«Astana Media Week-2018» медиа-апталығы басталды

894

Астанадағы «Қазмедиа» орталығында «Astana Media Week» қазақстандық медиа-апталығы басталды. Үш күнге созылатын айтулы шараның басты тақырыбы — «DIGITAL MEDIA» болмақ.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев шараның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде: ««Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық медиа саласын дамытуға әрдайым айрықша көңіл бөліп отырады. Осымен екінші рет өтіп отырған Astana Media Week елімізде ғана емес, аймақта да медиа нарықты қалыптастыруға және одан ары дамытуға серпін береді деп сенемін. Өйткені елордамыздың төрінде қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен бөлек, шетелдік әріптестер де өз ойларын ортаға салады. Бұл шараның негізгі мақсаты — отандық медиа нарықты жан-жақты дамыту ғана емес, мәдени және ақпараттық байланыстарды да тереңдету. Байланысы мықты мемлекеттің қорғанысы да қуатты», — деді.
Қазақстан мен шет елдердегі медиаиндустрияның 60-қа жуық топ-менеджерлері, 50-ден астам продакшн-компаниялардың өкілдерін қосқанда шараға 2000-нан астам қонақ қатысады. Медиа-апталық «Контент-маркет» көрмесімен ашылады. Бүгінгі жиын республикалық және өңірлік телеарналардың, еліміздің барлық өңірлерінен келетін продакшн-компаниялардың, жетекші вендингтік компаниялардың қатысуымен өткізіледі. Жаңа телебағдарламалардың, реалити-шоулардың, мультфильмдердің, көркем фильмдер мен деректі фильмдердің тұсаукесері ретінде питчинг жүргізіледі. Медиа-апталықтың бірінші күні Media Talks пікірталас алаңы жұмыс істейтін болады. 27 қыркүйек «Өңірлік БАҚ форумы» өткізіледі және оған медиа саланың беделді сарапшылары цифрлық БАҚ трансформациясы сауалдарын, контент нарығы, өндірісі мен дистрибуциясы қандай болатынын, Қазақстанда медиа сауаттылық пен медиа білімнің даму мәселерін және болашағын, әрі отандық масс-медиа қызметіне қатысты заңнама саласындағы реформаларды талқыламақ. 27 және 28 қыркүйек күндері «Өңірлік БАҚ альянсы» орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың баспасөз хатшылары, баспасөз қызметтерінің мамандары мен өңірлік БАҚ тілшілері үшін семинарлар мен тренингтер ұйымдастырады. AMW аясында үшінші күні, сондай-ақ ASTANA DIGITAL FORUM өтеді.  Апталықтың жабылу салтанатында Қазақстандағы үздік баспасөз қызметі жарияланатын болады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *