Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезіне арналған «Руханият тіректері» атты тақырыптық кітап көрмесінің ашылуы

329

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында жақын арада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезіне арналған «Руханият тіректері» атты тақырыптық кітап көрмесінің ашылуы өтті, — деп хабарлайды «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ Жұртшылықпен байланыс қызметі.

Көрменің ашылу рәсімінде Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов сөз сөйледі:

Нұрсұлтан Әбішұлы ХХ – ғасырдың 60-жылдарынан бастап кітап мұхитынан «даналықтың асылдарын» жинады. Елбасының жеке кітапханасының жинақтары – ұлы Тұлға мен көреген Саясаткердің қалыптасу кезеңдерінің жарқын көрінісі. Біз Елбасымыздың маңызды бастамаларын ғылыми және білім бағдарламалары арқылы ғана емес, сондай-ақ көркем және көрмелік жобалар арқылы ілгерілетуді жоғары мақсатымыз деп есептейміз. Елбасымыз дін туралы философиялық ұстанымын қысқа да нұсқа былай білдірген болатын: «Дін қайраткерлері миссияларын жоғары деңгейде жүргізу үшін ең алдымен діннің тариxын білу керек. Жаратушы бір, оған жету жолдары әртүрлі екенін түсінулері керек». Бүгін Сіздер Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу, дінтану, әлем діндерінің негіздері бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің идеяларының туындауы және эволюциялы дамуы туралы тақырыптық кітап топтамаларын тамашалай аласыздар. Әлем діндерінің қасиетті кітаптары, яһудилік, христиандық, мұсылмандық әдеби дәстүрлердегі факсимильді және сирек басылымдарды паш ететін көрмеміз әлемдік өркениеттің байлығы мен сан алуандығын түсіндіріп қана қоймай, көрермендерді осылардың бір бөлігі ретінде сезіндіреді… Руханияттың ортақ тілінде жаһандық қоғамдық диалогты құру ісіндегі Нұрсұлтан Әбішұлының орасан еңбегін танудың нышаны ретінде Қазақстан Президентіне әртүрлі елдер діни конфессиялары басшылары тапсырған қоғамдық марапаттармен көрмеміздің ашылуы кездейсоқтық емес, — деп, атап өтті Әмірхан Мұратбекұлы.

Дін мәселесі – күрделі мәселе. Діни адамдардың бір-бірімен келісе білуі қиын, олардың басын біріктіретін бір тылсым күш керек. Сондай күш — Елбасымыздың халықаралық деңгейдегі бастамасы арқылы Қазақ елінде орнықты. Адамдар жаратқанға бастайтын жолды жаңылыспай тапқанда ғана,көптеген қақтығыстар, түсінбеушіліктер, неше түрлі келеңсіз жағдайларға жол берілмейді. Қазақ елінің кемеңгер басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осындай істің басында болып, биыл алтыншы рет Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өткізбекші. Бүгінгі көрменің тағылымы мол, көрген адам ой түйеді, — деді көрменің ашылу рәсімінде сөз алған мемлекет қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Ғарифолла Есім.

Әрбір үш жыл сайын Астанамызда аса ықпалды дін өкілдерінің басын қосып, халықаралық деңгейде бірлескен шешімдерді қабылдауды талап ететін мәселелерді күн тәртібіне шығаратын әлемде теңдесі жоқ бірегей форум болып табылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің тарихы бойынша ауқымды дереккөздер кешені Елбасы кітапханасында жинақталған. Елбасы кітапханасының жинағында рухани мәдениеттің шынайы раритеттерін қамтитын кітаптар топтамасы ерекше орын алады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер, философиялық ілімдер мен тәжірибелер тарихы әлемнің көптеген ғалымдарының қызығушылығын оятады. «Рухани тіректері» көрмесі әлемдік діндердің қасиетті кітаптарын, ғылыми монографияларды, өнер және сәулет тарихтарына арналған еңбектерден тұратын 200-ден астам басылымды ұсынады. Мазмұны және жанр жағынан әрқилы басылымдар діндердің пайда болуы мен даму тарихымен таныстырып қана қоймай, сонымен қатар, уақыт және кеңістік аясында діни дәстүрлердің сабақтастығын да көрсетеді. Ұсынылған ауқымды кітаптар жинағы әрқайсысы «руханият тірегі» болып табылатын әлемдік және дәстүрлі діндер туралы толық мәлімет алуға мүмкіндік береді.

Құрандар коллекциясы Елбасы кітапханасы музей жинағының мақтанышы болып табылады. Бұл жинақтың аса ерекшелігі – көрмеге ұсынылатын кітаптар арасында кітапхананың сирек қорындағы XVIII-XIX ғасырларда шыққан түпнұсқалық басылымдардың болуы. Басылымдардың басым бөлігі Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевқа шет мемлекеттер өкілдерінен дипломатиялық сый ретінде ұсынылған. Әр кітаптың безендірілуі — әлемдік мәдени мұраның ажырамас бөлігі болып табылатын дәстүрлі ислам мәдениетінің қайталанбас бейнелерін қамтитын зергерлік, көркемдік және каллиграфиялық шебер әдіспен өңделген.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *