Елжан Біртанов: «Медбикелерге талап күшейеді»

484

2019 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі медициналық оқу орындарын тәмамдаған мейірбикелерге қосымша емтихан тапсыруды заңды түрде енгізеді. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.

«Елімізде медбике даярлайтын 76 медициналық колледж бар, оның 25%-ы — мемлекеттік, қалғаны — жекеменшік. Жекеменшік басым болғандықтан, бұл бір бизнес түріне айналып кетті. Ең бастысы — лицензия бар, оның сапасына бәрі бірдей мән бере бермейді. Бұл маңызды мәселе, өйткені, көп практикалық жұмыстарды мейірбикелер істейді, сондықтан кадр сапасы осы жерге ақсайды. Осы тұрғыда біз келесі жылдан бастап сыртқы тәуелсіз комиссия арқылы медицина мамандарын қосымша емтихан арқылы экспертизадан өткізу талабын енгіземіз. Қазір аталған өзгеріске қатысты заң жобасы мәжілістің қарауында. Заң қабылданған соң медициналық колледждерді аяқтаған медбикелер арнайы тәуелсіз емтихан тапсырып, соның нәтижесінде маманға лицензия беріледі. Білімін дәлелдей алмаған маман лицензиясыз қалады, осылайша мейірбикелерге талапты күшейте отырып, медициналық қызметтің сапасын көтергіміз келеді», — деді Е.Біртанов.  Бүгінде ел бойынша медицина мамандығын бітірген студенттердің тек 60-70% ғана өз мамандығымен жұмыс істейді, қалғаны басқа салада жүр. Бұған қоса, министр медицина қызметкерлерінің жалақысы мәселесіне де тоқталды. «Медицина қызметкерлірінің тапшылығы жалақыдан туындап отырғанын бәріміз білеміз. Осы тұрғыда айтарым — министрліктің денсаулық сақтау бағдарламасындағы индикаторға сәйкес, 2019 жылы еңбекақыны жалпы экономикалық өлшеммен 10%-ға көтеру жоспарда тұр. Одан бөлек, әр өңірдің өзіндік орташа жалақы есебі бар, біз оны бақылауда ұстап отырмыз. Ай сайын мемлекеттік мекемелердегі жалақы мәселесіне қатысты есеп жүргізілуде», -деді ол.  Министрдің айтуынша, бүгінгі күні мемлекеттік медициналық мекемелердің 85%-ның жалақыны өз бетінше шешім қабылдап, көтеру мүмкіндігі бар, оны мемлекет бекітпейді.  Ең жоғары жалақы алатын өңір ретінде Батыс Қазақстан облысы аталса, төменгі жалақы көлемі Солтүстік Қазақстан облысында.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *