«Одноразовый» қоғам

870

Экологияға қатерлі пакеттер жайлы оқимын да қайран қаламын. Кәдімгі дүкенге барғанда нан, картоп, сәбіз салатын «одноразовый» пакеттер. Үлбіреген бұл итің жүз жыл шірімей, жатқан тұсына шөп өсірмей, жер байғұсты тұншықтырып тастайды екен. Мал, аң жесе арам қатады. Сұмдық, ә?
Негізі адамның қарым-қатынасы да осы пакеттер секілді «одноразовый» боп кетті ғой… Бір реттік жиындарда көпіріп сөйлейміз, нәтиже жоқ, бір адамға көрсетуге бір күндік зауыттар ашамыз, жабылып қалады, жарнамасына жер жарғызып бір сәттік бағдарлама қабылдаймыз, құрдымға кетеді, одноразовый оқулықтар шығарамыз, ұрпақ уланады, бір көрерлік сериалдарға телміріп жылап, ертеңінде ұмытып кетеміз… Бұларды да, оларға кеткен ақшаны да. Тарих толқынының шуларын, ұлттық ұстанымның шыңдарын «одноразовый» продюсерлердің шоулары басып қалды. Менің бір досым бар, өзіне көмек керек болған кезде ғана хабарласады, қоңырау шалып, мұрсаты болмай жүргенін айтып, бір әлде бір жарым жыл хабарласпағанын ақтап алады, содан барып арқадан қағады, содан барып қолқа салады. Азық аларда пакет іздеген адам секілді. Одан да, өзімнен де жиреніп тұрсам да сөзді көбейтпей көмектесе саламын. Бірақ, ол менің не қуаныш, не қайғымды бөліскен емес, қол ұшын созған емес, тек өз баспайдасы. Осындай «одноразовый» достық азаматқа абырой әкеле ме? «Одноразовыйлық» саясат адамзатқа абырой әкеле ме?
Ақылы бар елдер пакетке тиым салып жатыр, күрес басталды. Олар көшесін тазалап жатыр, бізге ең әуелі көкейді тазалау керек-ау…

Серік Әбікенұлының фейсбук парақшасынан




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *