Түркістан облысында Елбасы Жолдауын талқылауға қатысты жиын өтті

185

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы бойынша Түркістан облысында мәжіліс өтті. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жиынның ашылу барысында сөйлеген сөзінде негізгі алты бағыттан тұратын саяси құжатқа тоқталып,  әрбір міндеттерді Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстармен байланыстыра отырып баяндады.

«Елбасымыздың Түркістанға айырықшы көңіл бөліп, Асанаға көшудің 20 жылдығынан кейін тағы да республикамыздағы бір облысты, қаланы күшейтіп, ірілендірудегі үлкен жоспары бар. Түркістан бірнеше ғасырлар қазақ хандығының орталығы болған. Түркістан бүкіл түркі дүниесіне ортақ рухани-мәдени орталық болып қалуы керек. Сондықтан да, біздің міндетіміз үлкен, яғни талап жоғары және халықаралық деңгейде болуымыз қажет», деді өңір басшысы.  

Жансейіт Қансейітұлы Елбасы Жолдауында атап көрсетілген мәселелердің тиісті деңгейде БАҚ-та халыққа кеңінен насихатталуын облыстық ішкі саясат басқармасына тапсырды. Сондай-ақ, облыстық білім, отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармалары мен аудан, қала әкімдіктеріне, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалына да түсіндірілу жұмыстарын жүргізуді жүктеді.

Жиында, сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен білім, денсаулық сақтау, ішкі істер және басқа да сала мамандары үшін жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін шешу жолдарын қарастыру және нақты ұсыныс енгізу мәселелері тапсырылды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *