Кәсіподақтар мен жұмысшы жастардың республикалық форумы

339

Жамбыл облысында өткен Жұмысшы жастардың республикалық форумы медицина, мұнай-газ, көлік және энергетика саласындағы жас мамандардың басын қосты. Республикада алғаш рет өткен мұндай форматтағы іс-шараны ҚР Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырды.

Форумның жұмысына «Самұрық-Энерго» энергия холдингінің де жас мамандары, атап айтқанда, оның құрамындағы компаниялар тобының — «Шардара СЭС» АҚ-ның, «Мойнақ СЭС» АҚ-ның, «Богатырь Көмір» ЖШС-ның, «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-ның, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-ның, «АлЭС» АҚ-ның, «АЖК» АҚ-ның мамандары қатысты. Холдингте энергетик және тау-кенші болып жұмыс істейтін жастардың бас қосуына «Самұрық-Энерго» Жергілікті кәсіподағы» ҚБ қолғабыс етті.

Жас мамандардың слетінде бүгінгі таңда өзекті болып тұрған мәселелер мен тақырыптардың кең ауқымы — жастардың экономика мен саясаттың барлық салаларында қатысуынан бастап, еліміздегі кәсіподақ қозғалысының теориясы мен практикасына дейін қаралып, талқыланды. Форумға қатысушылардың алдында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, Қазақстан кәсіподақтары федерациясының өкілдері, түрлі саланың сарапшылары мен танымал заңгер-ғалымдар өз ой-тәжірибелерімен бөлісті.

Форум делегаттарының бірі, «Самұрық-Энерго» АҚ «ЖЭК және Бөліп-тарату» Департаментінің «Өндірістік бағдарламалар мониторингі» бөлімінің басшысы Әнуар Әбітаевтың сөзінше, іс-шара бір демнің ішінде, ақпараттық баяндамаларға, «сұрақ-жауап» сессиясы кезіндегі қызу пікірталастарға толы өтті. «Талқылаулар барысында Қазақстандағы еңбек нарығын дамыту тақырыбына, еңбек ұжымдарындағы дауларды реттеудің заңдық мәселелеріне, сондай-ақ заманауи сын-қатерлер: цифрландыру, интеграциялану, ЕАЭО бірыңғай еңбек нарығының жұмыс істеуі жағдайында жұмыспен қамту нарығын дамыту мәселелеріне айрықша назар аударылды. Әлеуметтік әріптестікті дамытудың, атап айтқанда, ұжымдық шарттардың әлеуметтік бөлігін күшейтудің қажеттілігіне баса мән берілді», — деп атап өтті «Самұрық-Энергоның» жас маманы.

Еңбек қатынастары мәселелерін талқылау барысында «Самұрық-Энерго» АҚ мен еңбек ұжымының өкілі атынан «Самұрық-Энерго» Жергілікті кәсіподағы» ҚБ арасында қол қойылған Ұжымдық шарт форумға қатысушылардың жоғары бағасы мен қолдауына ие болғанын атап өту қажет. Көпшіліктің ортақ пікірінше, ұйымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге қаратылған құжат еңбек өнімділігін арттыруға оң ықпал етеді және жұмыс берушінің кәсіподақпен серіктестік қатынас орнатуына көмектеседі.

Ринат Тасболатов,

«Самұрық-Энерго»АҚ Үкіметпен байланыс және коммуникациялар

офисінің баспасөз хатшысы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *