Ұлылар қадірін ұғындырар сапар

1489

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ қоғамының рухани жаңғыруы – отбасы мен туған жерін сүюден, Қазақ елінің қасиетті мекендері мен киелі орындарын қадірлеуден, ұлттық салт-дәстүрлердің озық үлгілерін сақтау мен дамытудан, тарихтағы тұғырлы тұлғаларымыз бен Қазақстанның заманауи мәдениетін әлемге танытудан басталатытын атап өтті. Осы орайда, Түркістан облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы тарихи-мәдени орындардың тарихымен танысу және тың деректер жинау мақсатында «Ұлылар қадірін ұғындырар сапар» атты іс-сапарын Сыр өңірінен бастады.

Орталықтың бір топ мамандары 24-26 тамыз аралығында Қызылорда облысының маңызды мәдени нысандары: ежелгі қалалар мен ескерткіштер, киелі мекендер мен мазар-кесенелер, музей т.б. мәдени ошақтарын аралап, деректер жинады.

Қызылорда өңірі ежелден қазақ ұлтының ұйысқан ордасы болған, бүгін де сол мәнін сақтап отыр. Қобыз атасы – Қорқыт бабамызға топырақ осы даладан бұйырды. Бұл жерде қазақ жыршылық өнерінің мектебі қалыптасты. Сырдарияның жағасында сол замандағы қалалардың пайда болуы кездейсоқ емес. Еліміздің тұңғыш мәдени-ағарту орталығы болған Қызылорда облысы бүгінде Қазақстанның дамыған өңірлерінің біріне айналды.

Іс-сапардың алғашқы күні орталықтың бір топ мамандары Қызылорда қаласының тарихи-мәдени орындарымен танысып, Қазалы, Арал аудандарында іс-сапарымыз өз жалғасын тапты.

Арал өңірінде тамыры тереңде жатқан небір құнды жәдігерлер сақталған аудан тарихынан сыр шертетін Арал аудандық тарихи-өлкетану музейімен танысып, ерекше әсерде болдық. Музей 1988 жылдың 25 маусым күні ашылып, халыққа қызмет көрсете бастады. Қазіргі таңда музей қорында — 9795 жәдігер сақтаулы, оның 5747 негізгі қорға, 4048 көмекші қорға жатады. Қордағы жәдігердің ең құндысы араб тіліндегі сирек кездесетін 1899-98 жылдары жазылған «Шариғат кітабы», 1900 жылғы «Араб-парсы сөздігі», 1922 жылғы шайыр Нұртуған Кенжеғұлұлының «Өлеңдер жинағын» атап өтуге болады. Музей 6 залдан: «археология және этнография», «өнер және әдебиет», «өлке тарихы», «Тәуелсіздік залы», «көрме залы», «Арал қаласы» тарихи залдарынан тұрады. «Археология және этнография» залына тартылған теңіз ұлтанынан табылған ертедегі жәндіктердің қаңқалары, тасқа айналған денелері, бұрынғы ата-бабаларымыздың күнделікті тұтынған мүліктері, киім-кешектері, аналарымыз бен қыз-келіншектердің әшекей бұйымдары, ұлттықәуендік аспаптар, елге белгілі Жетес бидің шәйнегі, тұтынған сандығы, атақты тігінші Жармағанбеттің «Зингер» тігін машинасы, сауда-саттық, Орынбор-Ташкент теміржолының салынуы жәйлі деректер, жәдігерлер мен «Өмір» бөгетінен табылған мыс қазаны қойылған. «Өлке тарихы» залында балық кәсіпшілігіне байланысты балықшылардың ау-құралдары, балықтың түрлері, Арал теңізінің зерттелуіне байланысты материалдар кездеседі. «Әдебиет пен өнерге» арналған залда заманымыздың заңғар жазушысы Ә.Нұрпейісов, ақын-жазушы З.Шүкіров, әйгілі шайыр Нұртуған Кенжеғұлұлының көрмелерімен қатар ауданда әдебиет пен өнерді дамытуда есімі елге белгілі ақын-жазушылардың, термеші-жыраулардың және басқа да өнер адамдарының суреттері мен мәліметтері, шығармалары орналасқан. Сонымен бірге бұл залда қолөнер шеберлері, зергер-мүсінші, тоқымашылардың қол туындылары бар. Аудандық музей мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында түрлі деңгейдегі кездесулер, мерекелер, көрмелер ұйымдастырады. Жыл сайын аудандық музейді – 15000 жуық келушілер тамашалайды.

Біз өз тарапымыздан Арал аудандық тарихи-өлкетану музей басшылығы мен қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз, халыққа заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие берудегі еңбектеріңізге сәттілік тілейміз.

Орталық мамандары Қызылорда облысындағы «Ұлылар қадірін ұғындырар сапар» іс-сапарынан көп мағлұмат жинап, тәжірибе алмасып қайтты. Алдағы уақытта да бұл үрдіс өз жалғасын табады.

Камила Муса 

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкері




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *