Жолдау бізге қандай міндет жүктейді?

519

Қазанның 5-інде ҚР Президенті – Елбасы 2018 жылғы кезекті халыққа Жолдауын жасады. Жолдаудың басты ерекшелігі ретінде Жолдауды тыңдауға келген Министрлер кабинетінің бұған дейін атқарып жатқан жұмыстарының  елдегі экономикалық жағдайды серпілткеннің орнына тұралатып жібергенін сынап, әрбір жауапты тұлғаны орнынан тұрғызып, сабақ оқымай келген баладай тұқыртқандығын айтуға болады.

Сонымен, қысқаша қайырғанда Жолдау қандай мәселелерге көңіл аударды?

Педагогтерге ерекше статус берілетін болады

Мұғалімдердің кәсіби мерекесімен сәйкес келген Жолдауда бүкіл ұлттың болашағы балалардың тәрбие бастауы, білім көзі ұстаздарымыздың бүгінгі хал-ахуалы сөз болды. Оларға өз міндеттеріне кірмейтін қоғамдық жұмыстарды мойнына іліп, әкім-қаралардың қол-шоқпарлары немесе жандайшаптары ретінде қарау қалып алып кеткелі қашан?! Мұғалімдерді оңды-солды жұмсайтын әкімдерге енді тоқтау тиым болатын болды. Елбасы «Педагогтердің ерекше статусын» белгілеу қажеттілігіне тоқтала отырып, олардың жалақысын көтеру мәселесіне де арнайы көңіл бөлді. Бұл үшін арнайы заң жобасын дайындау да тапсырылды. Бұл да ұстаздардың мерейін бір көтеріп тастады. Ғылым мен білімді қолдауға ел бюджетінен тағы да 100 миллиард теңге бөлінетін болды. Бұл барлық ІЖӨ-нің 10 пайызы.

Кәсіпкерлікті қолдау

«Егер үстеріңдегі шетелдік киімдерді шешіп алса, барлығың жалаңаш қаласың» деген Елбасы жұрт жаппай қолданатын тауарлардың Қазақстанда өндірілмейтіндігіне назар аудара отырып, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 30 миллиард теңгенің бөлінетіндігін мәлім етті.

Жастар жылы

2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Демек, жастардың мәселесі бүгінде өзекті проблемаға айналып тұрғандығының белгісі бұл. Тек осы мақсатты дұрыс бағытқа бағыттай білу керек.

Жұрт не дейді?

Ерден Қажыбек, филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білім институтының директоры, профессор:

Бүгінгі Жолдау отандық білім беру ісі мен ғылымға мемлекеттік тұрғыда түбегейлі игі өзгерістер енгізетіндігімен ерекшеленеді. Ұстаз мәртебесін көтеру — білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілін, сапасын арттырары сөзсіз, ғылымға бюджеттік қаржыландыруды едәуір ұлғайту — болашақ үшін аса маңызды, дер кезінде жасалған қадам. Инновациялық жаңалықтарды қолданумен шектелетін мемлекет — оларды тудыратын елден ешқашан оза алмай, әрдайым артта қалып отыратыны белгілі. Алға суырылып шығу үшін ұлттық ғылымды дамыту, оған барынша қолдау көрсету қажет. Міне, бүгінгі жолдаудың, меніңше, орасан зор мәні осында жатыр. «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі» деп ұлы Абай айтқандай, Елбасының бүгінгі Жолдауы зиялы қауым көңіліне нық сенім ұялатады. Ғылымын, ғалымдарын дәріптеген жұрт қана тариx саxнасының төрінен берік орын алады.

 

Қуандық Шамақайұлы, филология ғылымдарының кандидаты, Журналистика доценті

Жолдауда мемлекеттік мекемелерге қатты сын айтылды. Бір бөлімде он адам жұмыс істесе, үшеуі ғана қимылдайтынын, өзгелері солардың арқасында күн көріп жүрген масылдар екенін қадап айтты. Бұл ірі аппараттар мен министрліктерге ғана қатысты емес. Әкімдіктерден бастап, үкіметтік бюджеттен қаржыландырылып отырған үлкенді-кішілі барлық мәдени мекемелерге ортақ шынайы үрдіс. Әсіресе, түрлі деңгейдегі музейлерде, орталықтарда, басқармаларда әдеттегі көрініске айналған шындық. Бірақ, жоғары мінберден айтылған бұл сынның орындала қоюы екіталай. Ештеңе тындырмаса да, азаннан ақшамға дейін сарылып текке отыратындар, үкіметтік мекемеге шәйнектері мен қазандарын, ыдыс-аяқтарына шейін әкеліп алып, тамақтанып отыратын ұжымдарды да жиі көріп жүрміз. Оны Елбасы біледі екен, бүгін айтып та қалды. Алайда, жағдайдың еш өзгермейтін себебі, үкіметтен қаржы алып отырған бюджеттік мекемелерде қызмет ететін көп қызметкерлер кім басқарса, соның жақын туыстарынан құралады. Жұмыстың ауыр жүгін арқалату үшін бірлі-жарым мамандарды алады, бар жұмысты соларға арқалатып қояды. Шыдаса осы. Төзбесе, жұмыстан қуып шығара салады. Өстіп біз салық төлеп, жоғарыда, ортада, төменгі сатыда да қаптаған масылдар мен арамтамақтарды асырап отырмыз. Қазіргі қоғамдық-саяси жүйе осындай жағдайға елді өздері әкелген. Оны айтқандары ғана болмаса, өздері реттей алмайды. Ол үшін түбегейлі жаппай өзгереіске әкелетін демократиялық шынайы реформа керек. Ондай реформаны жасауға қазіргі өкімет қауқарсыз.

Дәулеткерей Кәпұлы, ақын, ҚР еңбегі сіңген қайраткер, Гумилев атындағы Еурази университетінің оқытушысы: 

Биылғы Елбасы жолдауындағы көкейіме қонған тұстар осылар болды. Әрине, ел бесігін түзетуде, ұрпақты түлетуде Ұстаз мәртебесінің биіктегені құптарлық іс. Ауыл-аймаққа биліктің оң көзбен қарауы әуелден қажет еді. Әсіресе, шекаралық аймақтардан, ескі елдімекендерден ел көшпесе екен. Шекара шебіндегі аудандар қайта құрылып, тікенек торларға тіреліп отыратын ауылдар көбеюі өте кезек күттірмейтін шараға айналуы керек! Осы жолдаудағы «Ауыл — ел бесігі» жобасы әкімшіліктерге тапсырылды. Облыс, аудан тізгінін ұстағандар осы жобаны тік көтеріп әкетуі керек деп ойлаймын. Ертедегі Қабдеш Жұмаділов көкем жазатын «Қызыл сызық» дейтін өлең де осы шекара жайлы еді ғой. Елбасы жолдауының арқасында «қызыл сызыққа» дейін тіреліп қонатын қызырлы ауылдарымыздың көсегесі көгереді деген сенімдемін!

Есен Елеукен, тележүргізуші: 

 

Елбасы Н.Назарбаевтың жолдауын тыңдадық. Жылдағыдан өзгеше. Елбасы Жолдауды оқып, оны түсіндіріп қана қоймай бұған дейінгі атқарылған жұмыстарды, берілген тапсырмалардың қалай орындалып жатқанын министрлерден бастап әкімдерге дейін тік тұрғызып, бүге-шігесіне дейін сұрады. Жиын осысымен де ерекше болды. Жолдаудағы нақты тапсырмалардың халықтың әл-ауқатын көтеруге, елдегі нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталып отырғаны қуантты. Ұстаздардың мәртебесін арттыру туралы Заң қабылданады. Демек енді ұстаздар қауымына деген көзқарас өзгереді. Олар «қолбала» тірліктен құтылып тек бар күш-жігерлерін ұрпақ тәрбиелеуге арнайды. Қуанарлық жағдай. Сондай ақ, дәрігерлердің жалақысын көтеру жөніндегі айтылған пікір де өте орынды. Полиция мен сот қызметін жетілдіру қажет. Бірінші кезекте адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету деп сіз бен біздің ұйқымыз тыныш болуын да баса айтты. Жолдауда ауыл да ұмыт қалмады. Елбасы «Ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға да кірісуіміз қажет» — деді. Бұйырса енді «Ауыл — ел бесігі» атты жоба жүзеге асады. Тағы бір жаңалық Елбасы келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл біз үшін аса қуантарлық жаңалық.

Есен Байнұр. 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *