«Алтын алма» атты Орталық-Азиялық дәстүрлі қолөнер көрме-жәрмеңкесі өтеді

538

2018 жылдың 6 — 7 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі «Бақыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығымен бірлесіп,«Алтын алма» атты Орталық-Азиялық дәстүрлі қолөнер көрме-жәрмеңкесін өткізеді, — деп хабарлайды ҚР Мемлекеттік орталық музейінің Баспасөз қызметі. 

Күз мезгілі – суретшілер, мүсіншілер,сәндік қолданбалы өнер шеберлері үшін шығармашылық шабыт кезеңі.

Алматы — алма қаласы. Айнала толы алма. Көрменің басты тақырыбы да осыған байланысты. Алма идеясы – бұл жалғыз жемістің тарихы ғана емес, ол шексіз, көп қырлы. Натюрморт және пейзаж, портрет пен жанрлық көріністер. Олар түрлі кескіндеме, графика, фотосуреттер мен гобелен және батик сияқты сәндік өнер туындыларында көрініс тапқан. Бір тақырыпты әр суретші, шебер өзінше бейнелейді. Бұл шексіз қиялдан туындаған таныс тақырып.

Сәндік-қолданбалы өнер шеберлері бұл нышандарды өздерінің туындыларында — картина, зергерлік бұйым, панно, гобелен, киіз және тері бұйымдарында, батик сияқты өнімдерінде бейнелеген. Алма бейнеленген кәдесыйды кез-келген жастағы жанға сый етіп тартуға болады. Алма бейнелі кәдесыйлар молшылық пен сәттіліктің нышаны.

Қолөнер көрме-жәрмеңкелері Орталық Азия халықтары арасында экономикалық және мәдени байланысты дамытуда үлкен рөл атқарады. Көрмеге Қазақстан, Қырғыстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Ресей елдерінен келген 150 ден астам қолөнер шеберлері қатысады. Олар өздерінің шеберліктері мен дәстүрлерін ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп қалдырады.

«Алтын алма» көрмесінің ассортименті әртүрлі: авторлық сәндік бұйымдар, киімдер, сәнді сөмкелер, зергерлік бұйымдар, дизайнерлік ойыншықтар, жеңіл көрпешелер,керамика, қолдан жасалған сабындар мен косметикалар, интерьерлік заттар, бейнелеу өнер туындылары және тағы көптеген сан алуан заттар. «Алтын алма» көрмесінде жарқын да ерекше заттарды тамашалап көрумен қатар, қолөнердің қай түріне икеміңіз бар екенін байқап, өзіңіз үшін жаңа хобби таба аласыз. Көрме аясында бұл күндері жәрмеңкеге келушілер үшін киіз, батик және қышпен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілінен өткізетін шеберлік-сабақтары ұйымдастырылады. Қолданбалы өнер туындыларын ұнатушылар сол заттардың жасалуын бақылап көріп қана қоймай, өз қолдарымен алма, әртүрлі кәдесыйлар, киізден жасалған панно және т.б. жасай алады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *