Бақытжан Ертайұлы «Адырна» бірлестігінің шақыруымен Алматыға келді

140

Қазақ өз батырларын ерекше сыйлаған халық. Дүниеге жаңа келген нәрестеге батырдың атын бергісі келіп тұратын халық. Батырдың отырған жеріне ырымдап баласын аунатып алатын халық. Батырлардай ержүрек болсын деп балаларының аузына түкіртіп алатын халық. Алпамыс, Қобыланды, Ертарғын, Бауыржан, Қасым, Рақымжан, Сағадат, Мәлік, Әлия, Мәншүк, Хыйуаз, тағы көптеген батырларымызды ұлықтау ең үлкен құрмет.

Қазақтың осындай батырларының бірі Бақытжан Ертаев жақын күндерде Алматы қаласына «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің шақыруымен келді. Бірлестік бұған дейін де Алматы қаласы  Ішкі саясат  басқармасының қолдауымен «Азаматтық борыш» жобасының аясында ауған соғысының көптеген ардагерлерімен кездесулер өткізді. Дегенмен «Ер Төстігім бір төбе» дегендей елге белгілі батырмен болған бұл кездесу басқа кездесулерден ерекше еді. Себебі Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің қолдауымен Алматы қаласындағы Офицерлер үйінде өткен осы жиынға халықтың сүйікті батыр ұлы Бақытжан Ертаев келген болатын.

Бақытжан Ертаев 1952 жылы 25 маусымда Жамбыл облысы Жуалы ауданының Кеңес ауылында дүниеге келген. 1973 жылы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін, 1985 жылы М.В. Фрунзе атындағы Әскери академиясын тәмамдаған. 1996 жылы Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің Бас штабы Әскери академиясында оқыған. 1973-1980 жылдары — мотоатқыштар взводы, рота командирі. 1980-1982 жылдары — Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингент құрамында мотоатқыштар батальоны штабының бастығы – командирінің орынбасары, 66-жеке мотоатқыштар бригадасында және 68-мотоатқыштар дивизиясының 188-мотоатқыштар полкында батальон командирі болды. 1982-1985 жылдары – М.В. Фрунзе атындағы Әскери академиясының тыңдаушысы. 1985-1992 жылдары — Кеңес әскерінің Германиядағы тобында 35-мотоатқыштар дивизиясы полк командирінің орынбасары, полк командирі. 1992 жылдары — Қазақстанның Қарулы Күштері құрылғаннан бастап Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетінде әскери қызмет өткерген. 1992-1997 жылдары – 97751-әскери бөлімінің командирі. 1996-1997 жылдары – 1-әскери корпустың командирі. 1997-2000 жылдары — Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы. 1999 жылғы тамыздан бастап 1999 жылғы 13 қазанға дейін Қорғаныс министрінің міндетін атқарған. 2000-2002 жылдары – Шығыс әскери округі әскерлерінің колбасшысы. 2002 жылғы қаңтар-қырқүйекте — Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери академиясының бастығы. 2002-2003 жылдары — Қазақстан Республикасы ТМД-ға қатысушы-мемлекеттердің ҰҚШҰ әскери ынтымақтастығын үйлестіру штабында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің өкілі. 2003-2005 жылдары – Жауынгерлік даярлық жөніндегі құрлық әскерлері қолбасшысының орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері Бас қолбасшысы басқармасының Жауынгерлік даярлық жөніндегі бас басқармасының бастығы. 2005-2008 жж. – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының Жауынгерлік даярлықты бақылау мен ұйымдастыру жөніндегі генерал-инспекторы. 2008 -2011 жылдары — Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Жауынгерлік даярлық жөніндегі штаб бастықтары комитетінің төраға орынбасары. 2009 – 2011 жылдары — Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бас әскери инспекциясының бастығы. 2012 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. «Халық қаһарманы» құрмет атағымен, «Отан», «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі «Данқ» және басқада жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталған.

Бақытжан Ертаев Ауған соғысы кезіндегі ерліктерімен және бейбіт өмірдегі азаматтығымен  белгілі. Сондықтан кездесуге көп адам жиналды. Міне қатты соғылған шапалақтың жаңғырығы ортасымен сырт келбеті жасындай болып көрінген батыр мінбеге көтерілді. Тыңдаушылар батырдың келбетіне қарап керемет бір ерлікке арналған үлкен суреттің нақ ортасында бейнеленген Алпамыс пен Қобыланды батырлардың ұрпағын көргендей әсерде еді. Көпшіліктің алдына ширыға шыққан әдемі әскери киім киген азаматтың нағыз батыр екені анадайдан-ақ мен-мұндалап көрініп тұрды.

Батырдың назарынан елдің бірлігі, аруаққа деген сыйластық, салт-дәстүрлері, жастар тәрбиесі, тағы басқа да келелі мәселелер тыс қалған жоқ. Мысалы батыр діни экстремизм және қоғамда орын алып отырған басқа да келеңсіз жайттар туралы айтып өтті.

Батыр қашанда батыр ғой, дегенмен Бақытжан Ертаев өзінің қаншалықты нар тұлғалы батыр болғанымен ұлтымыздың «Ұлық болсаң кішік бол» деген ұлағатты сөзін де жүрегімен түйсінгенін білдірді. Батырдың жан дүниесімен мейірлене қараған көзқарасы, алғашқы сөздерін айта жымиғаны көпшілікті бірден өзіне баурап алды.

Халық ешкімді бекерден бекер батыр деп атамайды. Бұндай атаққа ие болу үшін шынында да басқалар бара алмайтын батыр болуы керек. Б.Ертаев бірде бірде 200 – шақырым жерді ауған моджахедтері атқылауынан қорықпай бір өзі машинамен аралап шыққан. Көптеген рет қарамағындағы жауынгерлерді шабуылға бастаған. «Батындан жау оғы да қорқады» деген сөз рас. Қаншама сарбаздар мен сардарлар оққа ұшса да Бақытжан Ертаев ажал еркін аралайтын шайқас алаңдарынан тірі шығып жүрді.

Б.Ертаев Қазақстанның Қарулы күштерінің қалыптасуына көптеген күш-жігерін жұмсады. Еліміздің президенті Н.Назарбаев Б. Ертаевты Қорғаныс министруі етіп тағайындамақ болғанда ол «Батыр таққа таласпайды, тақты қорғайды» деп жауап беріп бұл биік лауазымнан бас тартады.

Батыр қай жерде жүрсе де көпшіліктің  ортасынан табылуды әдетке айналдырған. Жақын сөйлесемін деген адамдарды үлкен-кіші демей құрақ ұшып бауырындай жақын тартып сөйлесетін.

Бірде Түркістан қаласында кездесу болып жатқанда, сол жердің адамдары батырға, осы жерде сіздің қарамағыңызда борышын өтеп жүріп қаза тапқан сарбадың анасы отырғанын айтады. Сонда батыр, генерал Бақытжан Ертаев қаза тапқан сарбаздың анасының алдына келіп бір тізесін бүгіп былай дейді: Құрметті Ана! Сіздің ұлыңызды ажалдан аман алып қалмағаныма кешірім өтінемін. Мақұл десеңіз мен сіздің ұлыңыз болайын, деп көпшіліктің сай-сүйегін сырқыратып, сол жердегі бүкіл жұртшылықтың көзне жас алғызып ананың алдында самайын ақ шалған басын иеді.

Сарбаздың анасы, қазақтың анасы, деген сөз рас. Қазақ тапқан сарбаздың анасы батырды құшақтап тұрғызып: Бүгіннен бастап мен сенің Анаңмын, сен менің баламсың» деп батыр баласының маңдайынан сүйеді.

Иә, батырдың әр күні осындай ерлікке тола. Осы кездесуде генерал Бақытжан Ертаев өз басынан өткен көптеген оқиғалары баяндап берді. Жиналған жұртшылық сүйікті батырының әңгімесін біресе қабағы қатуланып тыңдаса, біресе көзіне мұң ұялап тыңдады. Көпшіліктің көзіне жас алған кездері де аз болған жоқ.

Батыр осы бір қысқа жолығысуда түрлі тақырыптаға өз пікірін айтты. Бүгінгі қазақстандықтарды отаншыл болуы туралы көптеген батырлардың өмірбаянынан қызықты мәліметтер келтіре сыр шертті. Оның әсіресе көңіл алаңдатып жүргені, соңғы кездегі түрлі діни ағымдарға елтіп, еріп кетіп жатқан жастар мәселесі еді. Батыр бұл мәселеге де қайсар мінезді батырдың жауабын айта білді.

Уақыт зырылдап өтіп атты. Қоштасатын мезгіл де жетті. Жиналғандар батырмен бірден қоштасқысы келмей оны қоршап алды. Суреттке түсіп жатты, қолтаңба алушылар да аз болған жоқ.

Отандастарының көңілін қалдырғысы келмеген ақкөңіл батыр Бақытжан Ертаев көпшілікпен бірге суретке түсіп, әлі талай келуге уәде берді.

Бердалы ОСПАН.

«АДЫРНА» ұлттық порталы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *