Ұстаз – ұлы тұлға

205

2018 жылдың қазан айының 5-і күні Түркістан облысы Мақтаарал ауданында Мұғалімдер күні мерекесіне орай «Ұстаз – ұлы тұлға» атты шара өтті. Аудан орталығындағы №120 жалпы орта мектебінің акт залында өткен салтанатты жиынға аудан басшылары мен ардагерлер, ұстаздар қауымы қатысты.

Тәуелсіз еліміздің ертеңін ойлар білімді де саналы, Отанын, туған жерін, ұлтын сүйетін ұлтжанды, парасатты және рухани жан дүниесі бай азаматты тәрбиелеуде мұғалімнің еңбегі орасан зор екені белгілі. Білім саласы қызметкерлерінің құрметіне орай ұйымдастырылған шараға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков арнайы қатысып, айтулы мерекемен ұстаздарды құттықтады. Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаттары Бауыржан Адилов, Берік Шампиев, Әділхан Асауовтар қатысып, ұлағатты ұстаздарға құттықтау тілектерін жеткізді. Мақтаарал ауданының білім бөлімінің басшысы Серік Төребеков білім саласында тынбай қызмет етіп келе жатқан ұлағатты ұстаздарды құттықтады. Аудандық ата-аналар комиетінің төрағасы Сейткерім Мелдеханов пен аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Шахзада Құрманбаевалар да осы іс-шараға қатысып, ата-аналар тарапынан білім беруші ұстаздарға деген құрметтерін білдірді.

Ұстаздардың төл мерекесінде болашақ ұрпақты тәрбиелеу ісінде жемісті еңбек етіп келе жатқан бір топ мұғалімдер ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің Құрмет грамотасымен, облыстық білім басқармасының Алғыс хаттарымен, аудан әкімінің және аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Ардагер ұстаздарға аудандық кәсіподақ комитеті тарапынан гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Мұғалімдер күні жалпы білім саласындағы қызметкерлерге, осы жолда жемісті еңбек еткен ардагерлерге, сондай-ақ білім беру саласындағы жалпы қызметкердерді бүгінгі кәсіби төл мерекелерімен құттықтаған Мақтаарал ауданы кәсіподақ комитетінің төрағасы Алданияз Жолдасов өзінің алғысының риясыз екенін білдірді. Мерекелік жиында мектептердің өнерлі оқушылары концерттік бағдарламаларын қойып, ұстаздарға деген құрметтерін көрсетті.

Салтанатты жиынның мерекелік іс-шарасынан соң Мақтаарал аудандық кәсіподақ кеңесінің ұйымдастыруымен ардагер ұстаздарға дастархан жайылды.

Әуесханов Серік Елемесұлы

«Оңтүстік Қазақстан облысының Кәсіподақтар Орталығы»

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *