Елбасы Түркиямен екі жақты байланыстарды одан әрі нығайтудың нақты шараларына тоқталды

227

Қазақстан Президенті отырысқа қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде екі жақты ынтымақтастықтың қазіргі мәселелеріне жан-жақты тоқталды, — деп хабарлайды kazgazeta.kz  Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

– Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас стратегиялық серіктестік рухында дамып келеді. Сауда-экономикалық байланыстар ынтымақтастығымыздың маңызды бөлігі саналады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның маңызды инвестициялық әріптестеріміздің бірі екенін айтты.

Қазақстан Президенті екі жақты байланыстарды одан әрі нығайтудың нақты шараларына тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев өзара ынтымақтастық мәселелерін шешу үшін  Қазақстан мен Түркия арасындағы үкіметаралық комиссияның мүмкіндіктерін  тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Жаңа синергия» атты бірлескен бағдарламаны жүзеге асыру нәтижелеріне тоқталып, инвестициялық әріптестікті дамыту перспективалары туралы әңгімеледі.

– Бүгінде Қазақстан «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында көлік инфрақұрылымын жаңартуда. Біз осы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде Орталық Азиядағы жетекші логистикалық хабқа айналуды жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты, бізге елдеріміздің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев мұнай-газ және әскери-өнеркәсіп салаларындағы қатынастарды нығайту мәселелеріне назар аударды.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінде, туристік және ғылыми-техникалық салаларда тиімді байланыстар орнатудың маңызды екенін атап өтті.

Кеңес барысында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне де ерекше мән берілді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *