«Оралман» фильмі «Тұлпар» киножүлдесінің алты аталымы бойынша жеңімпаз атанды

160

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Оралман» көркем фильмі ұлттық «Тұлпар» киножүлдесінің алты аталымы бойынша жеңімпаз атанды, деп хабарлайды kazgazeta.kz Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Тұлпар» жүлдесінің марапаттау рәсімі кеше, қыркүйектің 19-нда Almaty Film Festival кинофестивалінің жабылу салтанатында өтті.

Ұлттық кинематография өнері мен ғылымдары академиясының барлық мүшесі қатысқан жабық дауыс беру қорытындысы бойынша, «Оралман» картинасы үздік фильм болып танылды. Одан бөлек, фильмнің режиссері Сәбит Құрманбеков үздік режиссер, ал басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда үздік актер атанды. Сондай-ақ «Үздік сценарий» аталымы бойынша фильмнің сценарий авторлары Нұрлан Санжар мен Сәбит Құрманбеков марапатталды. «Үздік суретші» жүлдесі фильмнің қоюшы суретшісі Рустам Одинаевқа табысталса, «Үздік композитор» жүлдесі «Оралман» фильмінің музыкасын жазған Айдос Сағатовқа бұйырды.

Ал қалған жүлделер режиссер Ақан Сатаев түсірген «Она» фильміне табысталды. «Үздік актриса» номинациясында Айсұлу Әзімбаева жеңіске жетсе, «Үздік оператор» жүлдесімен Азамат Дулатов марапатталды.

Кинематография саласындағы ұлттық «Тұлпар» жүлдесін отандық кинематографты қолдау, мәдени ерекшелікті және ұлттық киноиндустрия негізін сақтау, жергілікті және халықаралық жұртшылық арасында қазақстандық үздік жұмыстарды насихаттау мақсатында құрылған болатын. Аталмыш жүлде кинематографияның және отандық киноның дамуына көрнекті үлес қосқан жетістіктері үшін берілетін кәсіби марапат болып табылады.

Биыл «Тұлпар» жүлдесінде 2017 жылдың 1 қазаны мен үстіміздегі жылдың 30 қыркүйегі аралығында көрермен назарына ұсынылған немесе прокатқа шығуға жоспарланған қазақстандық көркем, деректі және анимациялық фильмдер іріктеуден өтті.

Естеріңізге сала кетсек, «Оралман» фильмі туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыз жайлы баяндайды.

Аталған кинотуынды Иранның астанасы Тегеранда өткен 35-ші Халықаралық Фаджр кинофестивалі мен XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің Бас жүлдесін жеңіп алған болатын. Фильмде басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда қыркүйек айында Татарстанда өткен XIII Халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ, картина Италияда өткен ХХ Халықаралық «Religion Today» кинофестивалінде «Үздік фильм» номинациясында жеңіске жетіп, тәуелсіз SIGNIS қазылар алқасының арнайы жүлдесін иемденді. Одан бөлек, Германияда өткен 66-шы Халықаралық Мангейм-Хайдельберг кинофестивалінде «Оралман» фильмі үздік жетістіктері үшін арнайы жүлдемен марапатталды. Ақпан айында аталған кинотуынды Непалда өткен 22-ші халықаралық кинофестивальде «Шетелдің үздік фильмі» жүлдесін иемденген болатын. Үстіміздегі жылы сәуір айында «Оралман» фильмі Бішкекте өткен «Ақ Ілбіріс» ұлттық киножүлдесінің екі марапатына қол жеткізді. Фильм «Орталық Азияның үздік фильмі» жүлдесімен, ал картинада басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда «Орталық Азияның үздік актері» жүлдесімен марапатталды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *