Қазақ тіліндегі бас әріп орфограммасы: кодификациялау барысында туындаған қиындықтар және олардың шешімі

1109

Орфография саласында жалқы есімдердің құрамын, типтерін, түрлерін ажырату, оларға сипаттама беру, жазылуын белгілеу зерттеуді қажет ететін мәселе.  Орфографиядағы бас әріпті қолдану турасындағы ережелер басқа орфографиялық ережелерден өзгеше және өзіндік құрылымы бар жүйе.

Қазақ орфографиясында бас немесе кіші әріпті жазуда семантикалық және синтаксистік, кейде символдық принципке негізделеді. Семантикалық принцип лексикалық бірліктерді контекстік мағыналық ерекшелігіне байланысты  қарастырса (жалқы есімдерді бас  әріппен жазу),   синтаксистік  принцип  мәтіннің бөліктерін ажырату үшін қолданылады (жаңа сөйлемді бас әріппен жазу). Семантикалық принцип өз кезегінде тілтанымдық әдебиеттерде  идеографиялық, лексикалық деп те аталады. Бас әріпті жазудағы  символдық принцип  сөйлем ішінде белгілі бір  сөзге  екпін түсіруге байланысты қарастырылады.

Әдетте бас әріппен жалқы есімдер және сөйлемнің алғашқы сөзінің бірінші әрпі, ал кіші әріппен жалпы есімдер және сөйлемнің басқы  сөзінің бірінші әрпінен басқалары жазылатыны белгілі. Сонымен қатар   адам аттары (антропонимдер), геологиялық атаулар (топонимдер), діни атаулар (теонимдер), жануарлар атаулары (зоонимдер), аспан денелерінің атаулары (астропонимдер), тарихи уақиғалармен байланысты мезгіл атаулары (хрононимдер), рухани нысандар (идеонимдер) бас әріппен жазылады. Кейбір жалпы есімдер мәтін ішінде көтеріңкі сарынмен немесе белгілі бір нәрсенің символикасы ретінде айтылса, бас әріппен жазылады.

Жалқы есімдер мен жалпы есімдер семантикалық, сөзжасамдық және қызметтік жағынан айырмашылықтарға ие.  Жалқы есімдер мен жалпы есім  атауларына назар аударсақ, олардың бір-бірінен едәуір семантикалық айырмашылығы бар екендігін   байқауға болады.

Семантикалық әртүрліліктен басқа, жалқы есімдер құрамы жағынан да әртүрлі болып келеді. Біртұтас атауды білдіретін, құрамына кіретін сөздердің саны мен сөздердің арасындағы синтаксистік байланыс түрімен де өзгешелік көрсетеді.  Жай жалқы есімдер бір сөзден жасалса, ал күрделі жалқы есімдер екі немесе одан да көп синтаксистік өзара байланысқан сөздерден жасалады [1, 151]. Жалқы есімдер құрамына жалпы есімдер де ене алады. Біріншіден, жалпы есімдер жалқы есімдер құрамына көмекші сөздер ретінде кіреді. Екіншіден, жалпы есімдер «номенклатуралық терминдер» деп аталатын, яғни нысандардың түрлілік белгілерін көрсететін (көл, өзен,  қала, ауыл   және т.б.) атаулар ретінде де жалқы есімдер құрамына кіреді. Үшіншіден, жалпы есімдер жалқы есімдер құрамында, негізгі атаудың жанына ере жүретін сөздер ретінде: ономастикадағы дәреже атаулары: граф,   фельдмаршал (немесе маршал), генерал, полковник және т.с.с.,  Төртіншіден, топонимикада жиі кездесетін    атауларда қолданылады. Бесіншіден, негізгі сұрақ жалпы есімнің мән-мағынасын ашатын, жалқы есімдерде сияқты міндетті шарттылықты қаламайтын объект атауларында кездеседі [2, 20-21].

Жалқы есімдерді жазу кезінде лексикалық қана емес синтаксистік те тәсіл маңызға ие. А.А.Реформатский жалқы есімдер орфографиясын зерттеп, былай деп жазған: «Моделі, түрі, парадигмасы қатал тәртіппен орналасқан жалпы есімдер, морфология, фонетика, орфографияға қарағанда жалқы есімдер тарауында «еркіндік» орын алуы мүмкін. Сондықтан да жалпы есімдер орфографиясына қатысты міндетті бірегейлендіруді жалқы есімдерге қатысты қолдануға болмайды» [2, 7]. Ғалымның бұл тұжырымы қазақ жазуында жиі  байқалатынын білеміз. Бас әріптің негізгі принциптерін теориялық және практикалық түрде қолдану, жазу практикасына да, нұсқаулар құру үшін де айтарлықтай қиындықтар туғызады. Жазарман   алдында кездесетін қиындықтар жайлы Т.И.Сурикова [3] өз мақаласында былай дейді: бас әріппен жазу  бір қарағанда қарапайым есеп ретінде қабылданып, ал шешу кезінде көптеген жағдайда күрделі методологиялық мәселелер тудырады» [4, 34]. Шындығында да, жазу практикасында жалқы және жалпы есімдер арасындағы шектеу сызығын айқындау қиындық туғызады. Мысалға, көше мен алаң атауларындағы   жалпы есімдер өз мағынасын жоғалтып, десемантизацияға ұшырап,  бас әріппен жазылатын жағдайлар да болады. Бас әріптің десемантизацияланған функциясы туралы Н.А.Добролюбов  бас әріпті қолдану не қолданбау  туралы мәселе сөзді білмеу және оның мағынасын түсінбеуден туады дейді [5: 380].  Ғалымның бұл тұжырымы құптарлық.  Бас әріпті қолдану басырында жазарман  ең алдымен сөздің мағынасын білу шарт. Сондай-ақ  жазу барысында сөздің семантикалық және құрылымдық ерекшеліктерін білмесе,  бас әріптің   орфографиялануы жазарман үшін қиындық туғызады.

Тіл жанды әрі қоғамдық құбылыс болғандықтан объективті дүние  құбылыстары мен заттары инвентарь, құрам, қасиет, сапа жағынан сан алуан өзгеріске түседі. Бұл, әрине, адам санасы, адамның қоғамдық өмірі мен қызметінің  күрделенуіне байланысты. Тілдік  практиканың әлеуметтік сипатының күшеюі тілдің ішкі жүйесінде мағыналық ауысулар, жаңа жасалымдар тудырады. Әсіресе тіркестердің дербестенуі (индивидуализациялануы) (Дүниежүзілік экономикалық форум, Республикалық референдум, Денсаулық қорғау орталығы,  Республикалық талдау орталығы, Республикалық ұлан, Республика сарайы, Бүкіл дүниежүзілік форум, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы (құрылтайы), атаудың ықшамдалуы негізінде туған, толық нұсқасы: Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) және Біріккен ұлттар ұйымы Балалар қорының (ЮНИСЕФ), алғашқы санитарлық медициналық көмек (АСМК) жөніндегі  халықаралық конференция, күрделі құрамды атаулардың (көп құрамды объектілер) орасан мөлшерде көбеюі (Қазақстан Менеджмент Экономика  және болжау институты (ҚМЭБИ), Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі (ҚР БжҒМ) және т.б.  осы мысалдардан байқалған тағы бір  құбылыс: жаңа грамматикалық және лексикалық тіркесім мүмкіндіктерінің молаюы. Мысалы және жалғаулық шылау күрделі құрама атауларды жасауда мамандануға түсіп отыр.

Сөздің бас не кіші әріппен жазылуын білу үшін ең алдымен жалпы және жалқы есімдерді ажырата білу шарт. Жалқы есім жалпы есімнен де, жалпы есім жалқы есімнен де жасалады. Жалқы есімдер бірінші тілдік жүйеден екінші тілдік жүйеге тез ауысады.  Жалқы есімдердің тууы – үздіксіз жүретін процесс. Қоғамдық сана мен қызметтің күрделенуіне, жаңа формаларының пайда болуына орай жалқы есімдер де жаңадан жасалып, өзіндік мәнін, орнын өзгертіп отырады. Мысалы, кітаптардың, кезеңдік басылымдардың, транспорт құралдарының атауын жалқы есімдер құрамынан шығару жөнінде талас пікірлер әркез туып отырса,  кейбір зерттеушілер (Суперанская) тауарлық белгілерді, сондай-ақ этнонимдерді жалқы есімдер құрамына күргізбеуді жөн санайды. Мұндай жағдайда жалқы есімдердің құрамын, типтерін, түрлерін ажырату, оларға сипаттама беру, жазылуын белгілеу мәселесі қиындай түседі.

Бас әріптің жазылудағы үлкен қиындықтардың бірі  нысандардың күрделілігіне, яғни көп құрамдылығына байланысты.  Мысалы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Фонетика бөлімі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих, археология және этнология факультеті. Соңғы мысалда атау үш сыңардан тұрады: әл-Фараби атындағы (оны атау ішіндегі жалқы есім деп есептейміз), Қазақ ұлттық университеті (екінші құрамда үш тірек сөз тұр. Осы үшеуін де бас әріппен жазамыз ба, әлде тек бірінші тұрған сөзді бас әріппен жазамыз ба), үшінші құрам – тарих, археология және этнология факультеті. Бірыңғай атауларды бір топқа біріктіріп, дербестендіру үшін, әрі көп құрамды атаудың жігін дұрыс әрі айқын көрсету үшін басқы сөзді бас әріппен жазу тәжірибесіне қолайлы. Ал осы типтес, бірақ мағыналық жағынан өзгеше қағидамен берілетін атау түрлері де бар: Алматы үздіксіз білім беру университеті, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасы  Мәдениет және спорт министрлігі,  Білім, ғылым және мәдениет мәселелері ұйымы – ЮНЕСКО (UNESCO), Орталық мәдениет және демалыс саябағы т.б. Осы арада бұл атаулардың жазылу принципінде екі жайт көрінеді: біреуінде Мәдениет және Білім  сөзі бас әріппен, екіншісінде кіші әріппен берілген.  Оны анықтау үшін білім және мәдениет деген сөздің жазылу сипатына мән беру керек. Жоғарыда тарих, археология және этнология деген күрделі, көп құрамды объектінің атауында тарих деген сөздің бас әріппен жазылуы басқа принципке негізделсе, бұл жерде жағдай өзгешерек. «Білім» сөзі ірі, бас нысанның атауы болып табылады, әрі көп құрамды атаудың басында келеді. Білім, ғылым  министрлігі бірігіп, ірі, үлкен объектіге айналып тұр. Білім және ғылым  деп берілуін атаудың іштей жіктелуі деп түсінуге болады (атаудың коммуникатитік қызметі). Сонда ірі, күрделі, көп құрамды объектінің бірінші сөзі ғана бас әріппен жазылуға тиіс. Бұл ереже  географиялық атаулар арқылы берілетін көп құрамды сөздердің жазылуы қарама-қайшы. Ережеде: бір атауда екі объектінің сипаты берілсе, әрбір объектінің сипатын айқын, көркем көрсету үшін арасына  дефис қою және дефистен кейінгі сыңарды бас әріппен жазу (Беломор-Балтық каналы, Соколов-Сарыбай кен байыту орны). Бірақ бұл жерде екі жайт көзге айқын шалынады: біріншіден, қос объектінің  екеуі де географиялық атау (жер, судың аты), екіншіден, атау ішіндегі объектілердің даралық, дербестік сипаты басымдығында. Сондай-ақ Баспасөз  және бұқаралық ақпарат істері жөніндегі Ұлттық агенттік деген атау жазу, сөйлеу тәжірибесінде үш түрлі нұсқамен келуі мүмкін. Біріншісі, атаудың толық түрі, екіншісі, Баспасөз агенттігі деп келуі (атаудың басқы сөзі мен атауға ұйытқы болып тұрған агенттік сөзінің тіркесімі) және Ұлттық агенттік. Соңғы екеуі  атаудың ықшамдалуы негізінде туған. Ықшамдалған атаулар бас әріптен басталып жазылады. Бұл да дербестену үрдісіне жататын құбылыс. Оның себебі, біріншіден, контексте ықшамдалған атауды жалпы атаулардан (әсіресе құрама жалпы атаулардан, мысалы, мәдениет басқармасы, ғылыми-техникалық кеңес) айыру үшін де керек, екіншіден, атаудың жалқылық сипатын сақтауына байланысты.

Жоғарыдағы жайттарға қосымша айтылуға тиісті мәселе – тірек (ұйытқы) сөздің жазылу принципі. Тірек (ұйытқы) сөздер көп құрамды атаудың қай тұсында  келгеніне қарамастан бас әріппен жазылуға тиіс. Алайда екі  не үш тірек сөз қатарласа келсе, біріншісі ғана бас әріппен жазылады (Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық мұражайы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі   т.б.). осы мәселеге қосымша тірек сөздерге қандай сөздер кіреді дегенді де анықтау қажеттігі туады.

Күрделі құрама жалқы атаулардың ішінде синтаксистік тіркестің дербестенуі жиі кездесетін тілдік құбылысқа айналып отыр. Бұл мәселеге байланысты мынаны ескеру керек: дифференциацияға түспеген атаулардың жігін ажырату  (яғни жалқы есім ретінде де, жалпы есім ретінде де қабылдануы мүмкін атау). Мысалы, қылмыстық кодекс, экономикалық форум деген атаулардың жалқы есім не жалпы есім ретінде келуін тек контекст арқылы ажырату мүмкін. Айталық,  білім, мәдениет, спорт министрліктерінде деген  контексте көптік жалғауының әсерімен атау кіші  әріппен жазылады. Бұл жерде  дербестену, даралану жоқ, көптік, жалпылық ұғым бар. Немесе ресми  және бейресми  атаулар болып бөлінуі де бас әріппен не кіші әріппен жазылу мәселесін шешіп береді.

Сонымен бірге  үлкен талас тудыратын бір мәселе ол – ең жоғарғы мемлекеттік ұйымдар мен құрылымдардың, жоғарғы қызметтердің, басқа рангадағы атаулардың қайсысы бас әріппен, қайсысы кіші әріппен жазылады деген жайтта олардың өлшемдерін нақты дәл айыру әлі  зерттеуді қажет етеді. Сондықтан орфографиялық сөздікте көбінесе ондай атаулардың тізімі түгелдей беріледі.  Яғни  олардың көпшілігі  шартты түрде жазылады, себебі кейбір  атаулардың жазылуына лингвистикалық түсінік беру қиынға соғады.

Қазіргі орфографияда   титулды білдіретін сөздерді бас әріппен не кіші әріппен жазу қиындық тудырады. Әдетте атақ-лауазым, дәреже, титулды білдіретін сөздер кіші әріппен жазылады (президент, канцлер, председатель, министр, премьер-министр, министр орынбасары,   император,   хан, шейх,  директор,  бас директор, құрметті директор,  академик, ғылым докторы,  профессор, член-корреспондент, генерал-майор т.б.).  Бұл жерде бас әріпті қолдану  мәтіннің ресмилік сипатына тікелей қатысты.  Президент,  премьер-министр  тәрізді сөздер ресми мәтінде бас әріппен жазылса (Мысалы,  Қазақстан Республикасының Президенті),  ресми емес мәтінде кіші әріппен жазылады (президент сайлауы, премьер-министрдің бұйрығы).  Ал титулды білдіретін сөздер жалқы атаудың алдынан келсе, бас әріппен, соңынан келсе, кіші әріппен жазылады. Бас әріп – мәтіндердің арнайы түрлерінде қолданылады.

Ресми құжаттарда Сіз, Сізге есімдіктері бір арнайы адамға бағытталып айтылғанда бас әріппен жазылады. Алайда бұл ережені қолдану кезінде де белгілі бір қиындықтар болады. «Жарнама мәтіндерінде немесе веб-сайттарда Сіз, Сіздің есімдіктерінің бас әріппен жазылғандығын байқауға болады. Мұндай жазылымдардың прагматикалық мәні бар. бұл жерде есімдіктердің бас әріппен жазылуы тікелей оқырманға ерекше арнайы түрде бағытталғандығын   көрсетеді.

Ертегі, пьеса, аңыз әңгіме және де өзге көркем әдебиет туындыларының кейіпкерлерінің атауларында бас әріпті қолдану ережелері де толық шешімін таппаған. Әдебиет кейіпкерлерінің атауларын бас әріппен жазу туралы ұсыныс ешқандай қарсылық туғызбайды, алайда тәжірибеде   олар түрлі нұсқада жазылады:  Ай астындағы Айбарша сұлу/ ай астындағы Айбарша сұлу,  Керқұла атты Кендебай/ керқұла атты Кендебай, Күн астындағы Күнікей қыз/ күн астындағы Күнікей қыз, Қыз Жібек/ қыз Жібек және т.б. Шамасы, авторлық жазылу мен шығарманы шығарушылардың қолданыс түрі шешуші маңызды рөл атқаруы қажет.

Тарихи, әдеби, мифологиялық кейіпкерлердің атаулары белгілі мінез-құлық сипаты ретінде жалпыламалық түрде қолданылып, біреуі бас әріппен, екіншілері кіші әріппен жазылады: Ақан сері, Ақтайлақ би, Арғын Алшағыр би, Әбілфәйіз сұлтан сөздері жалпы есім ретінде қолданылған кезде кіші әріппен жазылады, ал антропонимдер   әрдайым бас әріппен жазылады. Кейбір жағдайларда бас әріп немесе кіші әріп қандайда бір тұлғаның немесе географиялық нысанға жағымды не болмаса жағымсыз баға беру үшін қолданылады.

Жалпы есімдерге қарағанда жалқы есімдердің жазылуы экстралингвистикалық факторларға байланысты болады. Кейбір жағдайларда бас әріпті қолдану тілдік заңдылықтарға емес, саяси және идеологиялық нұсқауларға бағыныштылықтан туындайды. Мысалы  бір жылдары Советтік Одақтың жоғары мекемелер мен ұйымдар атауларында (көмекші сөздер мен партия сөзінен басқа) барлық сөзді бас әріппен жазуға, ал екінші жағынан – тек алғашқы сөзі бас әріппен жазылатын сөздерді ажыратуды ұсынды. Сонымен қатар дінге қатысты жалқы атауларды жазу нұсқаулықтары да бір кездері саяси ықпалға түскен. Біріншіден, көптеген атаулардың тіпті ережеге де енгізбеген, екіншіден, кейбір атаулардың жазылуы советтік кездегі дінде қалыптасқан қарым-қатынасқа тікелей байланысты болған.  ХХ ғасырдың 80 жылдары қоғамда дінге деген көзқарас өзгере бастағанда ережедегі кемшіліктер айқын көріне бастады. Қазіргі кезде дінге қатысты атаулар лексика философиялық-діни мәтіндерде ғана емес, діни жалқы мәндегі сөздің контекстік мазмұнға байланысты тиісінше бас әріппен жазылады. Мысалы,  Алла Тағала, Құдай Тағала, Көк Тәңірі  сияқты символдық атаулардың әрбір сөзі бас әріппен жазылады деп  бекітілді. Ал  жалқы есіммен тіркесіп келетін пайғамбар, періште (Ыбырайым пайғамбар,  Ыдырыс пайғамбар,  Ысқақ  пайғамбар , Ысрапыл періште ) сияқты сөздердің кіші әріппен жазылатыны кодификацияланды. Алайда  мерзімді басылым беттерінде Алла Тағала, Құдай Тағала, Хақ Тағала   сияқты  символдық сөздердің  әртүрлі жазылып жүргенін көруге болады.

Қазақ орфографиясында бас әріптің қолданылуына байланысты Р.Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышы» [6] атты еңбекте 27 баптан  тұратын ереже берілген. Бұл ережелер  2013 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінде» толықтырылып жүйеленді.

 

Әдебиеттер:

1 Шапиро А.Б. Русское правописание. 2 издание, – М., 1961,  – 245 с.

2 Реформатский  A. A. Упарядочение русского правописания. Русский язык в школе. – М.,1964. –131 стр.

3 Сурикова Т.И. Руский язык. – М., 2006

4 Старостин Б.А. Некоторые тенденции и перспективы в передаче и орфографии заимствуемых собственных имен // Нерешенные вопросы русского правописания. М., 1974.

5 Добролюбов  Н.А. Правописание. – М., 1967. – 468 с.

6 Сыздық Р. Қазақ тiлiнiң анықтағышы. Астана: Елорда, 2000. – 532 б.

 

 Филология ғылымдарының кандидаты

Н.Әміржанова




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *