Актер болып келдің екен, өмірге, Нұрмұханша!.. толғана біл, ойнасаң!

549

Нұрмұхан Жантөринге

Ай көтеріп таңдайын,
Маңдайынан күн өпкен.
Әруақты Махамбеттей батырдың
Топырағын түлеткен.
Үш қиян емес,
Үш дүниені көріп келсең де
Нұрмұхандай тектіден асып кім өткен?!
Айдай әлем аң-таң боп,
Арқаланса,
дүниенің тұла бойы дір еткен!
Шын өнерді сүйіп өтті – Ол, мәңгіге
Жұмыр жердің жүрегіндей жүрекпен!

Сілкіп алып марғау-тірлік санасын,
Маңғаз рухы кезіп кетті даласын.
Өнер – дейтін өнегелі өмірдің
Ажыратып, ағы менен қарасын,
Жалғандыққа жаны қас,
Қастығының бәрі – рас,
Ақиқаттың арға өлшетті бағасын!
Жалғыз өзі жалғап жатты осылай,
Махамбет пен Бейбарыстың арасын!

Толғау-толғау дүние ғой, толғасаң…
Орман-орман ой екен ғой, қозғасаң…
Оның барлық болмысына жарасар
Сан тұлғаны санаңа сап сомдасаң.
Актер болып келдің екен, өмірге,
Нұрмұханша!.. толғана біл, ойнасаң!
Нұрмұханша!.. ойлана біл, ойласаң!
Жанарының тұңғиығы әйтпесе,
Тереңіне батырады бойласаң…

Уа, Нұрмұхан, Абызым,
Сабырлы едің, у құйылған ыдыстай.
Жалынды едің, қыннан шыққан қылыштай.
Алтын басың — сахнаның төріндей
Қадірлі едің, ынтымақ пен ырыстай.

Даралығың – дарақтай.
Даналығың – тауды құшқан алаптай.
Қиялыңның қиыр-шеті көрінбес,
Құсқа біткен қанаттай.
Сегіз қырлы жауһардайын өнерлім,
Сырға тұнған сегіз тұтам садақтай.
Сегіз арыс Адай елі ардақтап,
Қадіріңе кім жетеді қазақтай?!
Сенің сондай сом алтындай бейнеңді
Аялап өтер Алашың
Алтынмен жазған парақтай!

Бақыт Беделхан




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *