БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҚТАРЫ АШЫЛДЫ

233

Қиналғанды қанатының астына алып, қамқорлық жасау қазаққа ешқашан жат болған емес. Ата-бабадан үлгі болып қалған бұл үрдіс бүгінгі күні ұрпақтар сабақтастығымен жалғасын тауып келеді. Оның жарқын үлгісі ретінде Түркістан облысының Отырар ауданындағы Қоғам және Аққұм елдімекендерінде ашылған мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы әлеуметтік көмек көрсететін Күндізгі қатынау бөлмелері айтуға болады.
Бұл орталықтың мақсаты — мүгедек балаларды қоғамдық ортаға бейімдеу, адамдармен қарым-қатынас жасап, әлеуметтендіру. Астана қаласының 20 жылдығы мерейлі жылы аясында іске қосылған шағын орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімі Ерлан Айтаханов қатысып, ізгі ниетін білдірді.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық жасау басты назарға алынғаны белгілі. Бұл орталықты ашудағы мақсат – қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, даму деңгейін арттыруға, арнаулы әлеуметтік қызмет сапасының тиімділігін еселеп, мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты ортаға бейімдеу болып табылады. Еліміздің барлық азаматының қоғам үшін ерекше орны бар. Жыл басынан бері аудан көлемінде дәл осындай бірқатар мекемелер іске қосылған болатын. Бүгінгі қолданысқа берілген мекемеде балғын балалар ем алып, түрлі мамандар бақылауында болуымен қатар ата-аналар үшін де тиімді», -деді өңір басшысы.  Аудан әкімі балаларға осындай жағдай жасап,қол ұшын берген  жергілікті кәсіпкерлер мен жаны жомарт, қолы ашық азаматтарға шынайы алғысын білдірді. Орталықтың ашылу салтанатында ауыл тұрғындары атынан қоғамдық Кеңес Жұмашұлы мен Аққұм елдімекенінен Құтышбек Есенғараевтар игі бастаманың басы-қасында жүрген азаматтарға алғыс білдіріп, баталарын берді.

Отырар ауданында биылғы жылы Отырар, Маяқұм, Балтакөл ауылдық округтерінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтар ашылған болатын.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *