МӘМС: Емханаға тіркелу туралы не білу қажет?

389

Елімізде 2018 жылғы 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін азаматтарды бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) көрсететін денсаулық сақтау субъектілеріне тіркеу кампаниясы басталады. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының тұрғындарды ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімі хабарлайды. 

Әрбір азамат өзінің қалауы бойынша кез келген емханаға тіркеліп, қызмет түрлерін ала алады.

«Елордада кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету аясында тұрғындарға 51 ұйым қызмет көрсетеді. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір өсті», – дейді Астана қаласы бойынша «ӘМСҚ» КЕАҚ филиалы директорының орынбасары А.Амангелдиев.

А.Амангелдиев тұрғындардың емхана таңдау барысында саналы түрде шешім қабылдап, үйіне, жұмыс орнына жақын немесе өзіне қолайлы деп тапқан мекемеге тіркелуге болатындығын атап өтті.

Емханаға тіркелу үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызмет көрсетушілер тізімінен емхананы таңдау қажет. Аталған тізім Қордың fms.kz сайтында орналасқан. Таңдау жасалғаннан кейін азамат ұйымның тіркеу бөліміне жеке куәлігімен келіп, бас дәрігердің атына өтініш жазуы қажет. Емханаға тіркелу барысында өтініш қабылданбайтын жағдайлар болады және оларды түсіністікпен қабылдаған жөн. Біріншіден, егер бір дәрігерге тіркелген адам саны екі мыңнан асып кеткен жағдайда. Бұл ретте тіркеуге өтініш жазған азамат қызмет көрсету аймағынан тыс жерде тұрып жатқан болса, оның өтініші қабылданбайды. Ал осы медициналық ұйымға қарайтын әкімшілік учаскесінің тұрғылықты тұрғынының өтініші ескеріледі. Екіншіден, емхананың қызмет көрсететін учаскесінен тыс аумақта тұратын адам үйге дәрігер шақырту қызметінен бас тартуға келіспеген жағдайда, ол азамат дәл осы емханаға тіркеуге тұра алмайды. Өйткені медицина мамандары дер кезінде науқастың үйіне көмек көрсету үшін берілген уақыт ішінде жаяу жетіп үлгермейді.

Емханаға тіркелудің екінші жолы — онлайн тәртіпте, egov.kz порталы арқылы. Ол үшін азаматтың электрондық цифрлық қолтаңбасы болғаны жеткілікті.

Қазақстанда тұрақты тұрып жатқан шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға келетін болсақ, олар емханаларға кедергісіз тіркеле алады.

Азаматтар басқа БМСК ұйымына тұрғылықты мекен-жайын, жұмысын, оқу орнын ауыстырғанда, жазасын өтеу мерзімі аяқталғаннан кейін, әскери қызметін өтеп болғаннан кейін, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы қайта ұйымдастырылғанда немесе таратылған жағдайда, сонымен қатар, бұрынғы емханадағы қызмет сапасы көңілден шықпайтын болса басқа емханаға тіркеле алады.

Естеріңізге сала кетсек, ӘМСҚ медициналық мекемелердің қызмет көрсету сапасын бағалау мақсатында «МСҚ:Халықтық бақылау» мобилді

қосымшасын іске қосқан болатын. Мобилдік қосымша азаматтар үшін емхана таңдау мәселесін едәуір жеңілдетіні сөзсіз.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *