Жобаның экономикалық маңыздылығын айтарлықтай арттыратын перспективалық кенорындар бар. Жобаның тарихы мен бүгінгі жетістіктері туралы Қазақстандық мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықов, NCOC консорциумының басқарушы директоры Жақып Марабаев және басқалары әңгімеледі.
Сонымен бірге, конференцияда сөз сөйлеген ҚР Энергетика вице-министрі Мағзом Марзығалиев Каспий қайраңындағы одан әрі ынтымақтастықтың перспективаларын атап өтті. Жаңа кенорындарын ашу инвестициялар салуды, жаңа технологиялар тартуды және жаңа жұмыс орындарын ашуды талап етеді. Бүгінгі күні консорциум шамамен 16 млн тонна мұнай мен конденсат, 5 млрд текше метрден астам газ өндірді, 700 мың тоннадан астам күкірт экспорттады. Бұл Қазақстанның теңіз жобаларын дамытудың бастамасы ғана.



ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *