Қазақстан, Моңғолия және Қытай жеріндегі қазақтар «Алатауда» ән салды (ФОТО,ВИДЕО)

481

Елбасы Н.Ә.Назарбаев шеттегі қандастарымызды қолдап, атамекенге оралуға шақырған болатын. Ал қазіргі таңда миллионға жуық қандасымыз Отанымызға ат басын бұрды.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да Президент қандастарымызға қолдау білдірген. Осы орайда Алматының Алатау дәстүрлі өнер театрында Қазақстан, Моңғолия  және Қытай елдерінде кіндік қаны тамқан өнерпаздар бірігіп, «Ән сүйер қазақ даласы» атты ән кешін өткізді.

Еларалық достықты, мәдени байланысты нығайту, ұлттық өнерімізді, дәстүрлі әндерді насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға Алматыдағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының филиалы жанынан құрылған «Асыл Отан» мәдениет және бизнес орталығы мұрындық болған.

-Қандастарымыздың көбі Отанынан алам деп емес, Отанына берем деп келеді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, руханиятқа, мәдениетімізге теңізге құйған тамшыдай болсын  үлес болсын деген мақсатпен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мұрындық болып, осындай кеш ұйымдастырылды. Мұндай кеш жер-жердегі қазақтарды бір шаңырақ астына жиып, өнерін көрсету алғашқы атқарылған игі шаралардың бірі болып отыр, — деді ұйымдастырушылардың бірі Тұрсынбек Кешубай.

Аталмыш кеште Қанат, Айткүл Құдайбергендер, Өктем Алтаев, Сәулежан Тақзия, Айнұр Қажымолла, Даму Омарғазыұлы, Шаба Әденқұл, Сәния Ерзат, Мақсат Базарбай, Қажымұрат Шешенқұл сынды өнер иелері ән салды.

-Дәстүрлі әндер демей-ақ, мұны қазақтың классикалық өнері деп айтуымызға болады. Бұл классика. Қазіргі шоу бизнес, той бизнестің заманында біздің дәстүрлі әндерімізді сақтап қалуымыз керек. Біз дәстүрлі өнер иелері белгілі бір мекемелерде қызмет етіп, айлық алып, еңбек сіңіріп жүрміз. Тойда немесе жалаңаштанып арзан бейнебаян түсіріп кеткеніміз жоқ. Бүгінгі кештің ерекшелігі осы, бар қазақтың баласы қазақтың даласын әнмен тербейді, — дейді Қанат, Айткүл Құдайбергендер.

Ал белгілі әнші Өктем Алтаев  дәстүрлі өнердің ішінде қазақтың өзі екенін айтып, мұның дұрыс дәріптелуін қадағалау керектігін айтты.

-Дәстүрлі әндерде қазақ халқының тарихы жатыр, қазақ халқының болмысы, мінезі бәрі осы дәстүрлі өнердің ішінде. Дәстүрлі әншілерді көбірек дәріптесе екен дейміз. Соның арқасында ХХІ ғасырдағы өскелең ұрпақты тәрбиелей аламыз. Осы дәстүрлі әндер арқылы қазақтың тарихын біледі, болашағына сеніп өседі. Сондықтан бүгінгідей кештердің маңызы зор деп білемін, — деді әнші Өктем Алтаев.

Осылайша Алматының алатауын әнмен тербеген дәстүрлі өнердің кеші жоғары деңгейде өтті. Ал ұйымдастырушылар осындай игі шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Алматы қаласының әкімдщігіне алғыс білдірді.

Авторы: Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Фото авторы: Азамат ҚҰСАЙЫНОВ

Видеограф: Алихан ЖАНАРБЕК

­




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *