Junior Eurovision 2018 байқауына Қазақстаннан Данэлия Тулешова қатысады

630

Минскіде өтетін «Junior Eurovision 2018» халықаралық байқауында еліміздің намысын 12 жастағы Данэлия Тулешова қорғайды, — деп хабарлайды kazgazeta.kz

Ұлттық іріктеу байқауында 10 қатысушының ішінен жас әнші  көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Бұл «Хабар» агенттігінің бастамасымен елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған жоба. Байқауға қатысуға ниет білдірушілерден 200-дей өтініш түскен. Қазылар алқасына ақтық сында өнер көрсететін жүзден жүйрікті таңдау оңай болмағаны анық.  «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілген ұлттық іріктеу байқауында жеңімпазды анықтауға көрермендер де атсалысты. Роза Рымбаева бастаған қазылар алқасы балалардың өнерін кәсіби тұрғыда бағалады. Аталған халықаралық байқау 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан байқауға Қазақстан биыл бірінші рет қатысқалы отыр.

Ерлан Игісінов, «Хабар» арнасының директоры:

Біз керемет шоудың куәсі болдық. Тағы да айтып өткім келеді, халықаралық байқау ережесі бойынша, оған Еуропалық хабар тарату ұйымына мүше елдердің өкілі ғана қатысуға құқылы. Айта кетейік, «Хабар» агенттігі – аталған одаққа мүше еліміздегі жалғыз арна. Беделді байқаудың сахнасында қазақ тілінде ән шырқалса, бұл бәріміздің ортақ жеңісіміз.

  Гала-концертте «Өзіңе сен» әнін орындаған Данэлия Тулешова көрерменнің де, қазылар алқасының да жоғары бағасына ие болды. Енді қазақ елінің намысын Минскіде қорғайтын болады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *