Түркістан екі дүние есігі ғой…

580

Түркістан облысына байланысты кез-келген пікір құнды, кез-келген жаңалық маңызды. Осы орайда аталмыш облыс орталығының саяси картадағы орыны, әлеуметтік дамуы, геосаяси, инфроструктуралық құрылымындағы өзгешеліктердің барлығы дерлік қатаң журналистік назарда тұр. Соған байланысты, білікті маман, білгір азаматтардан сұқбат алып, пікірін тыңдап, сөздеріңізді ой сүзгісінен өткізіп, халықтың назарына тартпақпыз. Осы орайда Түркістан облысының дамуы, болашақтағы бет-бағдары, Түркілік өркениет аренасындағы алатын орыны һақында елімізге танымал тұлғалар біз ауыз пікірлерін білдірген болатын. Назарларыңызға тұлпар ойдың тізгінін ұстап, сұңқар сөздің томағасын сыпырған пікірлер легін ұсынбақпыз:

Сейілбек Асанов Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы : «Түркістан болашақта Қазақстанды «бағатын» өңір болып кетуі де мүмкін»

Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан облысына ауысуы, өзгеше айтсақ атауының өзгеруі бекер туындаған мәселе емес. Бұл дүние тарихи себептермен тығыз байланысты. Өйткені бізге дейінгі Мағжан Жұмабаевтың өзі Солтүстік Қазақстан облысында туса да «Солтүстік Қазақстан екі дүние есігі ғой»-деп, емес,

— «Түркістан екі дүние есігі ғой

Түркістан ер Түріктің бесігі ғой» — деп, жырлап кетті. Ол Түркістанның цевилизациясын, Түркістанның даму темпін бізге дейінгі кезеңін айтты. Ол жердегі адамдардың даму эволюциясын басқа жерлермен салыстырғанда қарқынды болды. Өйткені, ол жерде сауда-саттық өте қатты дамыды. Ал, сауда жақсы дамыған жер болғандықтан адамдарының материалдық әлеуеті де жақсы болды деген сөз.Сондай-ақ, Түркістанда бұрыннан егіншілік, мал шаруашылығы, егіс шаруашылығы жақсы дамып, қалыптасқан. Адамдарының мәдени дамуы өте жоғарғы деңгейде болған. Оны қандай фактілермен дәлелдейміз?!

Біздегі Отырарды айтсақ болады. Сайранды айтсақ болады. Ар жағында орналасқан Ташкент, Өзбекстан, Самарқант. Демек, Өзбектердің, Парсылардың мәдени дамыған ошақтарына жақын орналасқан. Осы мәселе, Оңтүстік Қазақстанның регион ретінде дамуының өте үлкен факторы болды. Оңтүстік өңірден ақын-жазушылардың, мәдениет қайраткерлерінің көп шығуы климатына да байланысты. Оңтүстіктегі жылы ауа-райының өзі адам баласына үлкен серпін береді.

Өзбекстанмен шектесетіні өз алдына үлкен мәселе. Себебі, өзбекстан Республика ретінде үлкен локоматив. Сайран тұрғындары, Самарқанттағы діни оқулар, осының бәрі оңтүстік өңірдің дамуына үлкен ықпал еткен. Қоқан хандығының ХІХ ғасырдың басындағы оңтістік Қазақстанды жаулап алуы осы өңірдің көркейіп гүлденуіне, адамдарының жер өңдеумен айналысуына, тұрақтанып, қалалануына үлкен әсер еткен.

Елбасының Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы етіп ауыстыруының өзі тарихи себептеріне байланысты. Ол жердегі Қожа Ахмет Иассауй кесенесінің, Арыстан Баб кесенесінің бар болуы үлкен өнеге. 90-жылдардың басында Қожа Ахмет Иассауй атын университет атауына берілуі кездейсоқтық емес. Осы университеттің Түркістанда ашылуының өзі жай қарап қоя салатын дүние емес. Түркістан болашақта облыс орталғы болып қалады деген идея, пікірлер сол кезде айтылған. Түркі дүниесінің рухани астанасы болмағы да айтылған. Оны Түрік ағайындар да, Өзбектер де мақұлдап, қолдап отыр.

Сондықтан, тарихи-әлеуметтік маңыздылығы бойынша Түркістан облысының құрылуы өте дұрыс стратегиялық қадам. Ол жердегі мықты этностар дың өмір сүруі Түркістанның белгілі бір дәрежедегі мықтылығы. Ал, Түркістанның мықтылығы ол біздің иммиджімізге оң әсерін ғана тигізеді.

Қазір, оңтүстіктен-солтүстікке жастарды көшіру процесі жүріп жатыр. Ол болашақта адам санын көбейту арқылы мегополюс жасау үшін. Бұл – біз қаласақ та, қаламасақ та жүретін процесс. Жүруі тиіс процесс. Шекаралас аймақтарда осындай мегаполюстердің болуы ол күттірмейтін мәселе. Алдағы 10 жылда ол мәселе жүзеге асуы керек. Ол үшін еңбек күші де, материалдық көмек те аянбауы керек. Өйткені ол жерде, қазақтардың санының өсуімен қатар қазақылану процесі де жүре бермек.

Түркістан облысына осындай статус берілуінің тағы бір себебі демография мәселесі. Оңтүстік Қазақстан өңірі адамдарының барлығы дерлік белсенді адамдар қатарында. Қай сала болмасын. Мегаполюс атағының берілуі ол адам санына ғана емес, жұмысқа қабілетті, бәсекеге қабілетті адам санына да тікелей байланысты дүние. Бизнес элитасының көптігі, жеміс-жидек, жер өңдеу кәсібіне бейім негізгі жұмыс күшін, негізгі капиталды құрап отырғандықтан ол жерге осындай үлкен статус берілді.

Бұл болашақта Қазақстанды «бағатын» қала болып кетуі де мүмкін. Бұған жету үшін басқа өңірлерге көбею керек. Ширау керек. Түркістан өз бағасын ала білді.

Асылтай Тасболат: «Мұстафа Шоқай Түркістан мұхтарияты дегенде осы географиялық өңірлік аймақтық атауды негізге алған»

Түркістан облысы деп аталуы Советтер кезіндегі тарихи сананы жаныштау саясатының, яғни тұтас түрік халықтарына мәдени, ұлттық һәм өркениеттік өзек қызметін атқарған георграфиялық атауды халық жадынан аластап, оны әкімшілік аудан деңгейіне дейін аясын тарылтқан саясаттың салдарынан арылу ісі мен үшін.

Тіпті Патшалық Ресей тұсында әкімшілік-территориялық басқару тәсілінде Түркістан генерал-губернаторлығы аталып келген Орта Азиядағы түрік халықтарының «жерұйығы» саналатын географиялық атауды халық жадынан

өшіру саясаты. Облыс орталығы (уалаят) шартты атау болып, Түркістан брендін енді Түрік халықтарының интеграциясына және ішкі-сыртқы туризмге тиімді пайдаланған дұрыс. Мұстафа Шоқай Түркістан мұхтарияты дегенде осы географиялық өңірлік аймақтық атауды негізге алғаны және бар.

250 млн-ға жуық түрік халықтары туризм үшін салмақты цифра.

Осы әлеуетті пайдалану керек деп ойлаймын. Неше түрлі фестивальдар, көкпар секілді түрік халықтарына ортақ спорт түрлерін, Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауидің дүрбесін зиярат жасауды насихаттау керек. Екінші Мекке, Ахмад Сәни (Екінші Ахмет) түрік халықтарының діни-рухани жадында бар ұғым. Мұны қажылық секілді діни парыз ретінде емес, мәдени қалыпта насихаттау, туризмге серпін беруі тиіс.

Осыған сай инфраструктура, әуежай салу маңызды. Түркиядағы Мәулана Румидің зиярат орны сияқты мысалы. Шеб-и арус секілді туған күнін Европа мен Азияның яғни төрткүл дүниеден келіп тамашалайды. Сол сияқты дүниелерді қайта реставрациялау қажет. Оған әлеуеті жететін Ясауи ілімін зерттеуші академиялық сала мамандары бар. Түріктерден Түркиядан тәжірибе алуға болады.

Әбдіуақап Қара, Тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры: «Түркістан — түркілердің екі дүниедегі орталығы»

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев маңызды бір шешімге 2018 жылдың 19 маусымында қол қойды. Ол шешім Оңтүстік Қазақстан облысының атын Түркістан облысы деп деп өзгертіп, оның орталығын Шымкенттен Түркістан қаласына көшірді. Бұл тек Қазақстан тұрғысынан емес, сонымен қатар Орталық Азия, тіпті Түркі дүниесі тұрғысынан маңызды тарихи шешім. Өйткені, мұнымен, бір кезде бүкіл Орталық Азияға үстемдік жасағысы келетін бөғде күштердің ұмыттыруға күш жұмсаған Түркістанның есімі тарих сахнасына қайта оралды.

Сан ғасырлардан бері Түркістан қаласы түркі дүниесінің руханият ордасы болып келген. Мұнда Үрімші қаласынан Ыстамбұлға дейін бүкіл түркілердің рухани жетекшісі Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың және оның ұстазы Арслан Бабтың кесенесінің болуы бекер емес. «Мадинада Мұхаммед, Түркістанда Ходжа Ахмет» деген сөз мұның маңыздылығын айғақтайды. Осы себепті Түркістан қаласы бүкіл түркілердің қасиетті орындарының бірі болып саналады. Қазақ хандары қаза тапқаннан кейін Яссауи бабамыздың қасына жерленген. Кейде суық қыста ұзақ қашықтықта қаза тапқан хандардың жаназалары қыста уақытша жерленіп көктемде Түркістанға әкелінгені де болған.

Түркі дүниесінде осындай маңызға ие болған Түркістан атауын Кеңес билеушілері ұмыттыруға тырысты. Аймақтағы түркілердің басын қосушы Түркістан атауы алынып тасталып оның орнына Орталық Азия және Қазақстан

аты таратылды. Осылайша, Түркістанның бауырлас халықтары, атап айтқанда қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен халықтарын бөліп бөлшектеп ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап оңай басқаруға болатын еді.

Сонымен бірге, қасиетті Түркістан қаласы мен Яссауи бабамыздың маңыздылығы азайтылып функциясын жоюға күш жұмсады. Алайда, бұл мақсатқа жол берілмеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаланың рухани күшін қалпына келтіру барысында алғашқы қадамды Түркияның көрнекті президенті Тұрғыт Өзалмен ақыл қосып сонда Қожа Ахмет Ясауи халықаралық қазақ-түрік ортақ университетінің бой көтеруіне мұрындық болды. Міне бұл Түркістан қаласының түркі дүниесіндегі маңыздылғын қалпына келтіру барысындағы ең бірінші қадам болды. Осы қадамның мақсатын түсінбеген кейбір ғалымдар мен зиялылар арасында Қожа Ахмет Ясауи халықаралық қазақ-түрік ортақ университетінің сынды ғылыми орталықтың Қазақстанның бас қаласы Астанада немесе Алматы сынды елдің мәдени және коммерциялық қаласында ашылмай, Оңтүстік Қазақстанның түкпіріндегі кішігірім Түркістан шаһарында ашылуы үлкен стратегиялық қателік деушілер соңғы уақытқа дейін болды.

Бұл шешімнің орындылығы аталған университет бой көтерген 1993 жылдан 25 жыл өткеннен кейін енді қана айдай анық ортаға шығып отыр. Осындай көкейкесті шешімнің арқасында Түркістан қаласы тәуелсіздік алған алғашқы күндермен салыстырғанда мәдени орталықтары, қонақ үйлері және даңғыл жолдары болған 262 мың тұрғынымен жоғары деңгейде дамып отыр. Университет сондай-ақ қаланың атына сәйкес миссиясын жүзеге асырып түркі дүниесінің барлық елдерінен студенттер қабылдап оларға жоғары деңгейде білім беріп түркі халықтарының бауырластығы мен ынтымақтастығына ерекше үлес қосып отыр. Түркістан енді маңызды бір орталыққа айналғандықтан, енді оның дамуы одан әрі және жылдамдықпен жалғасады. Оның негізгі кемшіліктерінің бірі болып табылатын халықаралық әуежайдың ашылуымен Түркістан қаласындағы туризмде де үлкен секіріс болады.

Түркістан қаласы және Яссауи кесенесі Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан секілді көрші елдердеде рухани маңызға ие. Осы себептен, қала тек Түркістан облысының ғана емес, сонымен бірге Елбасының “Орталық Азия одағы” идеясы іске асқан уақытта сол одақтың да орталығы болмақ. Сондықтан, бұл шешім осы елдерде де үлкен қуанышпен қарсы алынғанында күмән жоқ.

Түркістанның түркі әлемі үшін маңыздылығын әлемде ең көрнекті түрде қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев айтқан. Оның “Түркістан” деп аталатын ұзын поэмасының алғашқы шумақтары былай деп басталады.

Түркістан — екі дүние есігі ғой,

Түркістан— ер түріктің бесігі ғой.

Енді осы өлең жолдары, Түркістан облысы құрылғаннан кейін ерекше мән мен мағнаға ие отыр. Бұрын Түркістан — екі дүниенің емес, бір дүниенің қана есігі еді. Яссауи бабамыздың кесенесіне байланысты рухани дүниенің есігі еді. Ал енді Елбасының Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыруынан кейін ол материалдық дүниенің, яғни бүгінгі дүниенің де есігі болды. Яғни, Мағжан айтқандай ол енді “екі дүниенің де есігі”. Бұл Елбасының көрегендігі. Бұл Елбасының “рухани жаңғырудағы” елге үлгі боларлық салиқалы қадамы. Бұл мүмкін Мағжанның да бір ғасыр бұрын қиын-қыстау күндерде Түркістанның келешекте “екі дүниенің де есігі” болатынын болжаған сәуегейлігі.

Елбасы 1998 жылы елордасын Алматыдан Ақмола қаласына көшіру арқылы бүкіл дүниені таң қалдырған әдемі Астана қаласын өмірге әкелген еді. Енді осыдан 20 жылдан кейін тағы осындай бір қадам басылды деп ойлаймын. Жақын арада Қазақстанда әлемге таңдай қақтыратын екінші қала бой көтермек. Ол Түркістан қаласы. Екі дүниенің есігі болатын әз қаламыз құтты болсын ағайын.

Қаленова Теңгеш Серикбайқызы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ тарих факултеті деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары, т.ғ.к., доцент: «Бүкіл түркі жұрты үшін саяси және рухани орталық болған Түркістан»

Осыдан 95 жыл бұрынғы: «Түркістан — екі дүние есігі ғой, Түркістан- ер түріктің бесігі ғой»,- деген қазақтың бірегей ақыны Мағжан Жұмабайұлының өлең жолдары Түркістанның қаншалықты тарихи маңызды өңір екендігін нақ айқындайды.

Елбасының қай заманда болсын тек қана қазақ халқына емес, бүкіл түркі жұрты үшін саяси және рухани орталық болған Түркістанға қатысты қабылданған үстіміздегі жылдың 19 маусымындағы Жарлығы тарихи мәнді құжат болып табылады.

Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп қайта атау және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру туралы Мемлекет басшысының шешімі Түркістан өлкесі үшін саяси, әлеуметті-экономикалық, мәдени дамуына үлкен мүмкіндіктер ашатыны еш даусыз.

Әсіресе, киелі өңірде білім мен ғылым саласын дамыту бағытында заманауи талаптарға сай оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтары аса қажет. Болашақта Түркістан қаласында техникалық бағыттағы және туризм саласына қажетті кадрлар даярлайтын мамандықтарға басымдық берілетін аймақтық ұлттық университет ашылуы тиіс.

Сондай-ақ, түркі халықтарының, соның ішінде, қазақ халқының Түркі әлеміндегі орнын тереңнен және кешенді зерттеулермен айналысатын ғылыми-зерттеу институттары және де Қожа Ахмет Яссауи ғылыми зерттеу орталығы құрылса, өңірде Елбасының 2017 жылы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бағамдалған негізгі міндеттер іс жүзіне асырылар еді.

Сұлтан Қазиев




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *