Ли Чольсудың «Күлімдеген әлем» атты көрмесі ашылды

475

4 қазанда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстандағы Корея Республикасы Елшілігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі бірлесіп ұйымдастырған танымал Ли Чольсудың «Күлімдеген әлем» атты көрмесі ашылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Баспасөз бөлімі хабарлайды.

Ли Чольсудың бүкіл әлемге әйгілі графикалық туындылары қазақстандық өнерсүйер қауымға алғаш рет ұсынылып отыр. Бұл — өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап 2017 жыл аралығында салынған 60 графикалық сурет.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейі директорының м. а. Леонид Кочетов: «Біз Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы елшілігімен тығыз байланыста жұмыс жасап келеміз. Өткен жылы Қазақстан мен Корея Республикасының дипломатиялық қарым-қатынасына 25 жыл толуына орай «Корей бейнелері» және «Қазақстан кәрістері» тақырыбында көрмелер ұйымдастырғанбыз. Осы бағытта Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттер аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасын іске қосып, Сеулдегі Корей Ұлттық музейінде көрсетуді жоспарлап отырмыз. Болашақта екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында түрлі мәдени шаралар жалғасын табады», — деді.

Ли Чольсу солтүстік Чхунчхон провинциясында өмір сүрген 30 жылдың ішінде өнермен айналысып, егіншілік саласында еңбек еткен. Қарапайым сызықтармен орындалған әсерлі суреттер, оларға жазылған керемет мәтіндер оның еңбектерінің басты ерекшеліктері болып саналады.

Қазақстандағы Корея Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэ-Сик: «Кореяның танымал шебері Ли Чольсудың өте талантты тұлға. Оның туындылары бейбітшілік, бірлік, тіршіліктегі ортақ үйлесімділікті насихаттайды. Оның шығармашылығындағы басты тақырып – адамның ішкі жан-дүниесі. Ли Чольсу тек сурет салып қана қоймай, өлең де жазады. Оның шығармалары әлемдік деңгейде таныстырылып, көптің көңілінен шыққан болатын. «Күлімдеген әлем» сіздерге де ұнайды деп сенемін», — деді өз сөзінде.

Суретші Ли Чольсудың көрмелері Базель (Швецария, 2016), Сахалин (2017), Сиэтл (2017) қалаларында өтті. Биыл Венгрия, Испания, Германия, Франция және Бельгия сынды елдерді қамтыған еуропалық турненің бір бөлігі ретінде Қазақстанға келді.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *