«Абылайдың қара жолы» экспедициясы Түркістанда

596

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Абылайдың қара жолы» экспедициясы Ақмола-Ұлытау-Түркістан» бағыты бойынша жолға шыққан еді.

Экспедиция 17-27 қыркүйек аралығында 3500-3700 шақырымды құрайтын жол қашықтығын аралайды деп жоспарланған. Жоба бойынша сапар басы 2018 жылдың 17 қыркүйегінде Бурабайдағы Абылай хан алаңынан бастау алған болатын. Бұл сапардың мақсаты – Абылайдың қара жолы бойындағы көне қорымдарға зиярат етіліп, халық аузында сақталған аңыз-әңгімелер, тарихи маңызды деректерді ел ішінен жинау болған.

Экспедиция 23 қыркүйек күні Түркістан қаласына келіп жетті. Үш көлікпен сапарға шыққан 10 азамат 18-ші ғасырдағы «Көкшетау-Ақмола-Ұлытау-Түркістан» керуен жолымен мыңдаған шақырым жол жүріп өткен. Экспедицияға мүшелерінің қатысуымен Түркістан облысы әкімдігінде арнайы жиын болып өтті. Онда жоба жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлы:

— «Абылайханның қара жолы» жобасының ата-бабалар тарихын жаңғыртудағы маңызы зор. Біздің тобымызда тарихшы, географ, өлкетанушы ғалымдар мен тілшілер және зиялы қауым өкілдері бар. Олар жол бойындағы ауылдарға соғып, аңыз-әңгімелер жинап, сапар барысында кездескен тарихи орындарды белгілеп, қағазға түсірді. Сапар қорытындысы бойынша ғылыми мақалалар жарық көреді. Экспедиция бүгін Абылай хан мәңгі қоныс тепкен ұлы шаһар — Түркістанға келіп отыр. Түркістан облысы құрылып, шежірелі қаланың жаңа дәуірі басталып жатыр екен. Сіздерді осы қуанышты оқиғамен құттықтаймын. Түркістанның қазақ тарихында орны ерекше, — деп экспедиция жайлы толығырақ айтып өтті.

—  Жалпы Абылайға қатысты «Абылайдың қара жолы», «Абылайдың қара қосы» деген ұғымдар күні бүгінге дейін ұрпақтар санасында жаңғыра отырып жеткен. «Қара» деген сөздің өзі қазақ тілінде «қасиетті», «көне», «үлкен», тағы басқа мағыналарды беретінін ескерсек, «Абылайдың қара жолы» тіркесінің мағынасын – жалпыға мәлім даңғыл керуен жолы деп түсінуге болады» — деді жиында сөз алған бірі Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің оқытушысы Гаухар Пірімбетова.

Экспедицияда аясында топографиялық карта дайындалып,  Көкшетауда республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілетін болады.

Гауһар Түстікбаева,

«Қазақ газетері» ЖШС




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *