«Жаһандану жағдайындағы дамудың жаңа бағыттары» атты дөңгелек үстел Елбасы Жолдауына арналды

339

Мемлекет басшысының жаңа Жолдауы өнер Ордасы ұжымында айрықша серпіліс туғызды. Бұл Жолдау бүгінде жоғары білім беру саласында сапалы білімге басымдық танытып отыр. Еліміздің бүгінгі қарқынды дамуы нәтижесінде жастарға жасалып жатқан жақсылықтар біздің жан-жақты білім алуымызға, жан-жақты хабардар болуымызға жол ашып отыр. Мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлықты күні ертең өз еңбегімізбен қайтаруда үлкен жауапкершік жүктелді. Қазіргі ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Аталмыш құжат болашақта мәдениет және өнер саласында жоғары білім беру және ғылыми әлеуетін дамытудың жаңа міндеттері мен бағыттарын айқындайтын болмақ. Осы орайда, 2018 жылдың 9 қазан күні Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы және «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалымен бірлескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5-ші қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының шеңберінде «Жаһандану жағдайындағы дамудың жаңа бағыттары» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынның мақсаты – жаһандану жағдайындағы қоғамның рухани және зияткерлік дамуы, құндылықтар мәселесі, қазіргі білім беру мен тәрбие, жаңа бағыттардың дамуы және оны іске асыру жолдарының шешуші факторларын талқылау. Шараға «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалы өкілдері, Академияның профессор-оқытушы құрамы және еліміздің шығармашылық элита өкілдері мен жетекші ғалымдары қатысты.

Дөңгелек үстелді жүргізуші модератор Т.Қ. Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының ректоры міндетін атқарушы, саяси ғылымдардың докторы, профессор Шәріпбек Әмірбеков жаңа Жолдаудың ел өміріндегі маңыздылығына тоқталып, жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындаудың негізгі басымдығы бойынша жан-жақты толық мәлімет жасады. Ол өз сөзінде: «Жолдау өнер саласында бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеумен айналысатын біздің ұжымның профессор-оқытушы қауымына да үлкен серпіліс беруде. ХХІ ғасыр бәсекеге қабілетті мамандардың заманы деп білетін өнер ұжымы үшін Жолдаудың ІІ тармағындағы бесінші басымдығында көрсетілген жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийлері бойынша ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыту мәселелері бүгінгі атқарып отырған жұмысымызға сапа жағынан тың серпіліс береді. Еліміздің баянды болашағы үшін қызмет ету әрқайсымыздың парызымыз! «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді дана халқымыз. Жолдауда көрсетілген маңызды талаптарды Академия

ұжымы мен студенттері болып қолдайтын, ел мерейін үстем ететін жаңа дамудың жаңа бағдары екені даусыз!» – деді.

Дөңгелек үстел отырысы барысында «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Меруерт Мұқанова: «Жолдау жылдағыдай жылдың басында емес, жылдың аяғына қарай жарияланып отыр. Бұл мемлекеттік органдардың келесі жылға арналған Жолдауда берілген тапсырмалармен сәйкестендіріп бекітуіне және тиісті бағдарламалар мен жоспарларды уақытылы қабылдап, жыл соңында қойылған міндеттердің орындалуын нақты бақылауға мүмкіндік береді. Әсіресе, айта кететін болсақ, жастар үшін жасалған тұрғын үй бағдарламасы, бұл жобаға сәйкес 100 шақты жас азамат тұрғын үй алуға қол жеткізді. Келесі жылдың ел ауқымында жастар жылы болып белгіленуі бұл мәселеге тың серпіліс береді деп ойлаймын», — Жолдау мазмұнын баяндап, білім саласы бағытындағы басымдықтарға нақты тоқталып өтті. Отырыс соңында Жолдауда көрсетілген басымдықтар бойынша талқылау жүргізілді. Сондай-ақ, Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері, профессор Есмұқан Обаев, Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері, профессор Бауыржан Байділда және тағы басқа бірқатар өнер саласының өкілдері өз ойларымен бөлісті.

Эльмира Серікбайқызы
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы
Баспасөз қызметі 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *