Асанәлі Әшімов шәкірттері театр құрды (ФОТО)

1790

КСРО-ның Халық артисі, ҚР Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің шәкірттерінен құралған театрдың тұсаукесер рәсімі  өтті.  Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Театр өнері» факультеті, Асанәлі Әшімов шеберханасында 2014-2018  жылдары білім алған биылғы 36 жас түлек өнер ұжымына  айналды.

Жас ұжымның тұсауы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Қарагөз» трагедиясымен кесілді. Елбасының Жолдауында  2019 жылы  Жастар жылы деп ұсынылған тілге тиек еткен театр директоры  Асхат Маемиров жастарға жарқын болашақ тіледі.

Мұхтар Әуезовтің пьесасы бойынша «Қарагөз» спектаклін қоя отырып, жас ұжым тұпнұсқа мәтіннің көркемдігін, тереңдігін сақтай отырып, жаңаша көзқараспен беруге тырысқан. Классикалық туындыға батыл қадам жасай білген жастардың бірінші ұстаздары – Асанәлі Әшімов, екіншісі  – режиссер Талғат Кубеков.

–«Қарагөздің» өзі екі-үш актілі болады,  соны  жинақтап беруге тырыстық. Актер сахнаға шыққан сайын, көбірек дайындық жасаған сайын шыңдалады, өседі.  Бұл үлкен  жұмыс деп ойлаймын. Одан шындық, талант, дарынды  көре білу керек. Бір группаны бір труппаға айналдырдық. Актер болу  оңай емес, оның жолы өте ауыр. Бұл жастар соны  біліп, түсініп,  сезініп  келіп отыр, – деді Асанәлі Әшімов.

Әр  түрлі жанрдағы үш қойылымның да қоюшы режиссері Асанәлі Әшімов  пен Талғат Кубеков, балетмейстер Гюльназ Бахарова.

Айта  кетейік, бүгін дәл осы  сахнада «Арыстандар патшалығы» («Король Лев», аударған  С.Өтешов, музыкалық драмасы  И.Миччи)  спектаклі қойылса,  ертең 11 қазанда «Соңғы қоңырау» поэтикалық  драмасы ұсынылады.

Авторы: Ақбота  МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Фото авторы: Азамат  ҚҰСАЙЫНОВ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *