Дін – ұстай алсаң қасиетің…

1237

Еліміз тәуелсіздік алып, сан жыл­дардан бері аңсаған арман-мақсатымызға жеттік. Рухания­ты­мыздың тамырына қан жүгіріп, өшкеніміз жанып, ұмытыла бастаған салт-дәстүр, тіл мен діл, дініміз қайта жаңғырды. Жастарымыз иманды­лыққа бет бұрды. Жат ағым жетегінде кетіп, адасып жүргендер барын да жасыра алмаймыз. Осы орайда исламтанушы,  Алматы қаласы Орталық меші­тінің наиб имамы Ермек Көкірек­баевпен әңгімелесіп, көкейде жүрген сауалдарға жауап алған едік. 

– Ермек Жамбылұлы, діннің бүгінгі қоғамдағы атқаратын рөлі қандай?

– Дін – адамзат баласын жақсы­лыққа, имандылыққа жетелейді. Біздің ғұлама ғалымдарымыз «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» дейді. Құдай жоқ, дін апиын деген тұста азанды ақырын айтып, жаназаны жасырын шығарған қиын заманнан да өттік.

Бүгінде Тәуелсіздігіміздің арқасында қолға алып жатқан шаралар көп. Мәселен, Қазақстанда 2700-ге жуық мешіт салынып, есігін айқара ашты. Жоғары білім беретін университет, бірнеше медресе бар. Жастарымыз ғылыммен айналысып, магистратура, докторантурада білімін жалғастыруда. Мұның барлығы мемлекетіміздің, Елбасының қолдауымен жүзеге асып отырғаны белгілі. Сондықтан діннің қоғамдағы атқаратын рөлі орасан зор деп айтуға толық негіз бар.

– Тәуелсіздігіміздің келуімен дініміз де ортамызға оралды. Дегенмен, бүгінгі таңда діннің негіздері мен қағидаттарын әртүрлі түсіндірушілер бар. Жалпы біз ата-бабамыздан келе жатқан ардақты дінімізді қалай қабылдап жүрміз?

– Сұлтанмахмұт Торайғыров «Жақсы­лық көрсем өзімнен, Жаман­дық көрсем өзімнен» десе, Құранда «жақсылық жасасаң өзің үшін пайдалы, ал күнә, қателік, жамандық істесең өзің үшін зиян» дейді. Сондық­тан шамамыз келгенінше ата-бабамыздан қалған асыл дінді бұрмала­май, аманатқа қиянат жасамай келер ұрпаққа жеткізу біздің басты міндетіміз болуы шарт.
Діннің негіздері мен қағидаттарын әртүрлі түсіндірушілер бар деген сауа­лыңызға келсек, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дінді үйрететін, білімді, білікті мамандар тапшы болды. Білгісі, үйренгісі келгендер Араб еліне, Түркияға, Пәкстанға, енді бірі Өзбекстанға жол тартып, оқып келген соң, әрқайсысы өзінің білгенінше дінді үйрете бастады. Бірі қадағаланды, бірі қадағаланбады, жасырын барып оқыды. Осылайша, дінде тармақтар, яғни секталар пайда болды. Бұл олқылық дер кезінде аңғарылып, елімізде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды. Қазір игі жұмыстар атқарылып жатыр. Яғни жат қылықтарға бой үйретпеу үшін олардың алдын алу шаралары жүргізілуде.

Қазір қай мешітке барсаңыз да жас­тарды көресіз. Жұма күні тіпті мешіттің іші-сырты лық толады. Алматы ірі қала орталығы болғандықтан, жан-жақтан келетіндер көп. Өткенде мұны байқаған бір ақсақал: «жастар­дың барлығы иманды, демек, арақ ішпейтін, шылым шекпейтін ұрпақ өсіп келе жатыр. Сендердің келешек­терің, болашақтарың алда» деп риза­лығын білдірді. Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деді ғой, сол Мағжанның сенетін жастары өсіп келеді. Жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, жат ағымнан сақтандырсақ көп мәселе өз шешімін табары сөзсіз.

– Дәстүрлі дінімізді қорлап, теріс жолға, адасуға алып баратын әрекеттер туралы не айтар едіңіз?

– Ислам діні – тазалыққа құрыл­ған. Дініміз береке-бірлікті, ынты­мақ­ты, татулықты ту етеді. Өкінішке қарай, жат ағым жетегінде адасып жүргендердің айрандай ұйып отырған ауызбіршілікті бұзып, ынтымаққа зияны тиіп жатуы кімді де болсын қынжылтары сөзсіз. Мәселен, кеше Сирияға сенделіп, Ауғанға ауып жатқан кейбір қазақ жастарының сол білімсіздігінің, діни сауатының жоқтығы салдарынан, бүгінде темір тордың аржағында отырғандары қаншама. Біздің ислам діні – талас-тартысқа емес, қауымды ынтымаққа ұйыстыратын дін екенін естен шығар­мауымыз керек.

– Сіздің ойыңызша, жастардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған ­шаралар қандай сипатта болуы керек?

– Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, еліне, жеріне, Отанына пайдасын тигізетін ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуіміз қажет.

Жастардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар көптеп жүр­гізілуде. Көпшіліктен қолдау тапқан бір игі шараны атап өтейін. Діни басқарма тарапынан терме бәйгесі ұйым­дастырылды. Терме – қазақтың жанына жақын, тәлім мектебі іспеттес. Соның арқасында еліміздің әр түкпірінен 20-30-ға жуық мағыналы да мәнді терме жазылды. Ол басқарманың сайтында тұр, кез келген уақытта тыңдауға мүмкіндік бар. Келесі – Құран жарысын айтуға болады. Құранды жатқа айтатын көптеген қарилар шықты. Бұдан бөлек, біз, Орталық мешіт тарапынан спорттық шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Қазақ күресі, шаңғы тебу, футбол турнирі, т.б. Бәйгеден жүлде алғандар Мекке Мединаға барады, Нұр-Мүбарак университетінде тегін білім ала алады, әрі шәкіртақымен қамтамасыз етіледі.
Қиналған жанға көмек қолын созып, мұқтаждың мұңын бөлісетін еріктілер тобы бар. 400-500-дей мүшесі бар әлгі топ бір жылда екі миллион ақша жинап, көп балалы ана, т.б. мұқтаж жандарға өз ықылас-ниеттерімен жәрдемдесті. «Әр қазақ менің жалғызым» қағидасын басшылыққа алып, сауап іс жасап отыр. Жақсылық жасау – сауапты іс.

– Дінімізді өркениеттің талаптарымен, яғни ғылым-білім және өзге де салалармен ұштастыра дамытуға бола ма?

– Қазіргі жағдайға келсек, дін мен ғылым-білім егіз ұғым, оны бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Елімізде әйгілі Әл-Азһар университетін үздік бітіріп, магистратура, докторантурасын тәмамдап келіп жатқандар бар. Қайрат Құрманбаев, Қайрат Жолдыбайұлы, Асқар Әкімханов, Бауыржан Әлиұлы, Еркінбек Шоқай, Ризабек Батталұлы, Оралхан Сейдуманов, Мұхиддин Паттеев, Алау Әділбаев, Ерсін Әмре және т.б. азаматтардан ел үміт күтеді.

Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасы жанынан құрылған Ғұламалар кеңесі бар. Әр тоқсан сайын жиналатын бұл кеңес Ислам негіздеріне сүйене отырып, қоғам өмірінде мұсылмандық ұс­танымға қатысты туындап отырған өзекті мәселелерді талқылап, пәтуа шығарады.

– Батыс елдері дін насихатына ерекше көңіл бөледі. Телеарналарынан байқасақ, мыңдаған халықты жинап, үлкен залдарда жүргізеді. Олар білімді, ең бастысы, сөзге де шешен болып келеді. Ал бізде халық алдына шығатын имамдардың шешендік өнері мен қабілетіне қаншалықты көңіл бөлінеді? Осы жөніндегі пікіріңізді білсек.

– Көтеріп отырған мәселеңіз орынды. Біздің дінімізде о баста еркін, шешен сөйлеуге ерекше мән берілген. Себебі әр имам сөзге шешен, ділмар болуы тиіс. Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде білгеніңді көркем тілмен жеткіз дейді. Яғни алдыңа келген әр адамға өз ойыңды жатық, қарапайым тілмен жеткізуің керек.

Бұл орайда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан ҚР Мәдениет қайраткері, профессор Мұрат Әбзелбаев келіп, имамдарға ­шешен сөйлеу өнерінен шеберлік сабағын өткізді. Екі ай дәріс алып, білмегенімізді үйрендік. Шындығын айтқанда, көп нәрсеге қанықтық.
Имам өз саласының білгірі болуымен қатар, сол білімін халыққа көркем тілмен, тыңдарман жүрегінен орын алатындай жеткізе білу үлкен өнер. Ол үшін әдеби кітаптарды, әсіресе Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп еңбектерін оқығандарын жөн санар едім.

– Дін мәселесінде өзіңізді ойландырып, толғандырып жүрген қандай өзекті мә­селелер бар? Не жеткіліксіз болып жатыр? Неден сақтануымыз керек? Қандай қа­ғи­даттарды басшылыққа алғанымыз дұрыс?

– Ашығын айтсақ, қазір бізде дін десе үрке қарап, шошитын адамдар легі пайда болды. Дінге кірсе, ол адасып кете­тін­дей көреді. Уахабизм, салафизм бағы­тына кетіп қала ма деген қорқыныш басым. Бәлкім, дәл қазіргі кезеңде бұл қор­қыныш-үрейдің белең алуы заңды да болар.
Бірақ біз басты нәрсеге назар аударуы­мыз керек. Діни білімді көлденең көк аттыдан емес, ресми орындардан, нағыз білікті имам ұстаздан алған жөн.
Тарихтан өздеріңізге мәлім, ­Құнан­бай бабамыз Абайды алғашында медресеге апарған. Бейімбет Майлинді, т.б. алғашқы оқытқан ұстаздары – ауыл молдасы, яғни ауыл молдасынан барып хат таныған.
Демек, мәселе сауатты маман таба білуде. Бұл ретте бізде Қазақстан мұсыл­­мандары діни басқармасы бар. Жоға­рыда атап өттік, кім болса да кез келген уақытта көкейдегі сауалына ­жауап ала алады. Тегін сауат ашу сабақтары жүргі­зі­леді. Қазіргі таңда ислам дінінің құнды­лық­тарынан сусындауға толық мүмкіндік бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Әңгімелескен Бағдагүл Балаубаева




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *