«Тұлпар мініп, ту алған» байқауының жеңімпаздары марапатталды (ФОТО,ВИДЕО)

666

Алматының «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.  Ел ішінде ерекше қолдауға ие болған жобаға Алматының 1300-ден астам оқушысы қатысты. Әкімдік бекітіп берген ереже мен медиажоспар бойынша, 10-19-қыркүйек аралығында өткен аудандық кезеңде әр ауданнан 3 жеңімпаз анықталып, 8 ауданнан жалпы 24 бала қалалық қорытынды кезеңге жолдама алды. Ал ақтық сыннан сүрінбей отып, арнайы марапттар мен жүлделі орын иеленгендерді марапаттау рәсімі салтанатты түрде өтті.

Сонымен ынталандыру сыйлығына Шыңғысхан Армия, Мәншүк Арыстанбек және Санат Ғизатұлы ие болды. Ал ІІІ орын №152 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Бекзат Шардарбекке бұйырып, 500 000 тг сыйақы иеленді.

Ал №178 лицейдің алтыншы сынып оқушысы Абылай Бердашев ІІ орынға лайық деп танылды. Жүлдегер Абылай осылайша 12 жасында миллионер атанып, оның жүлдесі 1 млн теңгеге бағаланды.

«Мыңнан тұлпар, жүзден жүйрікті» таңдау оңайға соқпаған. Алматылық оқушылардан оқ бойы озық шығып, әр кезеңде өзін дәлелдей алған №180 жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Аружан Абсатар 1-орынды иеленді.

Аружанның қанжығасы 1 500 000 теңгемен майланса, үш жүлдегердің де жетекшілері Англияның Оксфорд қаласына ағылшын тілін жетілдіруге жолдама алды. Оқушылардың жырды жаттап, ел алдына шығуына мұғалімдердің де сіңірген еңбегі мол. Қай оқушыға болмасын оңайға соқпағаны белгілі. Бұл туралы байқаудың жүлдегері мен оның жетекшісі Майра Мырзахметова әңгімелеп берді.

Марапаттау рәсіміне арнайы келген Алмсаты қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев бұл жобаның маңыздылығына тоқталып өтті.

«Тәуелсіз елдің баласы тұлпар мінеді, ту алады. Елбасымыздың бастамасымен, Рухани жаңғыру бағдарламасының негізгі міндеті бізге бабамыз аңсаған тәуелсіздігімізді баянды ету. Жоба басталғалы бері оқушыларымыз қаншам кезеңдерден өтті.  Ұйымдастырушылармен, қазылар алқасымен ақылдаса отырып дүниеге келген бұл жоба қазақтың талай баласының рухын көтеріп, ұлттық сезімін арттыра түскеніне сенімдіміз. Тек қазақ халқына ғана емес, барша түркі халықтарына ортақ «Алпамыс жырын» жаттатқызу арқылы біз жастарымыздың рухын шыңдадық және болашақта Елбасымыз айтқандай бәсекеге қабілетті етуге бір қадам болса да алға жол аштық деп білемін» деді А.Қырықбаев.

Ал қазылар алқасының құрамында Өмірбек Айтбаев, Уалихан Қалижан, Қали Сәрсенбай, Тынысбек Қоңыратбаев, Темірхан Тебегенов, Серікқазы Қорабай және Мамай Ахмет сынды ғалымдар мен қаламгерлер болған. Жобаға қатысушы 1300 оқушының ішінен үш үздікті анықтау оңайға соқпағаны белгілі.

«Оқушыларымыздың бәрі белсенді, талантты болды. Шын жүйрікті тану мен таңдау оңай болған жоқ. Орындаушының оқу мәнеріне, образына, сахнада өзін-өзі ұстауына қарап, «Алпамыс жырын» таңды таңға жалғап оқуға әзір таланттарды көрдік, таныдық, таптық. Ең бастысы жоба толықтай өз міндетін орындап, мақсатына жетті деп ойлаймыз» деді қазылар алқасының мүшесі Қали Сәрсенбаев.

«Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық байқауының марапаттау рәсіміне  арнайы келген Алашұлы тобы, Сая Махамбет, Ерлан Рысқали, Өмірқұл Айниязов сынды өнер жұлдыздары әннен шашу шашып, бұл кеште күй де төгілді, би де биленді.

Ең бастысы, ұлттық тәрбие мен тұнық тарихымыз арқылы өскелең ұрпақтың санасына патриоттық сезімді сіңдіріп, эпостық жырларға деген қызығушылығын арттырды. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар, кеш қонақтары мұндай ұлттық жобаның жалғасын табуын тілеп тарқасты.

Авторы: Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Фото-видео авторы: Азамат ҚҰСАЙЫНОВ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *