«TURKISTAN» экономикалық аймағын құру жөніндегі Жарлыққа қол қойылды

445

Мемлекет басшысы Түркістанға жасаған жұмыс сапарында облыс активінде Түркістан қаласын дамыту бойынша кеңес өткізді, — деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Елбасыға Түркістан қаласын дамыту жөніндегі жоспарын баяндаған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин:

 «Түркістан қаласының бас жоспарын әзірлеуге қатысты xалықаралық конкурс ұйымдастырылды. 22 ұсыныстың ішінен үздік жоба таңдалды. Таңдалған жоба сіздің тапсырмаңызда қойылған талаптарға толығымен сәйкес келеді. Соның ішінде Түркістанның тариxи құндылықтарын сақтау, одан ары көркейту, Қожа Аxмет Яссауи кесенесі негізінде мәдени-руxани орталықты сақтау және әкімшілік-іскерлік орталықты құруға ерекше көңіл бөлінді», — деп Бас жоспарға лайық жоба анықталғанын баяндады.

            Сондай-ақ, жиында  облыс әкімі Жансейіт Түймебаев әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жөнінде баяндама жасады. Өңір экономикасына 142 млрд. теңге инвестиция бағытталып, облыста қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Мемлекеттік органдарды жайғастыру үшін Түркістан қаласынан қажетті 25 ғимарат белгіленді. Тұрғын үй мәселесін шұғыл шешу үшін жергілікті бюджет есебінен Түркістан және Кентау қалаларында 1 956 пәтерлі 33 тұрғын үйдің (122 мың шаршы метр)  құрылысын бастап кеттік. Бүгінде Түркістан қаласын дамыту, туристік әлеуетін көтеру бағытында кешенді іс-шаралар қолға алынып, отандық және шетелдік кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесін беріп жатыр. Кеше ғана 28 қыркүйекте Түркістан қаласында 1-ші «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форумы өтті. Аталған форумға 17 шетел және отандық 500-ге жуық адам қатысты. Нәтижесінде 1,7 млрд.АҚШ долларын құрайтын 17 құжатқа қол қойылды» — деді облыс әкімі.

Елбасы ауыл шаруашылығын одан сайын дамытып, өнімдерді  шетелге экспорттауды міндеттеп, көлік-логистика қызметін дамытып, туризмге серпін беру керектігіне тоқталды. Түркістанды электр қуатымен, газбен, сапалы көлік жолдарымен, әлеуметтік нысандармен және ауыз сумен қамту мәселелерін шешіп, баламалы қуат көздерін дамытуды жүктеді.

  Түркістанды дамыту жөніндегі  жиында Мемлекет басшысы Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау және «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру жөніндегі тарихи Жарлықтарға қол қойды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *