Бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда кигендер жауапқа тартылатын болады

513

Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі хабарлайды. 

Заң жобасының мақсаты Қазақстан Республикасының діни қызмет саласындағы қолданыстағы заңнамасын жетілдіру болып табылады.

Заң жобасымен еліміздің бірқатар заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүргені; діни бірлестік басшысының, мүшелерінің немесе діни бірлестіктің осы діни бірлестіктің жарғысында айқындалған мақсаттар мен міндеттердің шегінен шығып кететін әрекеттер жасағаны; азаматтардың шет мемлекеттерде рухани (діни) білім алуы бойынша еліміз заңнамасының талаптарын бұзғаны; діни радикализм көріністерін танытқаны; деструктивті діни ағымдарға жататындығын көрсететін сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті қоғамдық орындарда пайдаланғаны, киіп жүргені және таратқаны үшін әкімшілік жауаптылық көздейтін түзетулер енгізіледі.

Заң жобасымен енгізілетін жекелеген түзетулер діни қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін тағайындалатын әкімшілік айыппұлдар мөлшерін азайтуға бағытталған.

Қылмыстық-атқару кодексіне түзетулер Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріндегі сотталғандармен теологиялық оңалту жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекіту бойынша құзырет беруді көздейді.

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға «деструктивті діни ағым», «діни радикализм», «діни бірлестіктің қатысушысы (мүшесі)» деген жаңа ұғымдар енгізіледі.

Заң жобасында сонымен қатар мемлекет пен дін арасындағы өзара қатынастарды реттейтін, өңірлік діни бірлестіктердің қызметіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың діни қызмет және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі құзыретін айқындайтын түзетулер көзделіп отыр.

Комитет отырысында «Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше бір мемлекеттің азаматтары Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше екінші мемлекеттің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде ұшыраған өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да қаралды.

Заң жобасы Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту бөлігіндегі келісілген әлеуметтік саясаты тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленген.

Келісім ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шеккен азаматтарының еңбектегі құқықтарын өзара қорғауға бағытталған.

Келісімде ЕурАзЭҚ-қа мүше бір мемлекеттің азаматтары ЕурАзЭҚ-қа мүше екінші мемлекеттің аумағында еңбек қызметін уақытша жүзеге асыру кезінде ұшыраған өндірістегі жазатайым оқиғаларды еңбекке орналастыратын мемлекеттің заңнамасына сәйкес тергеп-тексеру тәртібі белгіленеді.

Келісімді іске асыру жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру кезінде өндірістегі жазатайым оқиға туралы бірыңғай сипаттағы актіні пайдалануға мүмкіндік береді, онда жұмыскер, жұмыс беруші және жазатайым оқиға туралы барлық қажетті ақпарат қамтылады.

Жазатайым оқиғаның тергеп-тексерілуіне байланысты берілген, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдің бірінің аумағында ресімделген құжаттарды немесе олардың расталған көшірмелерін ЕурАзЭҚ-қа мүше басқа елдер заңдастырмай қабылдайды.

Өндірістегі жазатайым оқиғадан зардап шеккен жұмыскердің денсаулығына келтірілген зиянды өтеу еңбекке орналастырған мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

Комитет төрағасы Бірғаным Әйтімова ЕурАзЭҚ-қа мүше басқа елдер аумағындағы кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан жоғары және орта оқу орындары студенттерінің құқықтары заңды түрде қорғалмағанына назар аударды. Депутат соған байланысты өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру еңбек шарты бойынша қызмет ететін жұмысшыға ғана емес, тәжірибеден өтуші студенттерге де қатысты болуы мүмкіндігі туралы ережені қарастыруды ұсынды.

Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *