Ғарифолла Есім: Жастарға керегі білім, жұмыс, баспана

312

2018 жылғы 6 қазанда ҚР Ұлттық музейінде Президент Н.Ə. Назарбаевтың халыққа арналған «Қазақстандықтардың əл-ауқатының өсуі: тұрмыс пен табыс сапасын арттыру» кезекті жолдауына орай дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Баспасөз бөлімі хабарлайды.

Аталған шараға ҚР Ұлттық музейі директорының м.а. Леонид Кочетов, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім, ҚР Еңбек сіңірген мəдениет қайраткері Жанғали Жүзбай, Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері Жабай Қалиев жəне музей қызметкерлері қатысты. Дөңгелек үстелге қатысқан қауым қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттырып, халықтың əлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған жолдау туралы кеңінен əңгіме өрбітіп, өз пікірлерін ортаға салды.

Жиын барысында сөз алған Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Леонид Кочетов: «Жасыратыны жоқ, әлемде болып жатқан жағдайлар, сәт сайын құбылып жатқан жаһандық саясат ел көңіліне алаң кіргізгені рас. Жұрт осының бәріне Елбасынан жауап күтті. Әрбір мәселе бойынша нақты жауапты адамдармен диалог құрып, орындалу барысы жайлы жан-жақты талдау жасаған мемлекет басшысының әрбір сөзі қазақстандықтардың бойына сенім ұялатты. Ұстаз мәртебесінің артуы, жалықының өсуі, жастарға деген мемлекеттік қамқорлық – осының бәрі көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе еді. Бұл Жолдау – Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының заңды жалғасы» – деді.

Философия ғылымдарының докторы, абайтанушы, ғалым Ғарифолла Есім: «Біз бұрын ЖІӨ-нің 1-1,5 пайызын білім-ғылымға бөлуге күш салдық. Және соған қол жеткізе алмадық. Ал осы жолдауында Президент ЖІӨ-нің 10 пайызын білім-ғылымға бөлу керек деді. енді сол бөлінетін қаржыны дұрыс жұмсауымыз керек. Себебі ЖІӨ-нің 10 пайызы деген ол қыруар қаржы. Салыстырмалы түрдде айтатын болсақ Ұлыбританияда ЖІӨ-нің 1.3 пайызы, Данияда – 1.9, Ирландияда – 1.6, АҚШ-та – 2.6 пайызы ғылымға жұмсалады. Ғылым мен білімге дәл осылай көңіл бөлінетін болса біз дамыған елдердің қатарына қосыла аламыз» – деді. Жолдауда аталып өткен 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялау туралы Президент сөзін қолдайтынын айтқан Ғарифолла Есім «Жастарға керегі үш-ақ нәрсе: білім, жұмыс және баспана» – деп ойын түйіндеді.

Жиналған қауым бағдары бөлек, бағыты айқын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауына қолдау білдіріп, өзекті мəселелер ұтымды шешімін тауып, алдағы уақытта ел игілігі үшін оң өзгерістер болатынына сенім білдірді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *