«Шебер – 2018» республикалық фестиваль өтеді

809

Ертең, яғни 28 қыркүйек сағат 15:00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Шебер – 2018» атты оныншы мерейтойлық республикалық фестиваль өтеді.

Фестиваль аясында 2009-2017 жылдар аралығында үздік деп танылған шеберлердің және «Шебер – 2018» байқауы финалистерінің бұйымдары қойылған көрме, «Шебер – 2018» байқауына қатысушыларды марапаттау рәсімі, сонымен қатар, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылады.

Шебер байқауы 2009 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Байқаудың басты мақсаты еліміздегі қолөнер индустриясын дамыту, талантты шеберлерді халыққа таныту, ұмыт болып бара жатқан халықтық сәндік-қолданбалы өнерді қайта жаңғырту.

Биылғы байқауға 76 туынды қабылданып, олардың арасынан іріктелген 27 бұйым финалға шықты. Байқауда жеңімпаздар «Мұрагер», «Жоғарғы шеберлік», «Асыл ұстаз», «Жоғарғы сапа», «Жаңашылдық», «Дарынды бастау», «Төлтумалық», «Экодизайн», «Ұлттық мәдени бренд», «Қазақстандық ұлттық кәдесый» және «Озат iскер» қатарлы 10 номинация бойынша марапатталады. Ең үздік деп танылған шеберге Қазақстан шеберлер одағының «ХАС ШЕБЕР» марапаты табысталады.

Шара барысында алматылық суретші Айжан Бекқұлова мен ақтаулық шебер Әуес Сағынаевтың және танымал отандық этнодизайнер Айдархан Қалиевтың киізден тігілген этникалық киімдерінің топтамалары көрсетіледі. 28-30 қыркүйек аралығында қолөнер, кесте тігу, тоқыма өнері турасында шеберлік сыныптар мастер-кластар, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтеді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *