Серіктестікте серпіліс бар

1076

Елбасы Н.Назарбаев өткен жылдың сәуір айында облысымызға келген іссапары кезінде терезелік алюминий профильдерін шығаратын «Cold Alumіnum» ЖШС-нің жұмысымен танысқан болатын. Президент сол сапарында импорттық тауарларды өз тауарларымызбен алмастыру экономикалық даму кезеңінде тұрған Қазақстан үшін маңызды міндеттердің бірі екендігін атап өткен. Мұндағы жұмысшыларға жемісті еңбек пен табыс тілеген-ді.

Содан бері де бір жылдан аса уақыт өтті. Біз аталған кәсіпорынның бас директоры Жеңісбек Сұлтановқа жолығып, зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып беруін сұрағанбыз. «Былтыр Елбасы біздің зауытқа келіп, жұмысшылардың, кәсіпорынның жұмысын көріп, ризашылығын білдіріп кеткен болатын» дейді серіктестік басшысы.

2014 жылы индустрияландыру картасы аясында іске қосылған зауытта бүгінде 110 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. «Cold Alumіnum» брендімен профильдер шығаратын кәсіпорын түрік инвесторларының қатысуымен құрылған. «Cold Alumіnum» ЖШС 2016 жылы 750 тонна алюминий профильдерін шығарса, оның 20 пайызы Ресей, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстанға экспортталған. Бүгінде аталған компания қазақ-түрік индустриалды аймағында ПВХ профильдерін, алюминий мен ПВХ-дан мөлдір шыны құрылымдарын шығарады. Сондай-ақ, кәсіпорын газ плиталарын жинау қызметімен айналысатын екінші зауыттың құрылысын жүргізуде. Жоба құны 2,6 млрд. теңгені құрайды. Болашақта зауытта 50 адам жұмыс істейді деп күтілуде.

Айта кету керек, қазіргі таңда Қазақстан нарығында алюминий профильдерінің көлемі 50 мың тоннаны құраса, оның 25 мың тоннасы Қытай мен Ресейден, Өзбекстан мен Түркиядан импортталады.

– Елбасының қойып отырған негізгі талаптарының бірі – отандық шикізатты пайдаланып, өз тауарымызды шығару және оны шетелге экспорттау. Осы тұрғыдан келгенде биыл Украинаға 60 тонна тауар жібердік. Сондай-ақ, ел Президенті үнемі шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігін айтып жүреді. Қазіргі таңда біздің зауыттың арқасында ауыл-аймақтарда бірқатар шағын бизнес орталықтары ашылды. Себебі, құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Ал, кез келген құрылыста есік-терезенің алюминий профильдері керек. Демек, шағын бизнес өкілдері біздің зауыттан көтерме бағамен қажетті тауарды, яғни шикізатты алып, тапсырыс берушілерге есік-терезе құрып бере алады, – дейді Ж.Сұлтанов.

Серіктестік басшысы қайта жаңғырған көне қалада енді қызу құрылыс жүретінін айта келіп, соның арқасында кәсіпорынның да жұмысы жанданатынына сенім білдірді.

Н.САЙЛАУҚЫЗЫ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *