Ата Заңның қасиетті және прогресшіл рөлі туралы

989

Егемен Қазақстанның әріғарай дамуына 1995 жылғы жаңа Конституция үлкен ықпал мен рөл атқарды. Елбасы 1995 жылдың 30 сәуіріндегі Үндеуде елге не үшін жаңа Конституция керектігін және оның Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін қажеттілігін қандай екенін туралы өз көзқарасты халыққа жете түсіндірді. Сол кезде Әділет министрі Н.Шәйкеновтің басшылығымен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оның жұмысын тікелей өз бақылауына Елбасы алды. Сарапшылармен бірге кейде күніне 12–14 сағат Конституция баптарымен жұмыс істегенін еске алу керек. Президентке әлемнің әртүрлі елдерінің конституциялық құрылымы, билік тармақтарының өзара қатынасы, саяси партиялардың жұмысы, адам құқығына, жекеменшікке берілетін кепілдік және т.б. мәселелер жөніндегі көптеген әдебиеттерді қарап шығуға тура келді. Елбасы жұмыс тобының алдына әлдекімнің конституциясын құр көшіре салмай, керісінше басқа елдердің тәжірибесін талдау негізінде Қазақ елінің талаптарына барынша жауап бере алатын Негізгі Заң жобасын дайындау керектігін үнемі есіне салды. Соған байланысты Конституцияның барлық ережелерінен біздің ерекше қазақстандық қолтаңбамыз, біздің халқымыздың өресі мен дәстүрлеріне және болашақтағы перспективасына сәйкесетін өз болмысымыз байқалады. 1995 жылдың 22 мамырында Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасын қарау және заң тұрғысында бағалау үшін ол арнайы құрылған консультативтік кеңеске жіберілді, ал 30 маусымда жалпыхалықтық талқылауға шығарылды. Қазақстандықтар, өздеріне билікпен бір деңгейде елдің ең маңызды құжатын жасауға қатысу сеніп тапсырылғанын түсіне отырып, мәселеге айрықша жауапкершілікпен қарады. Бір айға созылған талқылау барысында олар 30 мыңға жуық ескертулер мен ұсыныстар енгізді. Солар ескеріліп, Конституция мәтініне 1100 түзету енгізілді. 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум өткізілді. Референдумға ел азаматтарының 81,1 проценті қатысса оның 90 процентке жуығы жаңа Конституцияны мақұлдап дауыс берді. Солай егемен Қазақ елінің мемлекеттік құрылыс сенімді саяси-құқықтық негізге ие болды. Конституцияға сәйкес, тәуелсіз Қазақстан демократияшыл, зайырлы, унитарлы, әлеуметтік-құқықтық мемлекет, президенттік республика деп жарияланды. Президент ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын нақтылайтын ең жоғары лауазымды тұлға, халық пен биліктің бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам мен азаматтардың құқығы мен еркіндігінің кепі лі болып табылады. Жоғары заң шығарушы

орган – Сенаттан (жоғары палата) және Мәжілістен (төменгі палата) тұратын Парламент. Әр облыстан және республикалық маңызы бар әр қаладан, сондай-ақ мемлекеттің астанасынан жоғарғы палатаға екі сенатор сайланады. 7 сенаторды Президент тағайындайды. Мәжілістің 67 депутаты бір мандатты аймақтық округтер бойынша сайланады. Үкіметті Президент құрады, ол Президентке өз қызметі туралы жауап береді және Парламентке есеп береді. Үкіметті Парламенттің мақұлдауымен Президент тағайындайтын Премьер-Министр басқарады. Республиканың Жоғары сот органы – жалпы юрисдикциядағы соттардың қызметін бақылайтын және сот практикасындағы кез келген мәселені түсіндіретін Жоғарғы сот. Жоғарғы сот мүшелерін Президенттің ұсынысы бойынша Сенат сайлайды, жергілікті судьяларды Президент тағайындайды. Президентінің талабы бойынша жаңа Конституцияның соңғы мәтініне қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігі жолындағы экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекеттік өмірдегі барынша маңызды мәселелерді демократиялық тәсілдермен шешу сияқты Қазақстан Республикасының базалық принциптері қосылды. Жаңа депутаттық корпус өзінің жұмысқа қабілетті екенін бірден көрсетті. Жоғарғы Кеңес жылына екі-үш рет шақырылса, Мәжіліс үздіксіз қызмет істеді (жазғы парламенттік каникулды санамағанда) және 1996 жылдың бес айында Мәжіліс 35 заң қабылдады, ал Жоғарғы Кеңес бір жылда 7 заңды ғана бекіткен еді. Бірінші шақырылымның бес сессиясы барысында Мәжіліске 644 заң түсті, депутаттар олардың 558-ін мақұлдады, ал Елбасы 497 заңға қол қойды. Парламент атқарушы және заң шығарушы билік тармақтары арасындағы тұрақты тепе-теңдік қамтамасыз етуге өз үлесін қосып жатыр. Парламентінің екі палаталардың әрқайсысының заңдарын дәйекті түрде талқылау жолымен заң жобаларын пысықтаудың тиімді ішкі парламенттік тетігін жасауға қол жеткізіп жатыр. Парламент кәсіби және құзыретті заң шығарушы орган ретінде республикалық және аймақтық мүдделердің үйлесуін қамтамасыз етуге, заңды жобалау жұмысында жоғары сапаға қол жеткізуге өзінің қабілеттілігін көрсетті.

Сонымен, Қазақстанда қазіргі стандарттарға және парламентаризм принциптеріне негізделген заң шығарушы билікті жаңғырту аяқталды. Мемлекеттік билік тармақтары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің тиімді механизмі жасалды.

Мемлекеттік механизм жетілді және соған сәйкес аумалы-төкпелі жағдайларға қарай, билік құрылымының да үнемі жаңарып тұруын өмірдің өзі талап етті. 1998 жылғы Жолдауында Президент Конституцияға бұрын жария етілген саяси ырықтандыру арнасында бірнеше түзетулер енгізуді ұсынды. Бұл түзетулер, атап айтқанда, сайлау жүйесін жетілдіруге, әділ және еркін сайлауды қамтамасыз етуге, саяси партиялардың

рөлін арттыруға, Парламенттің өкілеттігін кеңейтуге, азаматтық қоғамды жан-жақты дамытуға, баспасөз бостандығын қамтамасыз етуге, тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыруға, барлық билік органдарында әйелдердің өкілдігін арттыруға қатысты болды. Жолдау жарияланған бойда, 30 қыркүйекте Парламенттің қарауына «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы берілді. Бұл заң жобасын талқылай отырып, депутаттар бюджеттің атқарылуына парламенттік бақылауды күшейту туралы, әкімдерді кезең-кезеңмен сайлау туралы, сонымен қатар қос палата депутаттары мен Елбасының өкілеттік мерзімін ұзарту туралы ұсыныс жасады . Жобаны бекіткенге дейін көп жұмыстар жүргізілді. Ақыр соңында 1998 жылдың 7 қазанында заңның түпкілікті нұсқасы қабылданды. Конституцияға елдегі саяси институттардың әрі қарай дамуына жаңа серпін берген 19 түзету енгізілді. Міне, осы кезден бастап төменгі палатаға сайлау тек бір мандатты округтер бойынша ғана емес, партиялық тізім бойынша да жүргізілді. Мәжілісте партияларға 10 қосымша орын бөлініп, бұл орындар – жинаған дауыс санына қарай партиялық тізім бойынша сайлауға түскен үміткерлерге бөлініп берілді. Міне, осылайша партиялар депутаттық мандат үшін күреске тікелей қатысатын болды. Сөйтіп, аралас сайлау жүйесіне көшу осылай басталды. Қабылданған түзетулер Конституцияны өзгерту мен Үкіметті бақылау мәселелерінде Парламенттің өкілеттігін кеңейтті. Тәуелсіз сот жүйесінің маңызды құралы – алқабилер соты болды. Президент өкілеттігі 7 жылға дейін ұзартылды, сенаторлар – 6 жылға, Мәжіліс депутаттары 5 жылға сайланатын болды. Мемлекеттік қызметкерлер және президентікке кандидаттар үшін жас шектеуі жойылды, сонымен қатар сайлау учаскесіне келушілердің сандық шегі алынып тасталды (бұрын сайлау өту үшін кемінде сайлаушылардың 50 проценті қатысуы талап етілетін). Конституциядағы сайлаушылардың сандық шегіне қатысты өзгерісті Қазақстан өзге де демократиялық елдердің үлгісімен жасаған еді. 1998 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген түзетулер саяси жүйенің дамуы мен елді демократияландыруға жаңа серпін берді. Қазақ елінің, Ата Заңның арқасында, 1995 жылдан бастап қазіргі заманға дейін мемлекеттік құрылыстағы және экономиканы реформалаудағы жетістіктерінің молдығы. Конституциямыздың негізгі қағидаларына сүйеніп, нарық экономикасына көштік және демократиялық қоғамның негізін қаладық. Демократияның ең маңызды институты – парламентаризмді дамыту үшін барлық жағдай жасалды. Қос палаталы Парламент уақыт сынынан абыроймен өтті.

Керімсал Жұбатқанов,

Қазақ-Орыс Халықаралық Университеті

«Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *