2019 жылы Алматы облысында 26 мектеп бой көтермек

88

Бүгін Талдықорғанда Елбасы Жолдауын талқылауға арналған актив жиыны өтті. Амандық Баталов төрағалық еткен жиынға  Алматы облысының  аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары қатысты.

Қазіргі таңда Алматы облысында 2019 жылы 15 мектептің құрылысын бастау үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, аяқталуға жақын. Амандық Баталов Президент Жолдауынан кейін тағы 11 мектептің құжаттарын әзірлеуді тапсырды.

Облыстағы үш ауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында А. Баталов Алматы  облысы әкімінің бірінші орынбасары Ляззат Тұрлашовқа, құрылыс және білім басқармаларының басшыларына 11 мектептің жобалық-сметалық құжаттарын  дайындауды жүктеді. «Құжат дайындауды жылдамдату керек. Келер жылы біз үш ауысымда білім беретін мектептердің санын азайту үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындап, республикадан қаржы бөліну үшін тезірек өткізуіміз керек. Мәселен, қазір 15 мектептің құжаты дайындалып жатса, оған қосымша тағы 11 мектептің сметасын дайындауды тапсырамын. Бұл мәселе менің тікелей бақылауымда болады. 2019 жылдың бюджетінен жалпы 26 жаңа мектептің  құрылысына қаржы қарастыру үшін жылдам жұмыс істеуіміз керек»,-  деді облыс әкімі. Амандық Баталов бұл жайтты облыстағы демографиялық өсіммен және ішкі миграциялық жағдаймен байланыстырады. Оның сөзінше, Жетісу жерінде жылына 50 мыңнан  аса сәби дүниеге келеді.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *