«АЛЫСТАН   АРБАЛАҒАНША, ЖАҚЫННАН   ДОРБАЛА»

482

       Қазақстанның экономикасын еселеп арттырудың бірден-бір жолы – кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес. Елбасы Н.Ә.Назарбаев осыны талай мәрте айтқан еді. Айтып қана қоймай, кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан қажетті қаражатты қарастыруға да ерекше мән беріп келеді. Бұл ретте кәсіпкерлікке кең жол ашатын мемлекеттік бағдарламалар аз емес. Соның бірі де бірегейі –«Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасы. Осы бағдарламаның бір бағыты – ауылдық елдімекендердегі кәсіпкерлердің бизнес бастамаларын қолдап, қажетті қаржы қарастыру. Бұл жайдан-жай емес. Себебі, ауыл шаруашылық саласында да  кәсіпкерлікті дамытатын уақыт жетті. Бұл – Ауыл шаруашылық министрлігінің ғана емес, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының да басым бағыттарының бірі болып отыр. «Бастау» жобасы ауыл тұрғышдарының кәсіпкерлікпен көбірек айналысуына жол ашты. Ауылдық елдімекендерде адами капитал мен бәсекеге қабілетті бизнесті дамыту, шағын және орта кәсіпкерліктің экспорттық әлеуетін арттыру Ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізгі мақсаттарының біріне айналды. Сондықтан осы мәселелер жөнінде ой қозғап, сараптама жасауды жөн көрдік.

       «Республика халқын қажетті азық-түлік өнімдерімен аста-төк қамтамасыз етумен бірге экспорттық әлеуетті арттыруға да Қазақстанның мүмкіндігі молынан жетеді.  Бұл үшін «Бизестің жол картасы – 2020» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар бойынша миллиардтаған қаржы бөлінеді. Солай бола тұра неге азық-түлікті шет елден тасымалдауға мәжбүрміз?». «Сауда сөрелеріндегі Отандық азық-түлік сырттан әкелінген өнімдермен салыстырғанда неге қымбат?». «Ауыл шаруашылық саласына тікелей қатысты түйіткілді мәселелерді шешудің жолдары мен мүмкіндіктері жоқ болғаны ма сонда?». Баспасөз беттерінде осындай  сауалдар жиі көтеріледі. Бұл ретте тұтынушыларды толғандырып жүрген көкейкесті мәселелер де аз емес. Ауылдағы ағайын «Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына байланысты Үкіметке тиісті тапсырмалар берді ғой, нәтижесі болып қалар» деп ертеңгі күнге үлкен үмітпен қарап отыр. Өйткені ауыл көркейсе ел көркейетінін жұрт жақсы біледі.

         Қазақстанның, басқа өнімдерді  былай қойғанда,  ет экспортын арттыруға мүмкіндігі жетеді ғой. Бұл туралы қаншама  рет биік мінберлерде айтылды. Бірақ, нәтиже көңіл көншітпейді. Сонымен… 

ЕТ ЭКСПОРТЫ АРТА МА?

        Министр Өмірзақ Шөкеевтің айтуына  қарағанда, ет экспорты айтарлықтай артатын түрі бар. Бұл Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы ауыл шаруашылығы өнімі экспортының өсімін бес жыл ішінде кемінде 2,5 есеге арттыру жөнінде жүктеген міндетін жүзеге асыру мақсатындағы қадам екені сөзсіз. Осы ауқымды міндетті шешу үшін  Ауыл шаруашылық министрлігі Қазақстанның экспорттық әлеуеті жоғары позицияларын айқындаған. Бұл, ең алдымен, ет өнімдері, оның ішінде сиыр және қой еті. Жүргізілген талдау қорытындысына қарағанда, осы өнім түрлеріне тиісті қолдау көрсетілген жағдайда экспорттық пайда 2027 жылға қарай 2,4 млрд. АҚШ долларына дейін  жететін түрі бар. Осы мақсат жүзеге асатын болса, онда сиыр және қойы еті өндірісі бойынша экспорт 600 мың тоннадан 1,6 млн. тоннаға дейін ұлғаяды.

        Бұл мақсаттың жүзеге асатынына сенуге болады. Өйткені Қазақстанда ет өндіру көлемін арттыруға, оның сапасын халықаралық талаптарға сай айтарлықтай жақсартуға барлық мүмкіндік бар. Біріншіден, құнарлы жайылым  жеткілікті. Екіншіден, қажетті құнарлы мал азығын дайындайтын егістік алқаптар да бар. Үшіншіден, ауыл шаруашылық саласының жай-жапсарын жақсы білетін білікті мамандар мен жұмыс күші де жеткілікті. Төртіншіден, осы іспен айналысатын кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау мен қаржы бөлу жақсармақ.

Ал қазақстандық етке сырттан сұраныс пен тартымды экспорттық нарық бар ма? Бар болып шықты. Басқасын айтпағанда, Азия мен Таяу Шығыс елдері тарапынан сиыр мен қозы етіне деген сұраныс тұрақты түрде өсіп отырады екен. Сондай-ақ көршілес мемлекеттер —  Ресей мен Қытай да аталған өнімдерді өздеріне ірі импорттаушылар болып табылады.

 

БАҒДАРЛАМАЛАР БАЯНДЫ БОЛСА…

            Ауыл шаруашылығындағы түрлі салаларды дамытуға байланысты жап-жақсы бағдарламалар бар.. Соның бірі — ет өндіруді арттыруға байланысты бағдарлама. Әрине, бағдарлама жасалғанымен, онымен іс бітпейді. Оны іске асырудың тетіктері мен жолдарын да жаңаша қарастыру қажет. Соның ішінде салааралық және ведомствоаралық сипаттағы бірқатар мәселелер бар. Атап айтқанда, агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріндегі  салық жүйесі мен техникалық реттеу, сауда-логистикалық инфрақұрылым, экспортты қолдау, ауылдық аумақтарды дамыту және ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері қазіргі уақытта ең өзекті болып тұр. Сондықтан осы мәселелердің барлығы арнайы бағдарламада бар.  Тағы бір өзекті мәселе – ауылдағы ағайын қаржыға зәру. Оны алудың тетіктері мен жолдарын жетік біле бермейді.  Айталық, «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай бағдарламасы қолға алынғалы біраз уақыт өтті. Шыны керек, осыны әлі күнге дейін білмейтіндер де бар. Өйткені, мемлекет тарапынан беріліп жатқан мемлекеттік қаржылай қолдауға байланысты анық-қанық ақпарат ауылдарға жеткілікті жете бермейді. Жергілікті билік осыны мықтап қолға алғаны жөн. Бизнеске өаржы қарастыруға байланысты ақпаратты жақсарту өте қажет. Сонымен…

 

  АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫНҒА  АЙТАРЫМЫЗ…

        Ауылдағы ағайынның ауыл шаруашылығын дамыту, қажетті қаржы қарастыру  жан-жақты қамтылған кешенді бағдарламалардан  хабары бар ма?  Олар осы мақсатта биліктің қолға алып отырған игі істерінен жеткілікті хабардар болып, осыған  белсене араласып, өздеріне тиесілі нәпақаны алса нұр үстіне нұр болар еді. Мәселен, етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының түп негізі неде?  Бұл — отбасылық фермалар түріндегі шағын шаруашылықтар. Мұның тиімділігі жоғары болады деген үміт бар. Өйткені, қай ауылды алсаңыз да бүкіл отбасымен мал шаруашылығымен айналысатындар бар. Әкесінің ісін жалғастырып жатқан балалар да бар. Олар бұл саланың ұңғыл-шұңғылына әбден қанық. Істің көзін біледі. Тек оларға мемлекеттік қолдау мен  қаржылай демеу керек. Ары қарай өздері алып кетеді. Тек осы істі жолға қойып берсе болғаны. Мемлекеттік қолдаудың бар екенін анық сезінген отбасылық фермалар жұмысты алға сүйрейтіні анық.

Сонымен бірге  ірі қара мал өсіру жөніндегі фермерлік шаруашылықтар, өнеркәсіптік бордақылау алаңдары және заманауи ет өңдеу кешендері де осы бағдарлама аясында, зәкірлік кооперация нысаны ретінде жұмыс істемек. Бұл — Америка мен Австралияның тәжірибесі. Тиісті министрлік соны Қазақстанның ауыл шаруашылығына енгізуді мақсат етіп отыр. Олардың жоспарына қарағанда, ірі  қара мал, қой  және жылқы шаруашылығымен айналысатын 80 мыңнан астам отбасылық ферма құру, пайдаланылатын жайылымдар алаңын 58 млн. гектардан 100 млн. гектарға кеңейту көзделіп отыр. Сәтін салса,  ірі қара мал  15 млн. басқа дейін, қой 30 млн. басқа дейін көбеймек..

Жобаға қатысушылар үшін қолдаудың жеке шарттары көзделетін болады, олар: жер учаскелерін басымдылықпен беру, фермерлік шаруашылықтарға мал басын, техника мен жабдық сатып алуға жеңілдікпен несие беру, жайылымдар инфрақұрылымын құру. Міне, осының бәрі Қазақстанда ет өндіру мен оны экспортқа шығаруды айтарлықтай арттырады деген сенім бар

ҚАҢСЫҚ  ПЕН  ТАҢСЫҚ

Қазір Қазақстанға шет мемлекетерден келіп жатқан сүт өнімдері аз емес. Оның ішінде адам денсаулығына пайдасынан гөрі зияндылығы басым өнімдер де бар екені баспасөз беттерінде жазылып жүр. Қырғызстаннан, Ресейден жеткізілетін  сүт өнімдеріне байланысты осындай келеңсіздіктер болғанын жұрт жақсы біледі. Енді соның бәріне бәсекелестік тұрғыда тосқауыл болатын шығар. Өйткені, Ауыл шаруашылық министрлігі қарастырған Мемлекеттік бағдарламада сүт шаруашылығына байланысты көкейге қонымды жоспарлар бар.

           Сүтті мал шаруашылығы бағдарламасы да сүт өндіру жөніндегі отбасылық фермалардан, өнеркәсіптік тауарлы-сүт фермалардан және заманауи сүт зауыттарынан тұратын зәкірлік кооперация қағидаты бойынша жасалады. 2027 жылға қарай отбасылық фермаларды 380-нен 930-ға дейін, ірі тауарлы-сүт фермаларын 108-ден 170-ге дейін, сүт зауыттарын 163-тен 174-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жобаға қатысушылар үшін қолдаудың жекелеген шаралары ұсынылатын болады. Нәтижесінде сүт өндірісінің көлемін 2027 жылға қарай 1 млн. тоннаға ұлғайту міндеті қойылған.

              Әлбетте сиыр сауу бұрынғыдай қол күшімен атқарылмайтын шығар. Бағдарламаның аясында ауыл шаруашылық саласына да жаңа технология мен әдіс-тәсіл енгізілетіні шүбәсіз. Соған сай мамандар да даярланатын болады. Қол күші барынша азайып, цифрландыру жүйесіне басымдық берілетіні сөзсіз. Бұл да Елбасының тапсырмасы. Сонымен…

ИМПОРТТАН  ҚҰТЫЛАТЫН КҮН  ЖАҚЫН БА?

         Министр Өмірзақ Шөкеев келтірген деректерге сүйенсек, Қазақстанның азық-түлік импортынан құтылатын уақыт алыс емес. Әлбетте ол үшін осы мақсатта қолға алынып жатқан іс-шаралар ойдағыдай орындалса, Қазақстанның ішкі нарықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге шама-шарқы бар.  Айталық, құс шаруашылығы біздің ел ұшін таңсық емес. Күні кешегіге дейін бір ауданда бір емес, бірнеше құс фабрикасы болды. Нарықтық экономикаға көшкеннен кейін сол фабрикалардың көбі жекеменшікке өткенімен, көбі ұзаққа бармай жабылып қалды. Оның себеп-салдары әртүрлі. Ең басты себеп – құстың құрама жемі қымбат. Соған байланысты кеткен шығын ақталмайды. Көптеген құс фабрикаларының қожайындары айтқан уәж осындай болатын.

         Қазақстандық құс өсірушілер осындай лажсыз күйге тап болғаннан кейін көрші мемлекеттер жұмыртқа мен құс етін тонналап  біздің елге тасымалдай бастады. Олардың тауарларының ішінде де талапқа сай емес, жарамсызы бар екенін БАҚ біткен жарыса жазып жатқанымен, әзірге импортқа тәуелді бола тұруға тура келеді.

                    Келешекте қалай болмақ? Біріншіден, құс шаруашылығын дамыту бағдарламасына қарағанда, импортты ығыстыратындай жоспарлар бар. Осы бағдарлама шеңберінде жер-жерде жаңа кәсіпорындар салынатын болады. Екіншіден, қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған фабрикалар да жаңғыртылып, заманауи технологияға көшеді. Үшіншіден, осындай жұмыстардың нәтижесінде  ет және жұмыртқа бағытындағы құстардың өнімділігін арттыру көзделіп отыр.

Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде құс еті өндірісінің көлемі 4 есеге немесе 560 мың тоннаға  ұлғаятын болады. Бұл әрине, Қазақстанның қажеттілігінен әлдеқайда артық. Сондықтан 150 мың тоннасы экспортқа шығарылады. Тағамдық жұмыртқа өндірісін де 1,5 есеге немесе 2,5 млрд. жұмыртқаға  арттыру жоспарланған. Оның 1,5 млрд. данасы – экспорт.

Демек, мал  мен құс шаруашылығына байланысты осындай іс-шаралар кәдеге асатын болса, еліміздің ауыл-аймақтары да көркейіп, жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, басқа елдің қаңсығынан құтыламыз  деген сөз. Сонымен …

 

 КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУДЫҢ ТҮРІ КӨП

        Қазақстанның астықпен атағы шыққаны әмбеге аян. Шет мемлекеттерден бидайға сұраныс жақсы. Жыл сайын экспорт көлемін арттырып, табысқа кенеліп отырған шаруашылықтар республикада жеткілікті. Енді олардың қатары артатын болады. Өйткені, бұл саланы да жаңа сапалық деңгейге жеткізу бағытында бағдарлама жасалған. Ондағы ең басты мақсат  — еңбек өнімділігін артыру.Бұл қолдан келетін тірлік.

Еңбек өнімділігін арттыратын факторлар қандай? Тиісті министрлік соның тізбесін жасаған. Бірінші – сапалы тұқым, екінші -, техникалық жарақтандыру, үшінші — нақты егіншілік, төртінші — тыңайтқыштарды және өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдану, бесінші – егістік алқапты  әртараптандыру,  алтыншы -суармалы жерлерді айналымға енгізу. Осындай жағдайларды  ескере отырып, егін және өсімдік шаруашылығында жүйелі шаралар көзделіп отыр. Мұның ішіндегі ең өзектісі – тұқым шаруашылығы. Қазір  ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің басым  бөлігі айналым қаражатының жоқтығынан себу үшін тұқым сатып алмайды және іс жүзінде жаппай репродукциядағы өз тұқымдарын пайдаланады. Соған байланысты көп жағдайда өнімділік жоғары болмайды. Енді осы жылдан бастап тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілмек. Ондағы мақсат —  фермерлердің белгіленген нормалар бойынша тұқым сатып алуға жұмсаған шығыстарын 100 пайыз өтеу.Мұны шаруа адамдары қуана қабылдары хақ. Өйткені

мемлекет тұқым  шаруашылықтарына фермерге босатылған элиталық және 1 репродукциялы тұқымның құнын толық өтейді. Оның үстіне енді субсидия алу үшін бірнеше құжат жинаудың қажеті болмай қалады. Өз кезегінде дихан өнімін жинап болған соң алынған субсидиялардың 30 пайызын тұқым шаруашылығын дамыту қорына қайтарады. Қор қайтарылған қаражатты жинақтап, оны өте тиімді шарттармен (бар-жоғы 2-3 пайыз шамасында) аттестатталған тұқым өндірушілер үшін негізгі техникалық құралдар мен жабдықтарды сатып алуға және жаңартуға жұмсамақ. Шаруа адамдарының қолы ұзарды деген осы.

         Егістіктердің электронды картасы мен нақты метеодеректер, сенсорлар мен датчиктер, ғарыштық мониторинг секілді нақты егіншілік элементтерін енгізу шеңберінде шаруашылықтарға арналған нақты технологияларды қолданудың экономикалық модельдері әзірленбек. Енді университеттердің, ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелік шаруашылықтардың базасында осы технологияларды көбейту және тиімді оқыту ұйымдастырылатын болады. Бұл да диқандар үшін үлкен көмек. Осындай технологияларды енгізу дәл себу, тыңайтқыштарды, қорғаныс құралдарын саралап енгізу және шығындарды қысқарту есебінен өндіріс тиімділігін орта есеппен 15 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні елімізде суармалы жер көлемі  егіс алаңының бар-жоғы 7 пайызы ғана. Мемлекеттік бағдарлама аясында суармалы жерді  2 млн.гектарға дейін жеткізу көзделуде. 2027 жылы оны 3,5 млн. гектарға дейін ұлғайту жоспарда бар.Сонымен бірге…

         ТЕХНИКАЛЫҚ  ЖАРАҚТАНДЫРУ ДА  ЖАҚСАРАДЫ

 Жасыратыны жоқ, қазір көптеген шаруа қожалықтарында техника ескі-құсқы. Кешегі кеңшарлардан қалған  техника. Оны жамап-жасқағанмен, пайда жоқ. Түбегейлі жаңартқан жөн.

 Мемлекеттік бағдарламада техникалық жарақтандыруға ерекше басымдық берілген. Бұл лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және инвестициялық субсидиялау көлемдері есебінен шешілмек. Осылайша, аталған қолдау шараларын кезең-кезеңімен арттыра отырып, министрлік 2022 жылға қарай кәсіпкерлердің техникаға деген инвестициялары көлемін 273 млрд.теңгеге дейін қамтамасыз етуді көздеп отыр. Осы шаралардың арқасында ауыл шаруашылығы техникасының паркі бес жылда оңтайлы деңгейге жеткізілетін болады, бұл алдағы жылдары жылына 6 пайыз деңгейіндегі техниканы жаңартудың нормативтік қарқынына жетуге мүмкіндік береді. Биылғы жылдан бастап, инвестициялық субсидиялау аясында өтеу пайызы 25 пайызды құрайтын болады.

Міне, осындай мақсат-міндеттер жұзеге асатын болса, Қазақстан ауыл шаруашылыө өнімдерін алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалайтын шығар. Ылайым соған жеткізсін!

                                                                                     Ғалым ОМАРХАН

АСТАНА




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *